«Әйелімнің салақтығынан шаршадым»: түркістандық азамат ажырасқысы келетінін айтты

0
6 539

Салақтық ажырасуға себеп болуы мүмкін бе?


«Әйелімнің салақтығынан шаршадым»: түркістандық азамат ажырасқысы келетінін айтты

Қандай қиындық тумасын ажырасуды емес, некені сақтап қалуды ойлаған дұрыс-ақ. Бірақ жағдайды өзгертуге болғанмен, адамды өзгертуге бола ма?

Мысалы, ажырасқысы келетін Ақылбек есімді түркістандық азаматқа қандай кеңес айтасыз, оқырман?



Ол неліктен ажырасқасыны келетінін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Ешкім себепсіз ажыраспайды. Кейбіреулердікі болмашы себеп дейміз, бірақ, анық-қанығын ешкім тәптіштеп айта бермейді.

Бұрындары мен де ажырасқандармен әңгімелесе қалсам, «Тәйірі, соған бола ажырастың ба?» деп шыға келетінмін. Адам басына түспей түсінбейді екен ғой. Жә, сонымен мен не үшін ажырасқым келетінін айтайын.

Менің қазіргі күйімді көріп анам күрсініп, өзін кінәлайды. Өйткені әу баста сол қызды анам өзі тауып, менің қарсылығыма қарамай үйлендірген еді.

Анамның жақын құрбыларының бірінің қызы ғой. Анам Әзизаны көрген сайын «Аяқ-қолы балғадай. Мұндай қыздар жұмысты жапырып істейді. Шаршауды да білмейтін шығар» деп айтып тамсанатын. Бірақ маған Әзиза бір көргеннен-ақ ұнай қоймады. Көздері үлкен жантақтай, қастары қиылып тұр, бірақ тым ірі. Менің қасымда бойы да ұзын, денесі де ірі, жарасымсыз жұппыз. Осылай дейтінмін анамның таңдауын ұнатпай. Бірақ анам сол қызды ұнатып, мен оған үйленбеймін дегенде жылап қалатын.

Бір күні көп ойландым. Мүмкін расында да анам қандай қыздың жақсы жар болатынын біліп айтып жатқан шығар. Анамды ренжітіп бақытты болмаспын деп ойландым. Егер шынымен анама ұнап жатса, дегені болсын.

Әзизаға үйлендім. Бірақ ол анам ойлағандай пысық болып шықпады. Ісі шала, тамағы шикі. Білмегенін өзі істеп, жаманын жасырып анам жүреді.

Кейбір қыздар үйдің тірлігіне олақ болса да, өзіне күтім жасауды қатырады, үйі таза болмаса да, өзін таза ұстайды. Ал Әзизаның ыдысы қалай жуылмай жатса, шашы жуылмай, үсті тер сасып жүре береді. Әйелімнің салақтығына ашуланып, өзіне күтім жасамайтындығына қынжылып жүргенімде, екі баланың әкесі атанғанымды аңғармай да қалдым.

Фото: img77.uenicdn.com

Бұрын мен жұмыстағы бір әйелден «Күйеуімнің киімін үстінен шешіп алып жумасам, ауыстырмай жүре береді» дегенді естіп күлген едім. Бірақ еркектерге жарасады, өйткені оның киімін жуатын, әр жерге шешіп тастап кеткен шұлығын жинап жүретін әйелі бар. Ал әйел адамның жеке бастың гигиенасын сақтамағаны, киімін шешкен жерінде тастап кететіні ұят.


Үйде екеуміз ғана тұрмаймыз ғой, інілерім бар, әкем, анам бар. Ал келіншегім киімдерін әр бөлмеде қалдырып кете салады. Тіпті, іш киімдерін де мен жинамасам күні бойы диванның үстінде жата береді.

Анам да айтты, мен де қаншама рет ескерттім. Бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кетеді-ау, ұмытып кетеді. Ыдыс жуғаны мен үй тазалағаны бөлек әңгіме.

Анам айта-айта шаршаған соң, еркек болсам да келіншегімді өзім тәрбиелемекке кірістім. Өйткені әйелің жаман десе, кәдімгідей намыстанады екенсің. Ал мен үйленгелі екі-үш жылдың ішінде ағайынды жеңгелерімнен де, көрші апалардың да әйелімнің тірлікті шала істейтіндігін, салақтығын айтып отырғанын талай құлағым шалды. Намыстандым. Сондықтан да оған өзім айтып істететін болдым. Түнде ыдыстары жуылмай, кейде тіпті кешкі астан соң үстел үсті жиналмай тұратын. Жұмыстан кеш келген кезде бұның бәрі көзіме жаман көрінетін. Әйелімді ұйқысынан тұрғызып, ыдыстарды жуғызамын.

Қыздарымыз кішкентай кезінде олардың бір реттік жөргектерін ауыстырған жерде қалдырып кететін. Бір күні үйдегілер ауылды жерде тұратын туысқанымыздың үйіне үш күнге қонаққа кетті. Үйде келіншегім бір жасар қызыммен қалды. Мен де ауылға кеткенмін. Үш күннен кейін келсек, кіре берістен жатын бөлмеге дейін әр жерде қолданылған памперс ораулы жатыр. Пайдаланылған памперстің иісі қандай болатыны белгілі. Асүй жуылмаған ыдысқа толы. Тамақ ішкен ыдыстарда қалған ас қалдықтары ашыған. Шыдап тұра алмадым, келіншегімді жатын бөлмеден сүйреп шығарып айқайладым. Ұрыстым.

Фото: s.poembook.ru

Ол кішкентай қызымызға қараудан қолы босамағанын айтып ақталуда. Бала ұйықтап жатқанда қолданылған памперстерді пакетке салып, ауладағы қоқысқа жүгіріп апарып тастауға көп болса 5 минут уақыт кететін шығар. Ыдысты жуу да көп уақыт алмас. Тап-таза үйде отырған өзіне де жақсы емес пе?! Мүңкіген иістің ортасында қалайша алаңсыз отыра беретініне таң қалдым.


Содан кейін арада жылдар жылжып жатты. Қыздарымыз балабақшаға, одан соң мектепке барды. Інім үйленген соң, бізді бөлек шығарды. Бұл уақытта мен төрт бөлмелі үй салып, бітіріп қойған едім. Бөлек шыққаннан соң да Әзиза өзгермеді.

Қыздарыма да көңіл бөлмейді. Жұрттың әйелдері сияқты таңертең шайын беріп, шашын тарап, өріп беруді де ойламайды. Қыздарымды таңертең өзім алып кетемін, қайтарда балабақшадан алып қайтамын. Әзиза сол баяғы әдетінше, кешкі астан соң ыдыстарды жууға ерінеді. Үйде жуынатын бөлме бар, барлық жағдай жасалған. Бірақ қыздарымды да өзім шомылдырамын, суға шайынып алсайшы деп әйеліме де өзім айтамын.

Әзиза жылдан-жылға толысып, онсыз да ірі денелі ол ұсқынсыз боп кетті. Мүмкін тірлігі, әдеттері ұнамайтын әйел солай еркекке ұсқынсыз боп көрінетін болар. Одан кәдімгідей жеріп, сезімім өшті.

Өзгелердің әйелдері күйеуінің көңілін аудару үшін диетаға отырады, күнде дәмді ас әзірлеп, тандандыруға, тамсандыруға тырысып әлек боп жатады ғой. Жаңа киімдер алып, шашын қидырып, тырысады. Ал менің Әзизама бәрібір.

Интернетте небір тағамның рецепті толып тұр, бірақ Әзиза өзінің білетін екі-үш тамағын қайталап істей береді. Онда да онысы уақытылы дайын болса қанекей.

Шынымды айтсам, шаршадым. Қазір үлкен қызым 7 жасқа, кіші қызым 5 жасқа толды. Қыздарым үшін ғана әйеліммен бірге тұрып жатырмын. Кейде өмірімнің соңына дейін осылай әйеліме көңілім толмай, оны тәрбиелеумен өтем бе деп ойланғанда, ажырасып кеткім келеді. Не істесем екен? Бұндай әйел өзгере ме? Салақ, ісі олақ боп, бірақ кейін өзгеріп түзелген әйелдер бар ма, айтыңызшы...»


Құрметті оқырман, Ақылбектің орнында болсаңыз не істер едіңіз? Оның мәселесі ажырасуға себеп бола ала ма? Коментарий жазып, пікір қалдырыңыз.


Ұқсас оқиғалар:

«Некесіз туған балаға да АЛИМЕНТ алуға болады»: жамбылдық келіншек құрбысының жағдайына алаңдайды

«Жоспарларың орындалсын деп айтуға болмайды»: талдықорғандық келіншек себебін түсіндірдіі