​Әйелі жас босанған ер-азаматтар да күйзеліске ұшырайды

0
3 262

Босанудан кейінгі күйзеліс тек әйелдерде ғана емес ер азаматтарда да болады.


​Әйелі жас босанған ер-азаматтар да күйзеліске ұшырайды

"Босанғаннан кейін күйзеліске түсіп үйінен кетіп қалыпты, ажырасыпты, баласын тастап кетіпті, ұрып-соғыпты, суицид жасағысы келді" дегенді қазір жиі естиміз. Қазіргі психологтар мұны күйзеліс салдары дейді. Шынында әйелдер мұндай жағдайларға босанғаннан кейін бара ма? Босанғаннан кейінгі күйзеліс деген не? Оның белгілері және одан арылуға бола ма? Күйзеліске түспеу үшін не істеу керек?


Босанудан кейінгі күйзеліске тек гормондар ғана себеп болмайды

Әйел ағзасындағы өзгерістердің көбі гормонның әсерінен деп түсіндіріледі. Ал жүктілік кезінде эстроген мен прогестерон бірнеше есеге ұлғаяды. Босанғаннан кейін үш күн ішінде осы екі гормон бірден төмендеп кетеді. Сонымен бірге 3-5 күн ішінде лактацияға жауап беретін пролактин гормоны қарқынды белең ала бастайды. Гормондардың бірден түсіп, көтерілуі босанудан кейін әлсіреген ағзаға өз әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ дәл осы гормондардың өзгерісі күйзелістің толық себебі деп айту дұрыс емес. Егер бұлай болатын болса әйелдердің барлығы дерлік күйзеліске түсіп кетер еді.


Босанғаннан кейін әйел ашуланшақ болып кетеді деп ойлау - қателік

Босану - кез келген әйел үшін өміріндегі маңызды сәттің бірі. Соған сәйкес айналасындағы жандардың бәрі осы маңызды сәтті өзі секілді сезінгенін қалайды. Бұл қалыпты жағдай. Егер әйел осы жағдайды көре алмаса, онда ағзада «менің қиналғанымды жақындарым бағаламады» деген бағдарламаны іске қосады. Сөйтіп өзіне назар аударту механизімі іске кіріседі.

Егер әйелге айналасындағы, үй ішіндегі жандар алғысын білдірсе, онда ешқандай күйзеліс те болмайды. «Бар әйелдің басынан өтетін жағдай», «мұнда тұрған ештеңе жоқ» - деген секілді сөздерді жаңа босанған әйел өзіне жақын қабылдайды. Көңіл бөлудің аздығы босанудан кейінгі күйзеліске себеп болуы мүмкін.

Ең бастысы бұл үшін әйел кінәлі емес. Оны босанғаннан кейін ашуланшақ болып кетті деп ойлау қателік. Оған тек қажетті деңгейде көңіл бөлінбей қалады.

Сондай-ақ босанғаннан кейін жыныс гармондарымен қатар, қалқанша безі гормоны деңгейі де өзгеріске ұшырайды. Бұл әлсіздік, селқостық, шаршауға алып келеді. Бұған қосымша қанайналым көлемі өзгереді, қанқысымы төмендейді. Ал ол әлсіздік тудырады. Мұның барлығы қосылып босанудан кейінгі әлсіздікке ұшыратады.


Көп әйелдер күйзелісті жасыруға тырысады

Себебі ол жерде уайымнан бөлек баладан безіну бар. Егер әйел күйеуіне «мен шаршадым» деп оңай айта алса, балаға қарағым келмейді деп айта алмайды, жолдасының реакциясынан қорқады. Бірақ жағымсыз сезімдер жинала береді. Сөйтіп бір күні "жарылады". Ол әлеуметтік желідегі ашық пост болуы мүмкін немесе үнсіз үйден кетіп қалу, тағы басқа жағдайлар.

Күйзеліс кезінде әйел үй ішінде бәрі жақсы секілді рөл ойнайды. Ішіндегі бар жағымсыз әсерді жасырын әлеуметтік желідегі пікіріне жазады немесе тығылып жылап алады. Мұны жолдасы немесе айналасындағы жандар білген болса да түсіністікпен қарауға тырысу керек. Әйелдің ішіндегі жағымсыз әсерлердің жиналмай, шығып тұрғаны жөн.


Босанудан кейінгі үшінші тәулік өте маңызды

Босанудан кейінгі күйзеліс әйелге байланысты емес. Көп жағдайда әйелдегі күйзелісті жақындарына жасалатын айла деп қабылдайтындар бар.

Босанған әйелдің жолдасы үшінші тәуліктің маңызды екенін білуі керек. Дәл осы уақытта гормондар ең жоғары биіктен бірден төмен құлдырайды. Бұл алғашқы толқын. Бұл күні әйелде аумалы мінез пайда болады.

Қазір перзентханада дәл осы үшінші тәулікте әйелдерді үйге шығарады. Мамандар мұның күйзеліске қарсы пайдасы барын айтады. Гүл, шарлар, баланы әдемі етіп орап шығару, жан-жақтан қошамет. Мұның барлығы әйелдің көңілін көтереді, ойы бөлінеді. Тек бұл күні босануы жақсы өткен жандар ғана шығады. Сондықтан, жоғарыда жазғандай босанудың ауыр немесе жеңіл өтуі күйзеліске себеп бола алады.

Егер босану ауыр өтіп, әйелді үшінші тәулікте үйге шығармаса, онда сол күні жолдасы көңіл-күйін көтеретін бір нәрсе жасауы немесе әперіп жібергені жөн.


Әйелі босанғаннан кейін ер-азаматтарда күйзеліс бола ма?

Босанудан кейінгі күйзеліс тек әйелдерде ғана емес ер азаматтарда да болады. Ер азаматтағы күйзеліс сирек болса да кездесіп жатады.

Өмірге бала келген соң әйелдің тірлігі көбейе түседі. Ер ардам балалы болғанға дейінгі назарды, көңіл бөлуді сезіне алмайды. Әйеліне, баласына ашулана алмайды. Бар өшін жұмыстан алады. Ерте кетіп, кеш келуге тырысады. Сол үшін әйелдер де босанғаннан кейін жолдасының психологиялық жағдайына назар аударғаны жөн.


Босанудан кейінгі күйзеліс баланың болашағына да әсер етеді

Босанудан кейінгі күйзеліс кезінде әйел өмірге қуанышпен қарай алмайды. Тіпті, балалы болғаны үшін қуанып, оған мейірімін төге де алмайды.

Анасы босанудан кейінгі күйзеліске ұшыраған баланың ақыл-ойы кеш жетіледі. Олар интеллектуалды тұрғыда әлсіз болады. Көптеген нәрселерді түсінбейді. Ондай балалар достаса алмайды, адамдармен қарым-қатынасқа түсе алмайды, оқуға зейін қоя алмайды. Мұның себебі анасының күйзелісте жүріп жеткілікті махаббат бере алмауында.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.