Онкологиялық аурулардың алдын алуға болады

0
1 724

Темекіден бас тартсаңыз да бұл аурудың алдын алуыңыз мүмкін.


Онкологиялық аурулардың алдын алуға болады

Қатерлі ісік – өте қауіпті әрі өлімге апаратын аты жаман аурулардың бірі. Егер дәрігерге қаралмай жүріп қалатын болсаңыз, арты жақсылыққа апармайды. Көп адамдар дәл осылай емделуден кеш қалып, мына жарық дүниемен қош айтысып жатыр. Сондықтан да аурудың алдын алған дұрыс.

Қатерлі ісікті дер кезінде анықтау үшін үнемі медициналық диагностикадан өтіп тұру маңызды. Себебі қатерлі ісіктің бірінші, екінші, үшінші сатысы барын ұмытпайық. Бұны айтып отырған себебіміз, қазақстандық ғалымдар қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапты деп Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ресми мәлімдеген болатын. Алайда бұл дәрі қатерлі ісікті бастапқы сатысында ғана емдеуге қауқарлы. Егер онкология бастапқы кезеңінде анықталатын болса, жазылып кетуге мүмкіндік бар деген сөз. Сонымен қатар, қатерлі ісіктен оның алдын алу арқылы сақтана аласыз. Ол үшін не істеу керек?


Темекіден бас тарту керек. Өйткені темекі түтінінде қатерлі ісік жасушаларын оятатын мыңдаған химиялық қоспалар бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, темекі тарту онкологиялық аурулардың пайда болуына 90 пайыз себеп болады екен.

Зиянды ультракүлгін сәулелерден сақтаныңыз. Тікелей түсетін ультракүлгін сәулелер де жасушалардың бұзылысына әкеліп соқтырады. Сондықтан да ультракүлгін сәулелерге қарсы кремдерді пайдаланып, күннің көзінде 12 мен 15 аралығында жүрмеген абзал. Бұл уақыттағы ультракүлгін сәулелер өте қауіпті саналады.

Алкьгольді ішімдік ішпеңіз. Алькоголді ішімдікке салынып, күн сайын сылқия тойып алатындардың ағзасында қатерлі ісік пайда болуы ғажап емес. Тек ішімдік ішіп қана қоймай, оған қоса темекі тартатын болсаңыз, мұндай әдеттер сізді жаман ауруға қарай бір табан жақындатады.

Дұрыс тамақтаныңыз. Көптеген зерттеулерде үнемі қуырылған, майлы, консерванттарға бай, маринадталған тағамдарды тұтынатын жандар да қатерлі ісік ауруына шалдығуы мүмкін екен. Ал, дұрыс тамақтанатын болсаңыз, керісінше ағзаға қажетті минералды заттармен дәрумендер, басқа да пайдалы заттар уақытылы жеткізіліп тұрады.

Психологиялық жағдайдың дұрыс болуы. Адамның көңіл-күйіне байланысты туындайтын аурулар да бар. Мысалы, стресс пен депрессиядан шыға алмайтын жандар соңында қатерлі ісік ауруына шалдыққан боп шығады.

Үнемі аурудың алдын алуға тырысыңыз. Әр адам дәрігердің қабылдауында болып, созылмалы немесе қатерлі ісік ауруларының алдын ала алады. Әсіресе қанында қандай да бір тұқымқуалайтын ауру болса, тіпті, профилактикадан өту міндетті деп айта аламыз. Аурудың алдын алу үшін мынадай медициналық тексерудерден міндетті түрде өтуіңіз керек:

Вакцина егу. Вакцинаның да түрі көп. Дәрігер қай түрін қабылдау керек деп жазып берсе, сол вакцинаны салдыруға міндеттісіз. Осылай сіз аурудың алдын алып, өміріңізді сақтандыра аласыз.

Белсенді өмір сүру салтын ұстану да маңызды. Егер сіз көбіне бір орында отырып жұмыс істейтін болсаңыз, бұл денсаулығыңызға кері әсерін беріп, көптеген қатерлі аурулардың туындауына сеп болуы мүмкін. Сондықтан да белсенді өмір сүру салтын ұстанып, әрдайым қозғалыста болуға тырысыңыз. Дұрыс тамақтануды қолға алып, спортпен шұғылданып, медициналық тексеруден өтіп тұруды әдетке айналдырсаңыз, өміріңізге алаңдамасаңыз да болады.

Әрбір адам қатерлі ісік жайлы ақпаратпен таныс болуы керек. Оның алдын алу шараларын, бұл ауруға шалдыққан жағдайда не істеу керектігін, тіпті, қандай түрлері болатынынан да хабардар болған артықтық етпейді. Ең маңыздысы өз бетіңізше диагностика жасап, ем қабылдамаңыз. Оның орнына дәрігерлерден кеңес алып, түрлі тексерудерден өтіп, аурудың анық-қанығын білген абзал.

Қатерлі ісіктің түрі өте көп болғандықтан да, әр жыл сайын еркектер де әйелдер де гинеколог пен уролог мамандарына қаралуы тиіс.

Мынадай белгілер байқалған жағдайда міндетті түрде онколог дәрігердің қабылдауына жазылуға кеңес бересіз:

  • Ішкі ағзалардан қан кету белгілері (жиі тыныс алу, көзінің қарауытуы, бас айналу, естен тану);
  • Еш себепсіз тез салмақ жоғалту;
  • Терінің ісінуі,
  • Ешқандай себепсіз дене қызуының көтерілуі;
  • Созылмалы шаршаңқылық;
  • Лимфа түйіндерінің ұлғаюы.

Қатерлі ісік ауруларына әсіресе зиянды аймақтарда жұмыс істейтіндер, созылмалы аурумен ауыратындар, В, С гепатитіне шалдыққандар, ұзақ уақыт бойы күн сәулесінің астында жүргендер шалдығу қаупі жоғары.

Біздің қоғамда адам маңызды рөл атқаратындықтан, оның үстіне Алла денсаулықты аманат етіп тапсырғандықтан әр пенде денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Барлық аурудың алдын алуға болады, тек жалқаулық танытпай дер кезінде дәрігердің қабылдауында болсаңыз болғаны.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Цитрусты жемістер қан қысымын түсіреді