​«Алып тастау керек!»: Қалдыбек Құрманәлі Әнұраннан Назарбаевтың атын сызып тастауды ұсынды

0
948

«Астананың атын бірнеше рет ауыстырғанда Әнұранның мәселесі түк емес»


​«Алып тастау керек!»: Қалдыбек Құрманәлі Әнұраннан Назарбаевтың атын сызып тастауды ұсынды

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлі еліміздің әнұранына өзгеріс енгізіп, автор болған Нұрсұлтан Назарбаевқа күмәнмен қарайтынын айтты. Өнер иесі бұл жағдайға Назарбаевты қарамағындағы қызметкерлері үгіттеген деп есептейді. Бұл туралы композитор «Ашық подкаст» ютуб каналына берген сұхбатта сөз етті.


«Бұл ән 1956-жылы, 25-қазанда жазылған. Өлеңін небәрі 21 жастағы Жұмекен Нәжімеденов жазған, әнін 26 жастағы Шәмші Қалдаяқов жазған. Оны кейін өзгертілді деп Нұрсұлтан Назарбаевтың атын қосып қойды. Мен бірақ Назарбаевтың жазғанына күмәнмен қараймын. Сол кісінің атынан біреу жазып берген сияқты.


Мынадай мәселе ғой, қазақтың бәрі ақын да, бәрінің өнерге таласы бар. Соны біз көбіне, ауыл әкімінен бастап, облыс, республикалық деңгейдегі басшылар сәл өнерге жақын болса алдына түсіп жалпақтаймыз. Маңайында жүргендер «Ой, сіздің өлеңіңіз күшті ғой, әнді жақсы айтасыз, даусыңыз керемет» деп өзіміз қолпаштайды, қолтығына су бүркиді. Анау соған сеніп қалады. Назарбаевқа да сөйтті деп ойлаймын. Әйтпесе Назарбаевқа сол әннің мәтінін жазғаннан абыройына абырой қосылған жоқ қой. Әлі күнге дейін сынап жатыр.


Сондықтан оны авторлықтан алып тастай салу керек, сөзін баяғы 56-жылғы мәтінге қайтарып, өзгертсін. Онда тұрған не бар, түк те қиын емес. Бұрынғы сөзі керемет қой. Енді мұның бәрі қазіргі Президентке байланысты, мемлекеттік басында отырған депутаттарға байланысты. Халық айтудай-ақ айтып жатыр. Соған кірісу керек. Не қиындығы бар, Астананың атын бірнеше мәрте ауыстырғанда, әнұрандағы авторды сызып тастау түк те қиын емес тірлік. Бәлкім Президенттің бұған уақыты болмай жатқан шығар», - деді Қалдыбек Құрманәлі.


Еске сала кетейік, композитор күні кеше ғана әнші Нұрлан Өнербаевты «Авторлық құқықты бұзып, композиторлардың әндерін өзінің әні сияқты орындайды» деп айыптаған болатын.