​«Әйелім есімді кетіріп жүр»: шымкенттік азамат жарының күтіміне ақшаны аямайтынын айтты

0
2 065

«Оған күн сайын емес, сағат сайын ғашық болып жүрмін»


​«Әйелім есімді кетіріп жүр»: шымкенттік азамат жарының күтіміне ақшаны аямайтынын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Отбасылық өмір, ерлі-зайыптылардың екеуара құпиясы, жатын бөлмедегі тірлігі өте нәзік, ешкімге ашылып айта бермейтін тақырып. Десе де қазір айтылмайтын дүние қалды ма? Бәрі ашық талқыланады. Бұл бәлкім дұрыс та шығар, әркім өзіне керегін алады, ой түйеді.


Осындай мақсатпен біз Алтынбек есімді азаматтың ERNUR.KZ редакциясына жазған хатын жариялауды жөн көрдік. Ол өзінің әйелімен ортада болған мәселесін әңгімелеген екен.


«Жасырып қайтеміз, күнделікті өмірде еркектердің бәрі болмаса да, үштен екісі әйелдерінің көзіне шөп салады. Жоқ дегенде сыртқа көз сүзіп, әйелінің көзіне шөп салу жайлы ойлайды. Өзім сондаймын, айналамдағы достарымнан сұрасам да осыны айтады. Сондықтан әйелдерге «менің күйеуім маған адал» деп сенімді сөйлеудің қажеті жоқ.


Менің үйленгеніме он бес жылға жуықтап қалыпты. Алла берген үш перзентіміз бар. Отбасылық өміріміз әйтеуір өз ырғағымен өтіп жатыр. Үй тұрғыздық, жақсы жұмыс таптық. Көлігіміз бар, балалар ештеңеден тарықпай өсіп келеді. Айта берсек жеткен жетістігіміз жетерлік. Десе де оның бәрі өмірдің ағысымен, уақытымен бола беретін дүние ғой. Ал отбасылық өмірде жұбайлық үйлесім, екеуара түсіністік пен ыстық сезім болмаса, онда бірінші айтқандарымның еш мәнісі болмай кетеді екен.


Әйелім қыз кезінде қыпша белді, талдырмаш денелі, сызылтып сөйлегенде сары майдай ерітіп, елітіп жіберетін қылықты болатын. Ауылға келін боп түсті де, басына орамалды салған күннен өзгеріп шыға келді. Мамамның «емізулісің ғой, же, асап-асап же» дегеніне еріп тамақты опыратын болды. Нәтижесінде 10 келі салмақ қосып алды. Екінші баламызда тағы 10 келі, бас-аяғы сексенге бір-ақ жетті. Жұқалап, көңіліне келмейтіндей етіп өзіне айтып көрдім. «Бала туу оңай дейсің бе, маған фигурам емес, баламның сүтке тойып өскені керек» деп дүңк етті.


Балаларын өсіріп алған соң өз қалпына келер деп күттім. Бірақ Фаризадан ондай ниет байқалмады. Арасында балаларды апама тастап, сұлулық салондарына барып, шашын сәндеп қысқартуына болады ғой, ең болмаса. Шашы жылдап қиылмайды. «Орамалдың астынан кім көреді дейсің?» деп боямай да жүре береді. Аптасына бір жуылатын болғасын одан жағымсыз иістің шығатынын айтпай-ақ қояйын...


Содан кейін қолымды бір сілтеп қоя салдым. Көп ұзамай көңілдес пайда болды. Әйелімнен естімеген жылы сөзді, одан көрмеген рахатты көңілдес көрсетті. Елітіп, махаббаттың буына мас болып жүргенде әйеліме «плотно» ұсталып қалдым. Оның маған жазған хатын оқып қойып, ит-масқарамды шығарды.


«Енді қайтем, сенің түрің мынау?! Баяғы қылығыңнан дым қалмаған, қашан көрсем балалармен әуресің, маған көңіл бөлмейсің» деп өзімді ақтап алу үшін бәрін айттым. Бірақ оның уәжі менікінен асып түсті. «Мен ерігіп жүрмін бе? Бір уақ балаларға қарап, маған қолғабыс етпейсің. Үлкен үйде тұрамыз, күніне қырық кісі кіріп-шығады. Соның бәріне шай беріп, тамақ дайындап, одан қалса үш баланың бабын жасап отырғанда қайдағы салон, қайдағы сұлулық?! Алдымен маған сондай жағдай жаса, қолымды босат, сосын үйден шықпай, сыланып-таранбай отырсам айт!» деп жылап қалды.


Қарап отырсам оныкі де дұрыс екен. Әке-шешемнің алдында құрдай жорғалап қызмет етеді. Сегіз бөлмелі үлкен үйдің тазалығы, тіпті қораның кейбір майда-шүйде шаруасы да осының мойнында. «Сен үйдесің ғой, істей сал» деп бәріміз әйелімнің мойнына керекті-керексіз міндеттерді арта беріппіз. Осыны ойлағанда оған жаным ашыды. Сөйтіп інім үйлене сала қалаға еншімізді алып, көшіп кеттік.


«Фариза, үш баланы бақшаға бер де, өзің жұмысқа кір! Жалақыңды мен сұрамаймын, өзіңе жаратасың. Қалаған киіміңді ки, үсті-басыңа, өзіңнің қажеттіліңе жаратып, ендігі рахаттанып өмір сүр!» дедім оған. Әйелімнің көзі жайнап шыға келді. Ал мен отбасымды асырау үшін күн-түн демей жұмыс істедім.


Нәтижесі не болды дейсіздер ғой? Әйелім адам танымастай өзгеріп шыға келді. Баяғы ауылдағы салпыетек әйелім жоқ қазір. Шашынан жұпар аңқып тұрады. Аптасына үш күн фитнес, айына бір рет салонда «капремонт». Киімнің қалағанын алады, ақшасы жетпей жатса еркелеп отырып менен сұрап алады, қалай беріп қойғанымды білмей қалам.


Қазір әлеуметтік желі дамыған ғой. Бір блогерді тауып алыпты. Жыныстық сауаттылыққа үйретеді екен. Неше түрлі әдістерді оқып алған. "Апельсин", "бабл гам", "температура" дейсің бе, неше түрлі нәрсені істеп, есімді кетіріп жүр. Соның бәрін екеуміз қолданып көріп, өмірдің рахатына батып жатырмыз. Баяғы көңілдестің көрсеткен «өнері» әшейін бос сөз болып қалды. Әйеліме күн емес, сағат сайын қайта ғашық болып жатырмын.


Ақиқаттың бетіне тура қарап үйренейікші. Сырттан жылу іздеп жүрген жігіттердің көбі «Әйелім толып кеткен, үсті-басына қарамайды» деген сылтау айтады. Ал солар әйелінің әдемілігі үшін айына қанша ақша беріп жатыр?! Әйеліңізге жаратқан ақшаңыз сіздің жайлы, рахат өмірге деген инвестицияңыз! Оның алдыңызда құлпырып, қыздай болып жүргенін қалайсыз ба, ендеше «анау еді, мынау болды» демей, өзгеруіне, жақсаруына үлес қосыңыз! Оқытыңыз, неше түрлі курстарға, тренингтерге қатыстырыңыз, дамысын, көзі ашылсын. Өзіңіз де білім алып, отбасылық өмірдің қыр-сырларын меңгеріңіз. Жақсы әке, жақсы күйеу болуға талпыныңыз.


Осылай еткен күнде де әйеліңіз өзгермесе, баяғы таз қалпында жүре берсе, онда көңілдеске көз салғаныңызды түсінуге болар. Бір сөзбен айтқанда, әйелге не бересің, одан соны аласың. Жекіп сөйлеп, жұмыстан үйіңе қабағыңды түйіп кірсең, әйелің де тамағын қатулы қабақпен алдыңа қояды. Күліп, әңгімеңді айтып, арасында еркелетіп отырсаң әйел де тыныш, бала да бақытты. Осыны ескерейік, жігіттер!»