«Өлем деп қорқытады»: алматылық келіншек күйеуімен ажырасқысы келеді

0
2 173

«Менің орнымда болсаңыз, не істер едіңіз?» дейді күйеуінен әбден күйген әйел.


«Өлем деп қорқытады»: алматылық келіншек күйеуімен ажырасқысы келеді

(фото ашық дереккөзден алынды)

Адам жұмыстан ғана емес, жиі еститін жағымсыз сөзден де шаршайды. «Мұндай сөз жүйкені тоздырады», - дейді алматылық Мадина есімді әйел. Ол күйеуінің үнемі айтатын сөзінен мезі болғаны соншалықты, онымен ажырасуды ойлап жүр екен.


Мадина өмірін ERNUR.KZ тілшісіне баяндай отырып, көпшіліктен ақыл-кеңес сұрайды:


«Күйеуім алты қыздан кейін өмірге кеп, ата-анасын қуантқан үйінің кенжетайы әрі жалғыз ұл бала. Екеуміз группаласпыз. Иә, төрт жыл бірге оқып, диплом алған күні үйленгенбіз.

Қайынәпкелерім жақсы жандар. Шамалары келгенше бізге әрдайым көмектесіп отырады. Қара шаңырақта қандай да той-томалақ, отырыс болса, сол алты қайынәпкем барлық шығынды көтереді. Үйге құр қол келген емес. Ата-енемді шипажайға жіберетіндер де, ауыра қалса ауруханаға жатқызып, дәрі-дәрмегін әперіп, дәрігермен сөйлесіп шапқылап жүретіндер де – солар.

Мен мектепте мұғаліммін. Күйеуімнің де мамандығы мұғалім, бірақ ол қазір жұмыс істемейді. Институтты бітірген алғашқы жылдары атам оны мектепке тұрғызған. Бірақ сол жердегі бір ажырасқан келіншекпен әуейі боп, сөгіс алып жұмыстан қуылды. Мен төркініме кетіп, ата-енем соңымнан барып алып келген. Одан кейін ұрысып қалғанда мен оның опасыздығын есіне салсам, «Болды, шаршадым, өле салғаным жақсы» деп шығатын. Одан кейін ол тақырыпты қозғамайтын болдым.

Атам күйеуіме тағы жұмыс тауып берді. Өзінің бір танысының фирмасына орналастырды. Ол жерде де ұзақ тұрақтамады. Бастығының ескертпе сөзін көтере алмай, жұдырық жұмсаған. Күйеуім әке-шешесінің де сөзін, ақылын көтере алмайды. Ашуланып шыға келеді. Сосын «Бүйткен өмірі құрсын, өлем, шаршадым өмірден» деп түніледі.

Оның қателігін ешкім айтпай керек, «Жата бермей, ақша тап, жұмыс істе» деуге де болмайды. Ақша сұраса «Не үшін керек болды?» деп сұрасақ та ашуланады.

Бірде ол атамның жинап жүрген зейнетақысын сұрамастан алып, жұмсап жіберіпті. Сол кездері күйеуімнің қыдырысы көбейіп кетіп еді. Атам «ұрыны» біліп қойып, әбден ұрысты, ренжіді, кеиіді. Күйеуім орнынан ашуланып тұрды да «Өлем, тойдым» деп сыртқа шығып кетті. Бір уақытта енем «Ойбай, ұлың асылып өлмекші» деп үйге айқайлап кірді. Жүгіріп шықтық. Күйеуім ауладағы ағашқа арқан байлап жатыр. Жалынып, жылап жүріп тоқтаттық.

Енемнің туған күніне жиналған қайынәпкелерім інісін ортаға алып, онымен сөйлесті. Неге өмірден бас кешкісі келетінін білмек болды. Күйеуім көлік мінсе өмірге құштарлығы артатынын, ал жаны қалайтын жұмыс – таксист болу екенін айтты. Әпкелері ортадан ақша жинап, жылы ескілеу болғанымен, көп айдалмаған бір көлік сатып әперді.

Бірақ мен оны көруге зар боп қалдым. Таксистердің жұмысы кешке, түнде қызады. Мен үйге келгенде, ол жұмысына кетеді. «Тапсырыс бар, пәленшені Қапшағайға апарып әкелуім керек. Түгеншені ауылына апарам» деп, күнде кештетіп шығып кетіп, таң атқанда бір-ақ оралады... Жалғыз ұйықтауға да үйрендім, көндім.

Бір күні күйеуім таңға жуық жаяу келді. Ата-енеме көлігін жөндетуге тастағанын айтты. Ал маған «Біреудің қымбат көлігін соғып кеттім, қомақты ақша сұрады. Амал жоқ машинамды ломбардқа өткізіп, қарызға ақша алдым. Әке-шешеме білдірмей, ертерек ломбардтан шығарып алуым керек көлігімді» деді. Маған ақша тауып бер деді.

Апталдай азаматым қарсы алдымда сүмірейіп, жыларман боп отырған соң алтындарымды саттым, әріптесімнен қарыз алдым. Ешкімге ештеңені сездірмей, күйеуімнің көлігін ломбардтан алып бердім.

Күйеуім ақшаның қамбасын тауып алдым деп ойласа керек, енді менен жиі ақша сұрайтынды шығарды. Біресе, көлігі бұзылып қалады, біресе әмиянын жоғалтып алады, тағы бірде жол ережесін бұзып алғанын айтады. Телефонын жоғалтып алса да мен әперуім керек. Әйтеуір мәселесі таусылмайтын болды.

Ай сайынғы жалақымды күйеуіме беріп келе жатқаныма қаншама жыл болды. Бәріне шыдап жүрген едім, достары, көршілер қарыздарын сұрап келе бастағанда, бұны ата-енемнен жасыра алмадым. Атам сұрастырып жүріп, неге жұрттың бәріне қарыз екенін анықтады. Күйеуім букмерлік конторларда ойын ойнайды екен. Жанында жүрген досы атама «Әлі талай адам үйіңізге қарызын сұрап барса таң қалмаңыз. Бұның қарызы 2-3 миллион теңгеден асады» депті.

Бастапқыда сенбеген едік. Рас екен. Атам күйеуімнің көлігін сатып жіберді де, оның қарыздарын жапты. Бірақ одан кейін де күйеуімнің қарызы таусылмады.

Сенесіздер ме, содан бері де оншақты жыл өтіпті. Күйеуім жұмыс істемейді. Бірақ шыттай киініп, достарымен қыдыруын қоймаған. Ұл-қыз өсіп қалды, ал бұл әлі бізді «Өлем» деп қорқытады.

Бұрын шынымен өліп қала ма деп қорқатын едім. Үйге қонбаған түндері көз ілмей «Өліп қалмады ма» деп уайымдап шығатынмын. Қазір маған бәрібір. Шаршадым. Ажырасқым келеді... Жасымыз 40-тан асып, балалар өсіп қалғанда ажырасу қиын әрине, бірақ онымен тағы да 30-40 жыл бірге өмір сүру де оңай емес...»

Мұңлы әйелге қандай ақыл айтасыз, оқырман?


Ұқсас оқиғалар:

«Қызымның әкесі кім екенін білмеймін»: алматылық әйел өкінішін айтты
«Енемнің қасында жатады»: Қызылордалық жас келіншек құрсақ көтере алмай жүргеніне күйеуін айыптайды