Бұл туралы ҚР ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев ОКҚ брифингінде айтып берді.
ERNUR.KZ. Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі жарлыққа сәйкес бизнесті қолдау үшін салықтық шаралар қабылданды, деп хабарлайды Хабар24.
Жыл соңына дейін ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен спорттық нысандар мүлік салығынан босатылады.
Сондай-ақ қоғамдық тамақтану, қонақ үй және туристік қызмет салаларындағы салық төлеушілер мүлік салығынан жыл соңына дейін босатылады.
«Ал жеке практикамен айналысатын тұлғалар, яғни нотариустер, адвокаттар, сот орындаушылары мен медиаторлар 1 қазанға дейін мүлік салығын төлемейді.
Сонымен қатар жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды», - деді М.Такиев.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер де жер салығын төлемейді.
«1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін микро, шағын және орта бизнес субъектілері 29 қызмет түрі бойынша еңбекақы төлеу қорынан салық және басқа міндетті төлемдерден босатылды», - деді ҚР ұлттық экономика вице-министрі.