«Күйеуім насыбай атады»: мүгедек бала туған ана күйеуін кінәлап отыр

0
6 698

​Насыбай атудың зардабы сіз ойлағаннан да көп екен...


«Күйеуім насыбай атады»: мүгедек бала туған ана күйеуін кінәлап отыр

Түркістандық Раушан есімді келіншек күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалғанын айтып, жылап хабарласты. Үшінші баласы «Дауна» синдромымен туылыпты. Алдыңғы екі баласы сап-сау. Ол ұлының мүгедек боп туылуын күйеуінің насыбай тартатынымен байланыстырады.



Раушан көп еркекке ой салатын оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Күйеуіммен танысқан кезде ол темекі тартатын еді. Үнемі емес, той-томалаққа барғанда, туған күн кештерінде спиртті ішімдік ішкеннен соң ғана бір-екі тал темекі шегетін. Басқа күндері шекпейтін.

Мүлде темекі тартпайтын, сыра да ішпейтін, иманды, 100 пайыз мінсіз жігіт жоқ шығар?! Әлде бар ма? Білмеймін, мен өзім ондай супер жігітті кезіктірмедім. Сондықтан да жігітімнің анда-санда темекі тартатынына көз жұма қарадым.

Бірақ кездескен сайын «Осы бір зиянды әдетіңді тастасаң, жақсы болар еді» деп айтатынмын. Ол «Көңілім орныққан күні қоям ғой» дейтін. Айтуынша, маған үйленген соң, көңілі бір арнаға түседі екен.

Үйленді. Сөзінде тұрып темекісін тастады. Бірақ мен жеті айдай жүкті бола алмай жүргенде, қайтадан әдетін бастады. Түсінем, күйеуімнен ағайын-туыс, сыныптас, дос-құрбы «Әйелің жүкті болды ма?» деп сұрағанда, кәдімгідей сөз таппай қалатын. Әйелі көтере алмай жүрген еркекке бұл ауыр сұрақ.

Күйеуім «Емделсейші» деп сұраған ақшамды берді. Бірақ арада тағы да үш ай өтті, менің аяғым ауырламады. Осы кезде ғой, ол қайтадан темекісін бастады. Бұрын анда-санда шексе, енді күнде темекі тартатын болды.

Емделіп жүріп, әйтеуір бала көтердім. Әке атанғаннан соң қояды деп үміттендім. Өмірге қыз баланы әкелдім. Күйеуім ұл күткен еді. Тіпті мен оған «УДЗ маманы қыз деп айтты» десем де, ол сенбей, алдын ала ұл баланың ойыншықтарын сатып алып қойды. Ұл ма, қыз ба, не айырмасы бар? Бір жыл жүкті бола алмай жүргенімде, құдайдан ұл немесе қыз бер деп тілемедік қой. Әйтеуір бір перзент берші деп дұға жасадық. Күйеуім сол күндерін ұмытып кетті. Қыз туғанымда қуана қоймады, үш айдай қолына да алмады.

Қысқасы, ол менің қыз туғанымды сылтауратып, темекісін үдетті. Күніне бір-екі қорап темекіні тауысып тастайтын болды. Мейлі, оған да үйрендім. Бұрынғыдай темекіні тасташы деп айтпайтын да болдым.

Қызым бір жасқа толғанда тағы да аяғым ауырлады. Айым-күнім жетіп, шекесі торсықтай ұл балаға өмір сыйладым. Бұл жолы күйеуім перзентханадан лимузин жалдап, оған шарлар байлап, күтіп алды. Өзімді ханшайымдай сезіндім. Рас, күйеуімнің қуанышында шек болмады. Ұлының есімін де өзі қойды «Нұрбақыт» деп.

Ұл туған келіншектердің талтаң-талтаң басып, міндетсініп жүре алмай қалатынын мен сол кезде түсіндім. Күйеуім айтқанымның бәрін орындап, не қаласам, соны алдыма тосып жүгіріп жүр. «Ұлымның денсаулығы мықты болуы керек» деп, тоңазытқышты етке толтырып қойды. Табыс табуға да қызығушылығы артып, жұмыстан соң түн ортасына дейін көлігімен қала ішінде «такси» боп жүреді. Түнде жолаушы тасып тапқан күнделікті табысына ұлына ойыншық, киімдер сатып алады. Одан бөлек алатын ай сайынғы жалақысын да қолыма әкеп береді.

Бір күні күйеуіме «Көңілің орнына түскен шығар енді?! Темекіні тастаймын деген уәдең қайда?» дедім. Ол біраз күмілжіп отырды да, «Ертеңнен бастап тастаймын» деді. Шынымен де оның содан кейін темекі шеккенін көрген емеспін. Күнде ол жұмыстан келгенде киімін, қолын иіскеймін, темекінің иісі жоқ.

Күніне екі қорап темекіні тауысатын күйеуімнің бір күнде оны қойып кеткеніне риза болдым. Ерік-жігерінің мықтылығына тәнті болдым. Подъезде көрші тұратын, темекісін тастай алмай жүрген бір-екі келіншек бар еді, тіпті соларға күйеуімді үлгі етіп те айтып жүрдім.

Мен шынымен оған сендім ғой. Сөйтсем, күйеуім темекісін насыбайға алмастырыпты. Ал насыбайдың иісі болмай ма, әлде мен сезбегенмін бе, әйтеуір ондай ой санама кіріп шықпаған. Үш жыл маған білдірмей, сездірмей насыбай атып жүргенін жақында білдім. Қандай күйде болғанымды айтып жеткізе алмаймын.

Екінші перзентімнен кейін біраз демалмақ болдым. Алайда ұлымыз екі жасқа толғанда жатырымда өсінді ет бар екені анықталды. Ем алып жүргенде жүктіліктен қорғайтын топсаны уақытша алдырып тастағанмын. Сол аралықта жүкті боп қалғанмын ғой.

Дәрігерге тексерілгенде бәрі жақсы еді бастапқыда. Бірақ жүктілігімнің үшінші айында дәрігерім қан алу арқылы гормондарға сараптама тапсыруға жіберді. Нәтижесіне қарап, көп сұрақ қойды. «Темекі тартпайсыз ба?», «Күйеуіңіз есірткі заттар қолданбай ма?», «Антибиотиктерге аллергияңыз жоқ па?», «Қандай дәрілер қабылдап жүрсіз?» деп сұрады. Менің жауаптарымнан соң «Құрсақтағы шаранада «Дауна синдромы» бар сияқты» деді.

Анық көз жеткізу үшін тағы да біраз сараптамалар тапсырдым. Бірақ екі балам да сап-сау туылғандықтан, мен гинекологымның сөзіне сенбедім. Оны сауатсызға теңедім, ұрыстым. Сөйттім де басқа емханаға ауысып кеттім.

Алайда дәрігердің айтқаны тура келді. Үшінші перзентім «Дауна синдромымен» туылды. Бұған балам бір жасқа толғанда көзім анық жетіп отыр. Оған дейін ешкімді тыңдамадым, ешкімге сенбедім...

Жақында кір жумақ боп, күйеуімнің костюмінің қалтасына қолымды салып едім, насыбай тауып алдым. Үйге келген соң насыбайды көрсеттім. Ол бір досыныкі екенін айтты. Ол досын танимын, әйеліне хабарластым. Ол «Күйеуім насыбай атпайды» деді. Кейін әлгі құрбы келіншек қайтадан маған қоңырау шалды. Күйеуінен сұрапты. Оның күйеуі аңғал, аңқаулау, шынын айтыпты: «Раушанның күйеуі темекісін тастағалы насыбай атып жүрсе де, мен қызықпаппын сол пәлеге» деп. Күйеуімнің басқа достарының әйелдеріне де өтініш жасадым. Олар күйеулерін алдап, назданып отырып менің күйеуім туралы сұрап, насыбай ататынын анықтады.

Не керек, күйеуім ақыры мойындады. Расында да, ол үш жылдан бері насыбай атып жүр екен. Ал мен болсам, темекісін тастады деп мәз боп жүрмін. «Насыбай атқанша, темекіңді шегіп жүре бермедің бе? Сенің кесіріңнен баламыз мүгедек боп қалды» деп әбден жыладым.

Жылап отырып, дәрігеріме қоңырау шалдым. «Күйеуімнің насыбай ататыны баланың «Дауна синдромымен» туылуына себеп болуы мүмкін бе?» деп сұрадым. Дәрігер «Темекінің, насыбайдың, алкогольдің де адам ағзасына зияны көп қой» деп жауап берді.

Күйеуім қасымда естіп отырды. Сол сәтте ол насыбайды қолымен езіп, жұдырығымен үстелді тоқпақтады. Өкінді. Көзінен жас шықты. Бұдан былай насыбай атпайтынын айтып, ант-су ішті. Бірақ бәрі кеш қой, болары болып, бояуы сіңген соң не пайда?

Бір жасқа толса да әлі еңбектей алмайтын, қолымен ойыншықтарын ұстай алмайтын мүгедек балама қараған сайын, күйеуімді жек көріп кетем. Күнде оны кінәлап жылаймын. Ол да өзін-өзі жазғырып жүр...»



Ұқсас оқиғалар:


«Бұрынғы жігітім баламмен қосып аламын деп жүр»: тұрмыстағы келіншек күйеуге тигеніне өкінеді

«Үш әйелімнің үшеуі де алдап кетті»: Шымкенттік жігіт енді үйленбейтінін айтты