​«Менің тойым сіңліме бұйырды»: астаналық әйел жігітінің сатқындығын ұмыта алмай жүр

0
3 178

«Бауырыммен араласпай жүргенім жаныма батады»


​«Менің тойым сіңліме бұйырды»: астаналық әйел жігітінің сатқындығын ұмыта алмай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірдегі ең жаманы – жақыныңның, сенген, сүйген адамыңның жасаған сатқындығы. Анау-мынау адам ондайға шыдас бермейді. Күйзеліске түсіп, морт сынып кетуі мүмкін. Мен де өз-өзіме қол жұмсауға сәл-ақ қалғанмын. Бірақ анам қиналғанда демеу болып, жылағанда жұбатып, бойымды қайта тіктеуіме көп көмектесті», - дейді Ақерке есімді әйел.


Сіңлісінен, сүйген жігітінен сатқындық көрген оқырманымыз басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Әрбір бойжеткен өмірде өз сүйіктісін кездестіріп, отбасын құрып, бақытты өмір сүруді армандайды. Менің де жоспарым солай болған. Алайда арманым да, жоспарым да күрт өзгеріп, өмірім мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті.


Қалаға университетке оқуға түстім. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған қыз болғасын әр сенбіні асыға күтетінмін, мамамның дәмді тамағын аңсаушы едім. Бірде сенбі күні сабақтан шығып, ауылға баратын автобусқа әрең жеттім. Аяқ басар жер жоқ, бәрі ауылға қайтуға асығыс, жайғасып қалған екен. Артқы жақтан бір жігіт орын берді. Алғысымды айтып, ұсынған орынға жайғасып алдым. Осылайша мен Ғалыммен таныстым. Ол бізбен көрші ауылда тұрады екен. Оның үстіне дәл мен оқитын университеттің үшінші курсында оқитын боп шықты.


Сол таныстықтан кейін екеуміз жиі кездесіп жүрдік. Мен оны бір көргеннен ұнаттым, ол да сезімін білдірді. Жұбымыз жазылмай, саябақта серуендеп, алдағы өмірімізді жарыса талқылап, жоспарлап, талай қызықты күндерді бірге өткіздік. Ол кезде жатақханада тұратынбыз, келесі жылы өзімнен кейінгі сіңлім мектеп бітіріп, оқуға түсті де, әкем екеумізді бөлек пәтерге жайғастырды.


Біздің бөлек пәтерге шыққанымыз Ғалымға да ұнады, себебі бұрын жатақханаға қалаған уақытында келіп, көріп кете алмайтын. Бәріне ортақ тәртіпке бағынатынбыз. Ал мына жерде рахат, емін-еркін, қалаған уақытында есігімді қағып келіп, пісірген тамағымызды жеп, шайымызды ішіп кете беретін.

Екеуміздің махаббатымызға сіңлім Алтынай куә болды. Ғалым маған гүл әкелсе, Алтынайға да тура сондайын әкелетін. «Болашақ балдызым» деп еркелетіп, балмұздақ әперіп жүруші еді. Қыдырсақ та жанымызға Алтынайды қоса ертіп шығатынбыз. Сол кезде Ғалымның арам пиғылы барын аңғарсам-шы...


Ол маған үйленуге ұсыныс жасады. Біздің кезімізде жігітті ата-анаңмен таныстыру ерсі еді ғой, жеңгеммен таныстырдым. «Жақсы жігіт сияқты, бағың ашылсын» деп жеңгем жағдайымызды ата-анама жеткізді. Содан екі жақ тойдың дайындығына кірісіп кетті. Мамам киім-кешегімді түгендеп, жеңгем үйдің ремонтын бастап жіберді. Жазғы демалыстамыз, көрші ауылдан Ғалым күнде келіп, «Бүгін папам үлкен той болатын жерді белгілеп келді, тойхана да дайын» деп күнде әртүрлі жаңалықтарын айтып, мені қуантып кететін.


Сондай күндердің бірінде Ғалым менімен біраз әңгімелесіп болып, қайтуға жақындағанда «Алтынайды шақырып жіберші, айтатын әңгімем бар» деді. Тойда маған бір тосынсый жасайтын болған ғой деп үйге кіріп, сіңлімді сыртқа шығардым. Той болатын күнді елестетіп жатып ұйықтап кетіппін. Арада бір сағаттай уақыт өткен, орнымнан тұрсам сіңлім төсегінде жоқ. Өзімді сабырға шақырып, тағы 20 минуттай отырдым. Болмаған соң жеңгемді оятып, жағдайды баяндап бердім. Ол кісі де «келіп қалар» деп бір сағаттай күтті. Болмаған соң «Сенің Ғалымың Алтошты алып қашып кеткен жоқ па осы?» деп көкейіндегі күдігін жайып салды. Оны өзім де ойлап отырғам, бірақ айтуға қорқып, «олай болуы мүмкін емес, алып қашқан жағдайда да досына апарып берген шығар» деп ойлағам. Жеңгемнің сөзінен кейін жылап жібердім. Менің жылағаныма үйдегілер де оянды.


Осылай абыр-сабырмен таңды атырдық. Күн шыққан кезде үйге бір көлік келіп тоқтады, жүрегім зырқ ете қалды. Онда да Ғалым мен Алтынайды жамандыққа қимай, бәлкім бірдеңеге ұшырап қалған шығар деп топшыладым. Бірақ келген кісілер Ғалымның ағалары екенін айтып, Алтынай үшін кешірім сұрап келген екен.


Оны естігенде папам өз-өзін ұстай алмай қалды. Үйде айқай, ұрыс басталып кетті. Ағам мен жеңгем келген кісілердің ізімен Ғалымның үйіне барды. Алайда Алтынай өз еркімен келгенін, Ғалым екеуі бірін-бірі сүйетінін айтып, аға-жеңгемізді қайтарып жіберіпті. Папам мені қайта-қайта құшақтап жылады, «Сен разы болмасаң сотқа берем» деп еді, ол кісіні райынан қайтардым. «Болар іс болды, менің көңіліме қарап екінші қызың бақытсыз болмасын» дедім.


Сол жағдайдан кейін мен енді қайтып орнымнан тұра алмайтын шығармын деп ойладым. Ауыл-аймақ, ағайын-туыстың бәрі менің тойымды күтіп жүрген, жұртқа қарар бет жоқ. Маған деп дайындаған жасаудың бәрі Алтынайдың артынан апарылды. Маған айтқан тойханада жігітім мен сіңлімнің тойы болды. Бәрі сол тойға кеткенде өз-өзіме қол жұмсап, өле қалам деп ойлап едім. Әкем мен шешем бармай, менің жанымда қалды.


Той өткесін киім-кешегімді жинап, оқуымды сырттай бөлімге ауыстырып Астанаға кеттім. Адамдарға деген сенім жоғалды, тек үй мен жұмыстың ортасына жол салып он жылды артқа тастаппын. Осы жылдар ішінде сөз айтқан, сезімін білдіргендер көп болды. Бірақ бәрінің бетін қайтарып тастаушы едім.


Жақында бір жігітке көңілім ауды. Оқу оқып, жалғыз анасы мен бауырларына көмектесу үшін үйленбей жүріп қалған екен. Көп ұзамай ол анасымен таныстырып, ұнатып, ағайын-туысымен ауылға құда түсіп барды. Сөйтіп некемізді қидырып, шаңырақ көтердік. Қазір тұңғыш сәбиімізді күтіп жүрміз. Бірақ Ғалым мен Алтынайға деген реніштен сол күйі арылмадым. Олардың сатқындығын кешіре алмай келемін. Бұндай күйден қалай арылуға болады? Бауырыммен араласпай жүргенім жаныма қатты батады...»