Жұмысқа орналастырған бір адам үшін мемлекет 52,5 мың теңгеге дейін төлейді

0
710

Жұмысқа сәтті орналастырылған әрбір адам үшін 35 мың теңгеден 52,5 мың теңгеге дейін төленеді.


Жұмысқа орналастырған бір адам үшін мемлекет 52,5 мың теңгеге дейін төлейді

ERNUR.KZ. Мемлекет жұмысқа орналастыру бойынша аутсорсингтік қызмет көрсетуге ниет білдірген компанияларға және жеке тұлғаларға бір жұмыссыз азамат үшін 35 мыңнан 52,5 мың теңгеге дейін қаржы төлеуге дайын, деп жазады ҚазАқпарат.

«Екі жылдан бері мемлекет жұмыс іздеу және жұмыссыздарды еңбекке орналастыру бойынша аутсорсингтік қызмет көрсететін жеке HR-агенттіктерді тартуда. Жұмысқа сәтті орналастырылған әрбір адам үшін 35 мың теңгеден 52,5 мың теңгеге дейін төленеді. Бірақ көптеген адамдар тіпті, жеке тұлғалар осылай табыс табуға болатынын білмейді. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес аутсорсингтік қызмет көрсетуге қатысатын үміткерлерге бірдей талаптар қойылады. Заңды және жеке тұлғалардың тиісті жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ қажетті материалдық және еңбек ресурстары болуы тиіс. Ал, жеке тұлғалардың тек бір ғана жалдамалы қызметкері және Жеке кәсіпкерлік туралы тіркеуі болса жеткілікті», - дейді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-дан.

Аутсорсинг қатысушылары мемлекеттен бірқатар тиімді ұсыныстар мен артықшылықтарды ала алады:

- мемлекеттік жұмыспен қамту орталығының мамандары жан-жақты қолдау көрсетеді;

- халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздар туралы толық ақпарат береді;

- электронды форматта халықты жұмыспен қамту орталығымен аутсорсинг туралы шартты «Электрондық еңбек биржасында» (www.enbek.kz) жасай алады;

- аутсорсингтік қызмет көрсету аясында жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін кепілді төлем алады;

- «Электрондық еңбек биржасы» порталындағы бос жұмыс орындарын шексіз пайдалана алады.

«Халықты жұмыспен қамту саласында аутсорсингтік қызмет көрсету жаңа бизнесті бастағысы келетіндерге тамаша мүмкіндік. Өйткені қатысу үшін аз қаржы жұмсалады. Шарт бойынша аутсорсингтік қызмет көрсететін агенттік немесе жеке кәсіпкер (ЖК) 30 жұмыс күн ішінде бос жұмыс орнын іздеп табуы керек. Аутсорсинг арқылы жұмысқа орналасқан азаматтар алты айдан кем емес үздіксіз жұмыс істеуі тиіс», - деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Жұмыспен қамту қызметін дамыту департаментінің директоры Ирина Рубашина.

Оның айтуынша, азаматтарды жұмысқа орналастырғаны үшін мемлекет ақы төлеуге кепілдік береді. Тариф көлемі 35 000 теңгеден 52 500 теңге аралығында. Қаржы көлемі жұмыссыздың жұмысқа орналасу қиындығына және оның қала немесе ауылдық жұмыспен қамту орталығында тіркелген орнына байланысты болады.

«Аутсорсингтік қызмет көрсететін компаниялар не жеке тұлғалардың тіркелу орнына ешқандай талаптар қойылмайды. Яғни жеке агенттіктер бірнеше өңірде және аутсорсинг туралы бірнеше келісімшарт бойынша қызмет көрсете алады», – деп толықтырды И. Рубашина.

Аутсорсинг мәселелері бойынша жақын жерде орналасқан халықты жұмыспен қамту орталығына немесе «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ға хабарласуға болады.