«Ажыраспай тұрып әйелімді сынадым»: шымкенттік азамат қалай сынағанын айтты

0
3 685

Бұндай сынақтан әйелді ғана емес, еркекті де өткізіп көруге болады.


«Ажыраспай тұрып әйелімді сынадым»: шымкенттік азамат қалай сынағанын айтты

Ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі де ары қарай бірге тұра алмайтынын түсінетін жағдайлар болады. Алайда көбісі сенім, сыйластық қалмаса да ортадағы балаларды ойлап, амал жоқ ары қарай өмірін жалғастыра береді. Бұл дұрыс па?

Көніп, керісіп өмірдің соңына дейін мағынасыз күндерді өткізу керек пе? Әлде қарым-қатынас түзелуі мүмкін бе? Не істеу керек?


Шымкенттік Жігер есімді азамат осындай сұрақтармен ұзақ алысқанын айтады. Екі түрлі ой екі жаққа тартқанда, қайсысына ерерін білмей, қиналыпты. Оның дұрыс шешім қабылдауына әйелінің сезімін сынаған оқиға жәрдем болыпты. Жігер бұндай сынақты екіойлы боп жүрген ерлі-зайыптыларға ұсынады.


Ол бұл сынағы туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Отыз жасымда астымда жақсы көлігім, басымда баспанам, жалақысы жоғары жұмысым да болды. Тек өмірлік жар ғана жоқ еді. Оны отыз екі жасқа толғанымда кездестірдім. Бір көргеннен жүрегіммен қоса тұла-бойымды өзіне бағындырып алған керім сұлудың есімі Лаура болатын. Өзінде бәрі бар еркек әйелден тек сұлулықты іздей ме, әлде мен оны шынымен жақсы көріп қалдым ба, білмеймін. Біз бір айдан соң үйленуге шешім қабылдадым.

Лаура өте көрікті еді. Көп әйелде кездесе бермейтін бір нәзіктік, өзіне жарасатын тәтті қылығы бар. Оның айтқан сөздеріне еріп, айтқанын қалай істеп қойғанымды білмей, әйтеуір талабын орындайтынмын. Лаураның алдында өзімді басқа жігіттердің алды екенімді көрсету үшін ешнәрседен аянып қалмайтынмын. Ал оған мен емес, байлығым қажет болған сияқты.

Лаура қыз күнінде-ақ ішімдікті жақсы ішуші еді. Ал мен анда-санда кейбір достарымның көңілі үшін маңызды отырыстарда аздап алатыным болмаса, көп ішкен емеспін. Лаура келіншек болғаннан кейін де бұл әдетін қоймады. Ұйқыға жатар уақытта бір бокал қызыл шарап ішіп алатын. Бұл қылығы ұнамағанымен, үндемейтінмін. Сүйетінмін, ал сүйген адам жарын ренжітпеуге тырысады. Бір жағынан жүкті болған соң өзі-ақ шараптан бас тартады деп сендім. Өйткені әріптес қыздардың арасында шарап та ішкен, шылым да шеккендері болған, бірақ олар жүкті болған соң зиянды әдеттерін тастаған. Адам өз денсаулығын ойламаса да, баласының саулығына келгенде бәріне даяр болатынына менің көзім анық жеткен. Сондықтан да Лаураның еркеліктерін көтере білдім.

Үйленгеннен соң бір ай ауылдағы ата-анама келіндік қызметін жасасын деп, алып барғанмын. Лаураны ата-енесінің қолына тастап, өзім қаладағы жұмысыма оралдым. Екі аптадан соң ауылға келдім. Көліктен түсіп, сыртқы есікті аша бергенім сол, әйелім анама қарап кесесін лақтырып, «Мен қызметші емеспін, жайыма қалдырыңдар» деп айқай салып тұр. Төбемнен жай түскендей болды. Мені көрген анам, көзіндегі жасын жасырып, «Әй, балам, келетініңді неге айтпадың. Ыстық тамақ дайындап қоятын едім» деді. Сосын сөзін жалғастырып «Қарағым-ау, келінге ашуланба, мен оны ренжітіп алдым. Менікі дұрыс болмады. Кешір, айналайын» деп екеумізден кешірім сұрап тұр.

Ашулы жүзін дереу өзгертіп үлгерген келіншегім күлімсіреп менімен сәлемдесіп, оңаша алып кетті. Лаураның әлгі қылығына ашуланып тұрсам да, сыр бермедім. Өз көзіммен көргеніме сенгім келмей, тағы да біраз сырттай бақыламақ болдым. Әйелім мен бар жерде күлімсіреп, жұмыс істеп, ал мен жоқ жерде анаммен, жеңгеммен ұрысып, оларға сөз қайтарып жүреді екен.

Қалаға көңілсіз қайттым. Ренішімді ішімде сақтадым. Бұдан былай Лаураны ауылға ертіп бармаймын деп шештім. Ата-анама жалғыз өзім барып тұратын болдым.

Бірде ауылдағы жеңгелерімнің бірі «Мен сенің жеңгең емес, әпкең әрі досыңдаймын. Есіңде шығар, бір нәрсе болса екеуміз бір-бірімізден ақыл сұрайтын едік» деп, өткен-кеткен қызықтарды еске алды. Ары қарай «Келіншегің сенің басыңды төрге сүйрейтін әйел болмайды. Әйелдің сырын әйелден сұра демей ме, Лаура сені жақсы көрмейді. Оған сенің ақшаң ғана керек. Бала туғысы келмейтінін де жасырмады» деді.

Қалаға келгенімнен кейін де жеңгемнің әр сөзі құлағымда жаңғырып тұрды. Әйтсе де, жеңгемнің сөзіне сенбедім. Әйелімнің бейкүнә жүзіне қарап отырып, оны жеңгем айтқандай жаманға балай алмадым.

Уақыт зырлап өте берді. Шаңырақ құрғанымызға төрт жыл болса да, Лаура құрсақ көтермеді. Бұл тақырыпты қозғасам, «Емделіп жүрмін, құдай бермесе не істеймін?» деп жылап қалатын. Одан соң жаның ауыртатын бала тақырыбын мүлде қозғамайтын болдым.

Бала туып бермесе де мен оны өзімнен де қатты жақсы көрдім. Іштей «Балалар үйінен бала асырап алармыз» деп те ойлайтынмын. Бірақ бірте-бірте оның іс-әрекеттері мені өзінен жеріте бастады. Анам немесе достарым үйге қоңырау шала қалса, әйелім тұтқаны көтеріп мені жоқ деп айтқанын басқа бөлмеде отырып талай естідім. «Анаң хабарласты» деп маған бір ауыз ескертпейтін. Бұл анамды ғана емес, мені де сыйламағаны емес пе?! Осы қылығына қатты ренжігенмін. Бірақ мұндай ұсақ-түйектерге бола ажырасып кетпеймін ғой. Әлде, шын сүйген адам кешірімді болады деген рас па екен, жаман мінез-қылықтарын талай рет байқасам да Лаурамен ұрысып, керіспейтінмін.

Мен қырық жасқа аяқ тірегенде туған күніммен құттықтауға ауылдан анамның келгенін естідім. Ол кезде жұмыста едім. Алайда Лаура анама «Балаңыз сіз келмесеңіз, туған күнін тойлай алмайды деп ойладыңыз ба? Төріңізден көріңіз жақын адамсыз, отырмайсыз ба үйіңізде» депті. Мұны анам телефон арқылы жеңгеме айтып, ауылға қайтып бара жатқанын ескерткен екен. Жеңгем қалай жайбарақат қалсын, дереу маған қоңырау шалып, жағдайды баяндап берді. Жұмыстан алып-ұшып, вокзалға қарай көлігіммен зуылдадым. Бұл жолы әйеліме шынымен-ақ ашуландым. Өйткені бақандай сегіз жылда оны қандай адам екенін біліп те қалғанмын. Анда-санда бір келетін бір анамды күте алмаса, ондай әйелдің маған не керегі бар? Бірер апта бұрын оның жастығының астынан жүктіліктен қорғайтын дәрі тауып алып, қатты көңілім қалып еді. Ол мені осы уақытқа дейін алдап келгені үшін кешірім сұрап, аяғыма жығылған. Анасының бала туу кезінде қайтыс болғанын айтып, содан кейін жүктіліктен қатты қорқатынын айтқанда, аяп кешіргенмін. Бірақ сегіз жыл бойы «Құдай бермей жатса не істеймін?» деп, алдамай-ақ шынын айтса да болар еді ғой.

Әйел ең бірінші өтірік сөзімен еркекті жерітеді. Басқа қылықтарының бәрін қалыпты жағдайдай қабылдап келген мен өтірігінен соң оны жек көре бастадым. Содан болар, бұл жолы оны анамнан кешірім сұратып, келіндік қызметін жүгіріп жүріп орындауға мәжбүрлегім келді. Алдымен анамды вокзалдан тоқтатып, алып қалуды ойладым. Үйге ертіп апарып, Лаураға «Анамды құрметтегің келмесе, кете бер, сендей әйелдің қажеті жоқ» деп айтамын деп, ойша жоспарлап та қойдым. Осындай ойлармен алысып келе жатып, телефоныма үңілгенім сол еді...

Есімді ауруханада жидым. Жол апатына ұшыраппын. Ауруханада ұзақ жаттым. Жұмыс-жұмыс деп, жеке өмірім туралы терең ойлануға уақыт та бола бермеген екен. Өмір шебер ғой, мені дұрыс шешім қабылдасын, жан-жақты ойлансын дегендей, ауруханаға әдейі түсірген секілді.

Көп ойландым. Лаура мені алдаса да, анамды құрметтемесе де шындап келгенде онымен ажырасқым келмейтін сияқты. Екі түрлі оймен арпалысып, бір шешімге келу қиын болды. Өзіммен қатарлас дәрігеріме басымдағы жағдайымды айтып бердім. Сосын «Мен әйелімді әлі де жақсы көрем. Бірақ ол ше, мені сүйе ме? Осыны білгім келеді. Егер мені сүйсе, оның барлық қателіктерін кешірем. Бастысы, мені сүйсе болды. Көмектесші» деп, дәрігерді өтірік айтуға көндірдім.

Менің өтінішім бойынша, дәрігерім Лаура жағдайымды сұрап келген кезде онымен жеке сөйлесті. «Күйеуіңіздің омыртқасы үш жерінен сынған. Өмір бойы мүгедектер арбасына таңылады. Бірақ бұл туралы күйеуіңізге қазір айтуға болмайды. Бір айдан соң ауруханадан шығарамыз. Психологиясына салмақ түсіріп алмас үшін, ұрыс-керіске жол бермеңіз. Сөзіңізбен қолдаңыз» дейді. Сол күні Лаура менімен қоштаспай кетіп қалды. Бір аптадан соң қасымда ұзақ отырып, анамның, жеңгелерімнің өзін жақтырмайтынын айтты. Сосын «Кеше гинекологқа бардым. Ол бедеу деген диагноз қойды. Мен саған бала туып бере алмаймын» деді. Бұл да бір өтірігі екенін біліп отырмын. «Бала асырап аламыз. Маған сен керексің» деп едім, «Жоқ. Мен ажырасамын. Сенімен бірге тұра алмаймын» деді. «Неге?» деген сұрағыма жауап бере алмай күмілжіді. «Ажырасқанымыз дұрыс» деді де, палатадан шығып кетті.

Ол мүгедек күйеудің күтімінен қашты. Қиын өмірден қашты. Әрине табыс табуға жарамайтын күйеуді қайтсін? Өмір бойы мүгедек боп қалатынымды естіген соң, дереу ажырасуды ойлаған Лаура мені осылай таңқалдырды. Шынымды айтсам, мен одан аяушылық сезімін, жылы сөз күтіп едім. Ал ол ажырасайық, ажырасамын дегеннен басқаны айтпады.

Ауруханадан ағам мен жеңгем келіп шығарып алды. Дәрігер «Ақыры бастадың ғой, соңына дейін сына» деп, мүгедектер арбасын отырғызып шығарып салды. Бірақ омыртқама ешқандай зиян тимеген, өз аяғыммен жүре аламын. Алайда уақытша аға-жеңгемді де алдауға тура келді. Менің арбада отырғанымды көрген жеңгем байғұс ағыл-тегіл жылап жүр. Ауылдан жылап анам да жетті. Олар мені шынымен арбаға таңылып қалды деп ойласа керек, ажырасу процесіне дейін қасымда болып, балаша күтті. Ағама, жеңгеме риза болдым. «Бәрі жақсы болады!» деп, сөздерімен демеп қояды. Міне, шын жақсы көрген адам осындай сөз айтады, басыңа қайғы орнағанда бүкіл жұмысын тастап, сенің қасыңда болады. Ал Лаура мен ауруханадан шыққан күні-ақ киімдерін жинастырып кетіп қалған. Одан кейін арада бес жыл өтсе де мен үйленген жоқпын. Мүмкін сезімімнің алданғанына әлі де көндіге алмай жүрген шығармын...»


Жар да, дос та қиындықта сыналады. Түрлі жағдайларға байланысты ажырасуға шешім қабылдап жүрсеңіз асықпаңыз, алдымен Жігердің сынағымен сезімді тексеріп көрген дұрыс-ау. Мүмкін дәл ол сияқты жар таппайтыныңызға көзіңіз жетіп, ойыңыз өзгерер.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


«Жаңғақты «ӨЛУГЕ жақындағанға» емес, КӨП ЖАСАҒАН қарияға еккізеді»

«Қайын атамды күйдіріп қойдым»: Оңтүстіктің келіні не себепті халат кимейтінін айтты