Нәтижесін бірден байқайсыз
фото: catalog-photo.ru
Көктем мезгілін көпшілік ұната бермейді. Өйткені көптеген аурулардың қозатын мезгілі. Әсіресе мұрын бітеліп, көз жасаурап, түшкіріп аллергия мазалайды. Табиғат аясында серуендеу, басқа қалаға саяхат жасау, бақша ісімен айналысу аллергиясы барларға арман. Десе де, ауруға берілуге болмайды. Аллергия басталысымен-ақ емделу әдісін қолға алу керек. Медицина мамандары «көктемдегі аллергиямен ауыратын адамның өмірі – күнделікті тіршілік үшін күрес» дейді. Шындығында, күресуден жалықпау керек. Жеңу үшін талпыну маңызды. Ол үшін мына қарапайым ғана 10 қадамды басып өтіңіз.
1. Жаяу жүріңіз
Көктемде жаңбыр жиі жауады. Бұл табиғи құбылыс. Сіз жаңбыр жауғаннан кейін бірден үйден шығыңыз. Сонда тыныс алу оңай болады. Өйткені жаңбыр тозаңды басып, оның қайтадан ауаға көтерілуіне жол бермейді. Жер кеуіп кетпесе, сізге келер қауіп жоқ. Қолыңызға қолшатырыңызды ұстаңыз да, 1-2 сағат еш алаңдамай жаяу жүріңіз.
Ал күн шуақты ауа райында серуендеу үшін желсіз күнді таңдаңыз. Желдің екпіні күшті болған сайын тозаң одан әрі тасымалданады. Желді ауа райында тозаң араласқан шаң киіміңізге, теріңізге, шашыңызға түсіп, қолайсыздық тудырады. Мұндай ауа райында ұзақ серуендеуден аулақ болыңыз.
2. Судың айналасында серуендеңіз
Мейлінше ылғалдылығы жоғары жерлерді таңдаңыз. Жағалаумен серуендеңіз, жағажайға барыңыз, көл маңында пикник жоспарлаңыз. Шаң жиналатын жерлерден аулақ болыңыз. Мүмкіндігінше тас жолмен, темір жолдың бойымен, қалалардың орталық көшелерімен, зауыттардың жанынан жүрмеуге тырысыңыз.
3. Ылғалды тазалық жасаңыз
Үйді үнемі сулы сүлгімен сүртіңіз. Күнделікті шаңды сүртіп, еденді жуыңыз, бірақ күшті иісті дезинфекциялау құралдарын қолданбаңыз. Күшті иіс түшкіруді және жөтелуді қоздырады және бронхтың түйілуіне әкеледі. Мүмкіндік болса үйге ауа тазартқышты орнатыңыз.
4. Аллергендерден арылыңыз
Кілемдерді жинап тастаңыз, жұмсақ ойыншықтарды көрінбейтін жерге жасырыңыз. Бұлар қазір сізге керек емес. Кілемдер, ойыншықтар және қалың перделер шаңды ұстап, аллергияның күшеюіне ықпал етеді. Үй жануарлары да сіз үшін қауіпті.
5. Киімді жиі жуыңыз
Серуендеп қайтқан соң дереу үй киімін ауыстырыңыз. Себебі шаң мен тозаң сіздің киіміңізге түседі, салдарынан аллергияны қоздырады. Жуу үшін гипоаллергенді ұнтақты пайдаланыңыз. Хош иісті кондиционерден аулақ болыңыз, оның өткір иісі жағдайыңызды нашарлатуы мүмкін. Жуылған киімді балконда, сыртта кептірмеңіз.
фото: zdorovieinfo.ru
6. Бетіңізді жуыңыз
Бетіңізді, мойныңызды және қолыңызды мүмкіндігінше жиі жуыңыз. Сырттан үйге келгенде міндетті түрде бет-қолыңызды жуыңыз.
7. Мұрынды шайыңыз
Тұзды ерітінділерді қолданыңыз – олар мұрынның шырышты қабығын тазартады, тозаңды кетіреді, тыныс алуды жеңілдетеді. Мұрынды күніне кемінде екі рет – таңертең және ұйықтар алдында шаю керек. Әрбір серуендеуден кейін тұзды ерітінділерді қолданыңыз.
8. Күннен қорғайтын көзілдірік киіңіз
Көздің шырышты қабаты аллергендердің кіру қақпасы болып табылады. Тозаңның өтуіне жол бермеу үшін күннен қорғайтын көзілдірік киіңіз. Бұл аксессуар желді ауа райында, өзіңізді шаңнан қорғау қажет болған кезде де пайдалы.
9. Диета ұстаңыз
Аллергия беретін тағамдарды шектеңіз. Қызыл түсті көкөніс пен жемісті жемеуге әрекеттеніңіз. Жұмыртқаны, балды, жаңғақты да уақытша ұмыта тұрыңыз.
10. Өсімдікке жақындамаңыз
Бақшадағы, ауладағы, үйдегі гүлдерге, енді бүршік жарып келе жатқан ағаштарға жақындамағаныңыз абзал. Себебі бұл өсімдіктің иісі де сіздің аллергияңызды қоздыруы ықтимал.
Міне, осы он қадам сізге аллергиядан құтылуға көмектеседі. Нәтижесін бірден байқамайсыз әрине. Тек төзім мен мұқияттылық керек.
Дереккөз: dzen.ru
Л.АХМЕТОВА,
Тағы оқыңыз:
Тамағыңыз ҚЫЗАРСА мына СҰЙЫҚТЫҚПЕН шайыңыз