Пайдалы табиғи өнімдерден дайындалатындықтан халықтық медицинаны ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе құрғақ жөтелге мұндай емдік тәсілдер жақсы көмектеседі. Аталмыш емді қабылдағаннан кейін тамақтың ауырғаны басылып, жеңілдеп қаласыз.
Қара тұрып пен бал
Тұрып – бұрыннан-ақ өзінің емдік қасиетін дәлелдеген көкөністердің бірі. Бұл өсімдікпен дайындалатын рецепттер өте көп. Дегенмен соның біреуіне ғана тоқталып өтейік. Мысалы, сәбіз бен қара тұрып шырынынан бірдей көлемде алып, балмен араластырасыз. Мұндай дәріні әр сағат сайын 1 ас қасықтан қабылдау керек. Бірақ та бұдан да кең танылған қара тұрып мәзірі бар екен. Бұл мәзірде қара тұрыптың ішін қасықпен алып тастап, оған бал немесе қант салып, бір-екі күн қойып қоясыз.
Осы уақыт аралығында тұрыптың барлық шырыны шығып, дәрі де дайын болады. Осылайша дайындалған тұрып пен бал шырынын күніне 3 рет 1 шай қасықтан қабылдайсыз.
Мия тамыры
Мия тамыры да жөтелді жоятын қасиетке ие ең тамаша өсімдіктердің бірі. Ол үшін 1 ас қасық майдаланған мия тамырын алып, оны эмальді ыдысқа салып, 1 стақан су құясыз. Содан соң отқа қойып, қайнату керек. Бір қайнап шыққан соң қайнатпаны оттан алып, 2-2,5 сағат тұндырасыз. Енді осы тұнбаны сүзгіштен өткізіп, тамақтан бұрын 1 ас қасықтан, күніне 4-5 рет қабылдаған дұрыс.
Өгейшөп
Қазіргі таңда бұл өсімдікті көптеген шөптерден дайындаған жиынтықтардан табуға болады. Себебі өгейшөп өте пайдалы өсімдік. Әсіресе өгейшөптің жөтелге қарсы күресе алатын қасиетін айтпасақ болмас. Ендеше дәл осы өсімдіктен жасалатын рецепттерді ұсынамыз.
1-рецепт
Өгейшөп (мат-и-мачеха) жапырағы мен қара ақжелкен (черная бузина) гүлін және тау шөбінен (трава горца птичьего) бірдей көлемде алып, қайнаған суға салып тұндырасыз. 30 минутта тұнба да дайын болады.
Осы тұнбадан күніне ¼ стақаннан тамақтанудан 30 минут бұрын қабылдайсыз. Егер кішкентай балаға беретін болсаңыз, 1-2 ас қасықтан ішкізуге болатынын ұмытпаңыз.
2-рецепт
Екінші мәзірде орман ақжелкені мен медуница өсімдігі, өгейшөп гүлін, қарақұмық гүлінен6:1:1:1 көлемінде алып, жақсылап араластырамыз. Барынша араласқан шөптесін өсімдіктерден 5 ас қасық алып, 1 л қайнаған суға салып, тұндырасыз. Тұнбаны түні бойы қойып, таңертең сүзіп аласыз. Дайын тұнбаны күніне 5-6 реттен қабылдап, жөтелден тезірек айығуға әрекет жасасаңыз болады.
3-рецепт
Бұл мәзірде алдымен өгейшөп, жолжелкен, мия тамырын алып, осы шөптерден 2:2:1 көлемінде өлшеп аласыз да, бір ыдысқа саласыз. Мысалы, өгейшөптен 2 ас қасық алсаңыз, жолжелкеннен де 2 ас қасық, ал мия тамырынан 1 ас қасық салып, барлығын араластырасыз. Осы араласқан шөптердің 1 ас қасығын термосқа салып, қайнаған су құйыңыз да, 15-20 минут тұндырыңыз. 20 минуттан кейін тұнбаны сүзіп, қант немесе бал қосып, жарты стақаннан күніне екі рет қабылдайсыз.
Зімбір тамыры
Зімбір – ең керемет тұмауға қарсы, қабынуға қарсы иммунитетті нығайтатын өсімдіктердің бірі. Бұл өсімдікті де көптеген жөтелге қарсы дәрілерге қосатынын білеміз. Емдік үшін 200 қантқа 1-2 шай қасық үккіштен өткізілген зімбір тамырын қосып, араластырамыз. Осы араласпаға аз ғана су құйып, отқа қойып қыздырады. Жай отта, үнемі қозғай отырып дайындайсыз. Қайнатпа қоюланған кезде оны оттан алып, суыған соң 0,5 шай қасықтан күніне 2-3 рет қабылдауға болады.
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
АСҚАБАҚ шырыны БАУЫРДЫ тазалайды