«Тумайтын қатын керек емес» деп үйден өзі қуып шықты»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Қоғамда күйеуінің тепкісіне төзіп, езгісіне шыдап жүрген әйелдер көп. Жақындарынан жылы сөз, қолдау таппай, «осы үйден сүйегің шықсын» деген батадан аттай алмай талай әйел өмірін күл-талқан етті. Десе де басына түскен қиындықты қасқая қарсы алып, түсінігі таяз күйеуден құтылып жатқан жандар да бар. Солардың бірі – Жадыра.
Үш жыл тәні азапталып, жаны күйзеліп өмір сүрген оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне өткен өмірін баяндап берді.
«Мектеп бітіре сала алыс құда балам болып келетін көрші ауылдағы жігіт алып қашты. Өзі менен үш жас үлкен, ауылдың бұзық балаларына еріп, қай жерде отырыс, қай жерде қыз-қырқын бар, соның басында жүретін адам еді. Жап-жас болып уысына түсіп қалғаныма қатты қынжылдым. Артымнан қуып келген адамдармен төркініме кетем деп байбалам салып едім, анамның сіңлісі тоқтатты. «Әке-шешең артқа қайтпасын деді. Бұл әулетпен жекжаттығы бар. Сондықтан «сүйекке таңба салмай, кіммен қарайса, сонымен ағарсын» деп айтып жіберді. Әлі-ақ үйренісіп кетесің, бағың ашылсын» деп ата-анамның сәлемдемесін жеткізді. Амал жоқ, келген жерімде қалдым.
Батырбек үйлене сала ешқандай себепсіз қол көтерген. «Бүгін – жұма, жұмасына бір рет әйелді сабап, иығындағы жынын қағып тұру керек. Осы бастан үйрене бер» деп иығымнан жұдырығымен түйіп-түйіп алған. Сол кезде өмірімнің өксікпен өтетінін түсінгем. Бірақ менің жан-күйімді түсінетін ешкім болмады. Анам да, бауырларым да әкемнің сөзінен аттай алмайтын. Ол кісі құдалықта «Осы үйден сүйегің шықсын. Менің алдыма жылап келуші болма. Еркектен бір саты төмен тұр, оның айтқаны – заң. Алдында құрдай жорғалап, айтқанын екі етпесең бақытты боласың» деп елдің көзінше маған ақыл айтып кеткен. Менің ақымақ күйеуім оны керісінше түсініп, маған ойына келгенін істеуге болады деп қабылдапты. «Әкең не деп еді, күйеуіңнің айтқанын істе деген! Тұр да маған қазір бәліш пісіріп бер» деп түн ішінде оятып, даладағы асханаға қуып жіберетін. Ол – бергі жағы, «мен сені қалыңмал беріп, сатып алғам, не істесем де өзім білем» деп шашымнан далаға сүйреп шығарып, тыр жалаңаш ауланы айналдырып жүгіртетін...
Бір күні Батырбектің көрсеткен азабына шыдамай төркініме кетіп қалдым. Бетім көгерген, түнімен жылай-жылай көзім іскен. Менің суыт жүрісімді көрген шешем «Неге келдің, күйеуіңді жамандауға ма? Есің барда еліңді тап, айналайын. Әкең жаназаға кеткен. Келгенше қараңды батыр. Үйленгендеріңе үш-ақ жыл болды. Мұндай нәрсе бәрімізде болған, сабыр етсең түбі жақсылық көресің» деп қуып шыққандай болды. Сол сәтте өз өміріме өзім жауапкершілік алып, ешкімнен ештеңе күтпеу керегін түсіндім.
Ең алдымен балалы болмаудың әрекетін жасадым. Әлі босанбаған әйелге спираль салдырудың қауіпті екенін естігем, сол себепті жүктілікке қарсы дәрі алдым. Сосын телефоныма жаңа сим-карта сатып алдым. Әлгі нөмірмен күйеуіме басқа қыз болып күн сайын хат жазам. Шетелде жұмыс істеп жүрген қыз боп танысып, Батырбектің басын айналдыруға тырыстым. Осылайша күн сайын санасын улап, әйелі екеуінің арасын суытуға тырыстым. «Әйелің үш жылдан бері неге бала көтермей жүр? Саған ұрпақ керек емес пе?» дегендей сұрақтарды жазып жібердім.
Бір күні Батырбек аяқ астынан «Сен неге тумайсың? Қашан балалы боламыз?» деп сұрақ қойды. Өзіме де керегі осы еді, әртістікке салып жылап жібердім. «Батырбек, саған айтуға қорқып жүрмін. Мен бедеумін, дәрігерге көрінгем, олар мені бала туа алмайсың деп шығарып салды» деп өзімді айыпты адамдай алдына тастай салдым. Соңғы рет таяқ жегенім осы шығар.
«Сен қатын, өмірімді құрттың! Тумайтының бар неге басымды қатырып, уақыт созып жүрсің. Жоғал, көзіме көрінбе!» деп үйінен қуып шықты. Төркініме барып, болған жағдайды айтып бердім. Олар мені мүсіркей қабылдады. Біраз уақыт өткесін әкеме «Қалаға барып, жұмыс істеймін, оқуға түсім келеді» деп ойымды айттым. Аяды-ау, рұқсатын берді. Сол күннен бастап бостандықтың тәтті дәмін сезіндім.
Қазір университетте оқимын, өз қатарластарымнан үш жылға кеш қалсам да осы күніме шүкіршілік етемін. Бір күні өзімді түсінетін, алақанына салып аялайтын өз адамымды кездестірем деген үмітім бар.
Қыздарға айтарым, күйеуден қорлық көріп жүрсең, «Бала тусам бәрі өзгереді» деген ертегіге сенбеу керек. Әке де, туыс-бауыр да саған жәрдемші емес,тағдырың тек өзіңнің қолыңда. Жақсы арнаға бұрып, бақытты болуға талпын!»