​«Министр бізді менсінбеді»: Нұржан Төлендиев өнер адамдарына құрмет көрсетілмейтінін айтты

0
1 439

«Олардың беретін гонорарын мен үш-ақ күнде табамын»


​«Министр бізді менсінбеді»: Нұржан Төлендиев өнер адамдарына құрмет көрсетілмейтінін айтты

«Алдараспан» театырының көркемдік жетекшісі, танымал әзілкеш, актер Нұржан Төлендиев «1001 түн» бағдарламасына сұхбат берді. Ол билік тарапынан өнер адамдарына лайықты құрмет көрсетілмейтінін айтты.


«Ұстазым Райымбек Сейтметовтің театрында жұмыс істеген кезім еді.Қалаға бір министр келетін болды. Сол кісіні күтіп алуға бір апта дайындалдық. Алдынан жалау ұстап шығатын болдық, біреуіміз ханның рөліне кірдік. Біреуіміз ақын боп шығамыз. Саған ол жерде ешкім су да, шай да бермейді. Күннің астында күнде, бір апта репетиция болды.


Сонымен, «министр келді» деген кезде бәріміз сақадай сай боп тұрдық. Ал әлгі министр сенің сонша күн дайындалғаныңа қараған да жоқ, «Саламатсыздар ма?» деп жанымыздан өте шықты. Өнер адамын соншалықты төмен деңгейге түсіріп жібергеніңе ішің ашиды. Бізді әлі бағалау кемшін тартып тұр. Әрине, ол кісі өзін солай күтіп алатынымызды білмеген де шығар. Бірақ мына жақтағы басшылар солай боларын біліп тұрса, сонша адамды әуреге салмай бір-ақ кісіні қоя салмай ма?! Адамдардың алтын уақытын ұрлауға олардың қандай қақысы бар», - деді «Алдарасаспан» театрының жетекшісі.


Өнер иесі қазіргі отандық кинотуындылардың сапасына көңілі толмайтынын жеткізді.


«Мен енді кино режиссері емеспін. Бірақ, жалаң, не болса соны айта беретін кинолар көбейіп кетті. Бір көргенге әдемі, күлесің, бірақ шыққан соң не туралы екенін ұмытып қаласың. Кино дегенді халық ұмытпайтындай етіп түсіру керек. «Ана жері ше», «мына жерінде бүйтіп еді, былай деп еді» деп айта жүретіндей болса дейсің.


Осы жақында мені бір киноға шақырды. Әжептеуір касса жинаған кино енді, атын айтпай-ақ қояйын. Айтсам жамандағандай болып қалармын. Сценариі ұнады, бірақ гонорарына келісе алмадық. Жиырма күн түсірілімде жүргеніме беретіндері менің үш күндік табысым екен. Құдай қаласа драма жанрында өзім бір кино түсірсем бе деп жүрмін. Оған қаражат та, қабілет те жетеді. Тек жақсы сценарий керек. Халық разы болатындай дүние жасағым келеді», - деді Нұржан Төлендиев.