«Дүниенің соңына түспедім»
Белгілі әнші Құрмаш Махан баспанасы жоқ екенін, әлі күнге дейін пәтер жалдап тұратынын айтты. Ол биыл 50 жасқа толады екен.
Бұл туралы әнші, сазгер Құрмаш Махан журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты. Әңгіме барысында әнші өміріндегі жаңалықтарымен және қоғамдағы түрлі мәселелерге пікір білдіріп, өз басындағы жағдайларға да тоқталды.
Оның айтуынша, ол әлі күнге баспанаға қол жеткізе алмапты. Мұның себебін ол шығармашылығымен тікелей байланыстырады.
"Әлі үйлі болған жоқпын, баспанам жоқ. Бірақ ол мен үшін мәселе емес. Ең бастысы бақытты адаммын. Мансап, дүние, ақша адамды бақытты қылмайды. Адамды бақытты қылатын басқа нәрсе. Мен дүние жиған жоқпын, жинай алмадым. Менің де керемет виллада тұрғым келеді, жақсы көлікпен жүргім келеді. Бірақ маған ол дүниелер әлі нәсіп болмады. Болашағымнан үміт үзбеймін. Құдай қаласа, болатын шығар. Егер мен дүниені мақсат етіп, соңынан кеткенде шығармашылығым жайына қалар еді. Мен де той қуалап кетер едім", - деді Құрмаш Махан.