Белгілі әнші Нұрболат Абдуллинің жазбасын оқығандар оның жазушылық қабілетіне таң қалды.
Өткен жолы Нұрболат Абдуллиннің Алматыға алғаш келген кезі туралы жазбасын жариялаған едік. Сол жолы көркем тілімен оқырмандарды тәнті еткен әнші бұл жолғы естелігін де адам жүрегін тебірентерліктей етіп жазған. Оның әлеуметтік желідегі жазбасын оқыған оқырмандары «Нұрболат, сенде тек актерлік қасиет емес, жазушылық та бар сияқты. Мен қателескен емеспін, сан қырыңнан таныла бер!», «Кітап оқып отырған сияқтымын», «Тағы да жаза түс, асыға күтеміз» деген сынды жылы жазбаларын жаудыруда.
Әншінің бұл жолғы жазбасы төмендегідей өрбиді.
Нұрболат Абдуллин: «Алматыдағы алғашқы пәтер-2».
"Таңғы ас"(басы алдыңғы постта). Таң бұл жолы басқаша атты. Балам тұра ғой дейтін шеше ауылда. Малды шығар дейтін қатқылдау әке дауысы тек алыстан құлаққа естіліп тұрғандай. Бауырым шай ішейік, сабақтан қаласың ғой дейтін бөлмелес (жатақxанадағы) бауырларды да жік-жігімен өмір сан жаққа жіберді ғой. Сағатқа қарасам 7ден асыпты. Орнымнан тұрып ұйқының иісі шығып тұрмасын деп терезені ашып, одеколономнан бөлмеге сеуіп сәлде болса да xош иіс беріп қойдым. Енді білдей директордың кабинетінде түнеп шығып қоқытып кеткенім жарамас деген ойым ғой. Ішкен-жегеніңді, төсегіңді жинап жүр балам деген үнемі айтып отыратын ана сөзі санамызға сіңіп қалған-ау сірә.
Бөлмеден шықтым, ваxтершы апа емес аға тұр.
-Ассаллаумағалейкум аға!
-Уағалейкуміссәлләм!
-Апа тұрушы еді ғой - дедім.
Жымиып күлді ағам.
-Жаңадан келдің бе?
-Иә!
-Ммм. Апаң ескертіп кеткен сені осында деп. Ол менің кемпірім деді.
«Ооо» дедім, не дерімді білмей.
-Бұл шаhарда пәтер табу оңай емес балам. Бірақ жассың ғой бірдеңесі болар. Оразаңды ашпаған боларсың.
Мына жерде Мұратбаев базары бар. Есіктен шыққанда оңға бұрылып тіке жүре берсең 500 метрдей жерде.
Сол жерде шайxана бар. Ашық қазанда "өзбек палауын"пісіреді.Тамақтары өте арзан, әрі дәмді. Қазір 8-де жұмысын бастайды.
-Ой раxмет аға, әжетқана қай жерде еді.
Былай қарай жүр деп сұқ саусағымен бағыт берді.
Бұл жерде тіпті жатақxанадағыдай да жылы су жоқ.
Мұздай су миға тікелей тиді ме ұйқыны шайдай ашты. Сүртініп алып ағам айтқан базарға бет алдым.
-Сәлеметсізбе!
-Сәлем!
-Бізде тек шай мен омлет қана бар.
Бола берсін дедім."Омлет" дегенді қайдан естіп ем деп ойланып отыра бергенім сол-ақ екен даяшы сұрақ қойып сізге қанша жұмыртқадан жасасын?
-Нені дедім көзім алаң-ғұлаң етіп.
-Даяшы: омлетке ғой.
-Ааа деп,білмегендігімді білдіртпей 6-ау дедім ауылда анама 6-ау деп айтатыным әдет болып қалған-ды.
-Даяшы 6-ау ма деді?
-Иә!
-Даяшы таңғалыс танытып ммм жақсы деді.
Шай мен бір табақ жаңағы алты жұмыртқадан жасалған омлет келді. Сөйтсем мен екі адамның таңғы асын бірден айтыппын ғой.
Мұның құрамына сыр, қызанақ қосылатынын қайдан білейін.
Сөйтіп таңғы асым ысырап болмасын деп екі адамдық омлетті тауысып мектепке қарай жүрдім.
Жалғасы бар...»
Фото: @nurbullin