"Осының бәрін күйеуіме айтайын десем, ыңғайсызданамын"
Сурет: Pinterest
«Үйленгелі бері күйеуім екеуміз жеке тұратынбыз. Қазір енеммен бірге тұрып жатырмыз. Жақсы тіл табысып, тату-тәтті болсақ, енемен тұрғанның несі жаман? Қайта жақсы болар еді ғой. Бірақ, бізде жағдай керісінше» деп жас келін енесінің құйтырқы қылықтарын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Үйде екі күннің бірінде ұрыс-жанжал. Бірде күйеуімнің жинап жүрген ақшасын жаратып қояды. Енді бірде біреуге «Досжан сатып әпереді» деп уәде беріп келеді. Бір туысының үйінде жиын болса, «Келінім барып қызмет қылады. Мен дайын асқа барамын» деп айтып қояды. Әйтеуір енемнің тосын сыйы таусылмайды. Бізбен еш ақылдаспайды. «Бола ма, жоқ па деп менімен неге ақылдаспайсыз? Неге өз білгеніңізді ғана істейсіз?» деп күйеуім ашуланады. Сосын екеуі жанжалдасып қалады. Анасынан мейірім көрудің орнына, небір қитұрқы әрекеттеріне ілініп қала беретін күйеуімді, осындай у-шудың ортасында өсіп жатқан баламды аяймын.
Негізі біз үйленгеннен кейін бірден енемнен бөлек тұрғанбыз. Күйеуім өзі солай қалап, алдын ала қамын жасап, пәтер алып қойған. Бірақ енем үйіне шақыра беретін. «Бүгін мынадай тамақ істедім, келіп жеп кетіңдер», «Дүкенге барып едім, келінге киім алдым, келіп алып кетіңдер» деп болатынға да, болмайтынға да шақыра береді. Бармай қалуға ыңғайсызданып, күйеуіме «жүр-жүрлеймін». Бірақ ол барғысы келмейді және мұнысын ашық айтады да.
Аяғым ауыр болғанда күйеуімнің басқа қалаларға іссапары көбейіп кетті. Сөйтіп енем «Менің қолыма келіп тұрыңдар. Сен анда-мұнда кетесің, келін қараусыз қалады. Ай-күні жақындап қалды. Босанғанша өзім бас-көз болайын» деп қоймай қойды. Сөйтіп енемнің үйіне көшіп бардық.
Дүниеге қызымыз келді. «Келінді қырқынан шыққанша күтемін. Балаға қарауға көмектесемін» деп тағы біраз уақытқа қалуға көндерді. Бірақ айтқанының бәрі бәлду-бәлду ертегі екен. Мені күткен, немере баққан түгі жоқ. Екі күннің бірінде қызына кетеді.
Одан қалса күйеуіме «Балаңа памперс, киім аламын. Келінге құнарлы тамақ керек, анау-мынау» деп жүріп ақша аудартып алады да, дүкен, қала аралап, қыдырып кетеді. Мені үйге қарауыл болу үшін шақырған сияқты. Ол аздай, кейде тамақ пісіріп, үйді жинап қоймасам, кір жуылмай қалса, оған сөйлейді. Осының бәрін күйеуіме айтайын десем, ыңғайсызданамын. Мейлі ғой, ақша сұраса, сұрасын, өз баласы. Бірақ шынын айтып, өзіме керек боп тұр деп айтып алмай ма? Біздің атымызды жамылып сұрайтынына жыным келеді.
Онсыз да аралары жақсы емес, одан әрі ушықтырып алып, араға от салды деген сөзге қалам ба деп қорқамын. Енемнің сыңайына қарасам, күйеуімді алдап-сулап, ақшасын алып, әлі біраз ұстағысы келетін сияқты.»