​«Мемлекет маған «пох» та бермеді»: Бағлан Әбдірайымов киносына қолдау таппағанын ашына жеткізді

0
1 768

«Проблемамызды ағайынға, бауырға, байға, қатынға жаба саламыз»


​«Мемлекет маған «пох» та бермеді»: Бағлан Әбдірайымов киносына қолдау таппағанын ашына жеткізді

«Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов «ZERO» фильмі үшін мемлекеттен ешқандай қолдау болмағанын айтып шағымданды.


«Кеше бір жиында отырсам, ақтөбелік кәсіпкер жігіт «Мемлекет осы фильмдерің үшін қанша берді? Сен қандай жобасың?» деп сұрап жатыр. Мен күлдім. «Қайдағы проект? Мемлекет маған «пох» та берген жоқ. Мұның бәрін біз өз қаражатымызға, жеке кәсіпкерлердің қаражатына түсірдік. Ел игілігі үшін жасалынып жатқан дүние» десем, басын шайқап, таңғалды. Мен ешкімнің жобасы емеспін! Соны ескерте кетейін», - деді әнші.


Өнер иесі фильм түсіріп бастағанда қолдау сұрап, тиісті мекемелерге хат жазған екен. Алайда ешқандай жауап болмапты.


«Мемлекетке қатысты мәселе, біз қолдау сұрап, хат жаздық. Лудоманиямен күресіп жүргендерді бірігуге шақырдық. Үнімді естіді, хатты алды. Енді қандай және қаншалықты қолдау боларын уақыт көрсетеді. Ал біз алға жылжи береміз.


Қазақтың емес, адамзаттың проблемасын қозғап жіберген секілдіміз. Біз прикол ұстағанды, өсек айтқанды, біреуге күлгенді жақсы көріп барамыз. Бұл – қасірет! Шындыққа тіке қарауға, өз кемшілігімен күресуге зауқымыз (желание) жоқ. Өз басыңдағы проблеманы өкіметке, қоғамға, ағайынға, бауырға, қатынға, байға жаба салатын болғанбыз. Сын айтса баж ете қаламыз. Кеудеміз қаншалықты қуыс болса, кеудемізді соншалықты кереміз», - деп ренішін білдірді Бағлан Әбдірайымов.


Айта кетейік, «Жігіттер» квартетінің әншісі бірнеше жыл құмар ойындарының құрығына түсіп қалып, жиған-терген дүниесінен айырылғанын ашық түрде мойындаған еді. Басынан өткен оқиғасын қағазға түсіріп, «Ақ пен қара» деп аталатын кітап шығарды. Енді сол оқиға негізінде «Zero. Қарыз» атты кино түсірді. Қазір еліміздегі кинотеатрлардан көрсетіліп жатыр.