​«Алтынымды қолыма қайтарып берді»: Ақын Бақыт Беделхан әйелінің басына түскен жағдайды айтып берді

0
1 035

«Өзім еркек, өзім әйел болуға серт бердім»


​«Алтынымды қолыма қайтарып берді»: Ақын Бақыт Беделхан әйелінің басына түскен жағдайды айтып берді

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханның жұбайы, актриса Айзада Сатыбалдиева осыдан бірнеше жыл бұрын ірі жол апатына түскен болатын. Бақыт Беделхан «Алғашқы» бағдарламасында әйелінің басына түскен ауыр жағдайды алғаш рет баяндап берді.


«Танысқанымызда Айзада 16 жаста еді. 17 жаста арқа-жарқа той өтті. Құдай сондай жүкті көруді бұйыртқан шығар. Құдайға күпірлік жасай алмайсың. Өмірхан дейтін ақсақалдың «...Қолыңдағы алтынды бергенде қуанып, шүкірлік қыласыңдар. Сол алтынды Құдай қайтарып алғанда күшеніп, күпірлік қылмаңдар» деп айтқаны менің миымда жатталып қалған еді. Ендеше, Алтынымды алақаныма қайтадан салып берген Құдайға шүкірлік етпегенде не істеймін? Оның қиындығын қалай көтермеймін? 16 жастан бірге болғасын, бір үйдің адамындай өстік. Ол осы уақытқа дейін ер де болды, әйел де болды. Енді ол ауырып жатқанда, мен де әйел де, ер де болуға тиіспін деп ойладым.


Бұл сынақ кезінде Жазушылар Одағының төрағасының орынбасары едім. Халықпен күнде кездесемін, сұқбат беремін, елдің алдында жүремін. Өзіме де күш, қолдау керек болды. Бірақ, сынбауға уәде бердім. «Әйелі осы жағдайға түскесін, Бақыт осындай болып кетті» демесін деп, Айзадаға сөз тимесін деп жағамды кірлетпедім», - деп ағынан ақтарылды ақын.


Актриса Айзада Сатыбалдиева араға 5 жыл салып өнерге қайта оралыпты.


«Айзаданың басына тиген соққыдан кейін шуды көтермеді. Оған үйде абыр-сабыр болғанды көтере алмайтын. Бақыттың қолынан біраз нәрсе өтті, енді, қалғаны уақыттың қолында. Арада 5 жыл өткенде, спектакльге шықты. Өзі жеке рөл алды. Дәрігерлердің айтуынша, оған тыныштық, таза ауа, жақсы орта керек болды. Соның нәтижесі шығар, жағдайы жаман емес. Жасырып қайтем, менің бөлек тұруыма тура келген кездер де болды. 1-3 ай. Сол кезде қатты қиналдым», – деді Бақыт Беделхан.


Айта кетейік, 2018-жылдың 29-шы желтоқсанында Алматыдағы жантүршікгерлік жол апаты орын алып, үш адам қаза тапты. Қаза болғандардың арасында актриса Шолпан Елгезекова да («Шабдалы» киносына түскен) бар. Жол апатынан тек Айзада Сатыбалдиева аман қалған. Куәгерлердің сөзінше, Gelandewagen көлігі бағдаршамның қызыл жарығына өтіп кетіп, орнынан қозғалған көлікті соққан. Көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен, алайда ол кейін қолға түсіп, тұтқындалған еді.