«Кезінде жалынған қайынжұртым қазір қателігімді бетіме басады»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Қазақта «бата бұзды» деген сөз бар. Көп адам басына түспейінше бұл нәрсенің байыбына бара бермейді. Бұл сөз әсіресе екі жастың үйленіп, шаңырақ көтеруіне қатысты айтылады. Сондықтан жар таңдауда жаңылыспау керек екен», - дейді Лаура есімді әйел.
Оқырманымыз екі рет тұрмыста болған көрінеді. Бірақ екеуінде де бақытты бола алмаған. Онысына «бата бұзғаным себеп болды» деп топшылайды. Басынан өткен жағдайды Лаура ханым ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Марат деген жігітпен мектеп кезінде таныстым. Көрші ауылға тұрмысқа шыққан әпкемнің тойында көзіме түскен. Анау айтқан көрікті, келбетті болмасам да сол жігіт мені тойда қайта-қайта биге шақырып, «құдашалап» қыр-соңымнан қалмай қойды. Көрікті жігіттің ілтипат көрсеткеніне мен де риза болдым. Сөйтіп сол күннен бастап арамызда махаббат пайда болды.
Құда бала күн сайын көрші ауылдан мені көру үшін арнайы келетін. Сол ауылдың әкімінің баласы екен. Әрі үйінің жалғызы. «Бір үйдің ерке келіні болам» деп қиялға беріліп кетуші едім. Осылайша бақытты күндер біріне-бірі жалғасып өтіп жатты. Екеуміз де мектеп бітірдік. Мен оқуға түсе алмай қалдым. Ал Марат әскери академияға білім алуға аттанып кетті. Бір көңілге қонбайтыны – әскери тәртіп тым қатаң. Мен түгілі әке-шешесімен әзер тілдесетін көрінеді. Оны қатты сағынатынмын.
Бірақ уақыт өте келе ол сезім де басылды. Көзімнен кеткен соң көңілден де алыстады ма, бұрынғыдай алып-ұшып іздемейтін, сағынбайтын болдым. Бір жолы қарым-қатынасымыз жайлы Мараттың ауылына тұрмысқа шыққан әпкеме айтып едім, «Есіңді жи, қыз! Олар өте дәулетті тұрады, ал біз ше? Байлар өздерімен тең адаммен құда болады. Оның үстіне ол академияда оқыған, ал сенің жүріңісің мынау! Одан да өз теңіңді тауып, соған тұрмысқа шығуды ойла» деп ақыл айтты.
Осылай ойым бұзылып жүргенде үйге жеңгемнің інісі жолдасымен бірге келді. Әңгімелестік, таныстық. Маған құда баладан гөрі жанындағы досы ұнап қалғандай. Қалаға қыдыруға шақырды, киноға бардық. Артынан кафеге отырғызды. Бірақ қайтар жолда ай-шайға қаратпай мені алып қашты. «Бұйырғаны осы шығар. Онсыз да Маратты күткенмен оған тиер-тимесім белгісіз еді ғой» деп алып қашқан жігітке ризашылығымды бердім. Басыма орамал салдырдым.
Арада бір аптадай уақыт өткенде Маратқа телефон соғып «Мені алып қашып кетті, енді тұрмыстағы әйелмін. Сен де өз бақытыңды табарсың» деп жаңалығымды жеткізгем. Сол кезде мен жағдайдың ушығып кететінін ойламаппын. Сөйтсем Марат оқуын тастап, үйіне қайтып келіпті. Бір апта бойы бас көтермей жатып алыпты. «Маған Лаураны әпермесеңдер болмайды» деп шарт қойған. Алайда ата-анасы тұрмысқа шығып кеткен мені әперуге үзілді-кесілді бас тартқан. «Есік көрген адамда нең бар, енді одан күдеріңді үз. Оқуыңа қайта бар, бітірген соң ондай қыздың оны жолығады әлі» деп ақыл айтқан. Осылай арпалыспен Марат тағы да екі аптаны өткізіпті.
Бір күні түнде ата-анасы ұйқыға жатты-ау дегенде ол үйден шығып, мал қораға барып, арқанмен өзін асуға дайындалып жатады. Ұлының жүріс-тұрысынан секем алған әкесі оны іздеп сыртқа шыққан. Қараса жалғыз ұлы енді ғана арқанды мойнына салып, аяғының астындағы үстелді теуіп жіберген екен. Аяқ-қолдары тыпырлап, тұншығып жатқан ұлын әкесі қапсыра құшақтап, әзер дегенде аман алып қалыпты.
Не керек, ұлының айтқан бетінен қайтпайтынына көз жеткізген олар таң атқанша көз ілмей, баласының амандығын тілеп, Мараттың қалаған қызын алып беруге шешім қабылдайды. Марат ауруханадан шығысымен әкесінің қарындасын ертіп біздің үйге келеді. Бағым ба, сорым ба, сол күні үйде менен басқа ешкім жоқ еді. Мараттың әпкесі жылап отырып жағдайды маған айтып берді. «Сені қалайда алып кетуіміз керек. Анау інім әл үстінде жатыр. Сені ғана көргісі келеді» дегенде қосыла жыладым. Мараттың өмірден кетуіне өзім себепкер бола жаздағанымды ойлап, ішім алай-дүлей болды. Алайда құйрық-бауыр жескен құдалардың батасын қалай бұзам деп қиналдым.
Бата бұзғанның бақытты бола алмайтынын, өз күйеуіммен қалатынымды айтсам да Мараттың әпкесі аяғымды құшақтап жылап, алдыма жатып алды. Сол сәтте ол кісінің сөзін жерге тастай алмай, Мараттың өмірін ойлап солармен бірге еріп кеттім. Кетерде күйеуіме бәрін түсіндіріп хат жаздым. Оның әлі де өз бақытын табатынына сенім білдіріп, қолымдағы неке жүзігімді шешіп қалдырдым. Үйден үстімдегі халатыммен шығып жүре бердім.
Қазір бақыттымын деп айта алмаймын. Өзімді сүйген адаммен қосылғандықтан бақытсыз да емес шығармын. Бірақ ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ұрысып қалсақ болды Марат ашуланып, өткенімді бетіме шыжғырып басады. Әке-шешем де екі жылға дейін менімен араласпай қойды. «Бізді жерге қаратты, қарабет етті» деп қатты налыды. Жалынып, аяғыма жығылған қайын атам мен енем, қайынәпшелерім де кейін кекірейіп, «Сен есік көрген адамсың, балама адал болып келмедің» деп айтатын.
Істі ыстық сезімнің ықпалымен емес, салқын сананың таразысына салмағаныма қазір өкінемін. «Бірінші бақ – бақ, екінші бақ – әліңе бақ» дегенді қазақ осындайдан айтқан шығар...»