Ол бір балаға зар боп жүрген ерлі-зайыптылар осыны қайталаса сәбилі болатынына сенімді.
«Он екі айдың сұлтаны – Рамазан айының басталуына санаулы сағаттар қалды. Бұл ай сауабы мол, денсаулық үшін де пайдасы орасан қасиетті ай. Жылына бір-ақ рет келетін бұл айды босқа өткізіп алмаңыз», - дейді түркістандық Алма есімді әйел.
Ол Рамазанды тілектер қабыл болатын ай дейді. Алма осы айда отыз күн ауыз бекітіп, дұға жасап, ұлды болған екен.
Түркістандық келіншек бір балаға зар боп жүрген ерлі-зайыптылар оның жасаған ғибадаттарын қайталаса сәбилі болатынына сенімді.
Қасиетті айда қандай ғибадат жасағанын Алма ERNUR.KZ тілшісіне кеңінен әңгімелеп берді:
Алманың айтуынша, ол 20 жасында тұрмысқа шыққан. Күйеуі – өзінің мектептегі парталасы, ауылдасы, алғашқы махаббаты. Сонымен қатар, екеуінің ата-аналары да бір сыныпта оқыған достар екен. Достық қарым-қатынасқа сызат түсіріп алмау үшін олар келінінің ұзақ жылдан бері бала тумағанына түсіністікпен қараған болар...
- Мен де бастапқыда солай ойлағанмын. Өйткені ата-енем бала туралы әңгіме қозғамайтын еді. Кейін белгілі болғанындай, кінәрат менде емес екен, - деді Алма.
Небәрі 20-24 жастағы жас келіншек дәрігердің диагнозын, сараптамалар қорытындысын талдай да алмайды. Тіпті бұл жастағы келіншектер күйеуін де тексерту керектігін түсінбесе де керек. Олар өзін кінәлап жүре береді.
Алма да бес жыл өзін жазғырыпты. Осы жыл аралығында ол ата-анасынан қаржы алып емделмеген дәрігері де қалмапты. Әркім әйтеуір бір дертті тауып, дәрі-дәрмек пен дәрумендер жазып берсе, балшықпен емделуді нұсқағандар да болыпты. Дәрігердің айтуымен шипажайда да жатып ем қабылдаған, арнайы массаж да жасатқан. Әрине күйеуінің де тексеріліп, ем қабылдау керектігін айтқан мамандар да болған. Бірақ күйеуі әрдеңені желеулетіп, тексерілуге бармаған екен.
Бір күні Алма күйеуінің костюмінің қалтасынан УДЗ сараптамасы жазылған қағаз тауып алады. Онда аталық ұрықтың қабілетсіздігі, тағы да басқа көрсеткіштер жазылған. Онша түсіне қоймағандықтан енесіне көрсетеді. Сонда ғана енесі ұлының жасырып жүрген құпиясын айтып беріпті.
- Иә, ұлым ем қабылдап жүр. Сегіз жасар кезінде қыстыгүні қойларды өзенге суаруға барғанда мұздың үстімен сырғанап ойнаймын деп, суға түсіп кеткен. Шығайын десе, мұз сына берген, тайған. Ауыл адамдары көріп шығарып алғанша мұздай суда болғаны әсер етті ме екен, білмеймін... Дәрігерлер емделеді депті. Барлық аурудың емі бар, емделеді, - деп күрсінді енем.
Алма енесінің жасаураған көзімен көзі түйісіп қалғанда, ары қарай сұрақ қоя алмағанын, дәрменсіз ананы аяғанын айтты. Сол күні Алма мен күйеуі ашық сөйлесіпті. Күйеуі қалтасынан шыққан сараптаманы әйеліне талдап, түсіндіріп беріпті.
- «Аталық ұрықтың мөлшері, сапасы жақсы, тек жалқау, аналық ұрықпен кездесуге барғанымен, «сөйлесуге ерініп жата береді» деген күйеуім сөзінің соңын әзілге айналдырып жіберді. Күліп отырып жыладық. Әйтеуір сол күні дәрігерге бірге барып тексеріліп, ем қабылдайтын боп шештік, - деді Алма өткенді еске алып.
Адамның дегені бола қалса, қабылдаған ем қона қалса қанекей?! Алма мен күйеуі ұзақ емделіпті. Арада тағы да 4 жылдай уақыт зырлап өте шығады. Бір күні енесі екеуін отырғызып қойып, «Адамнан шипа сұрап келе жатқандарыңа 8-9 жыл бопты. Мүмкін енді Алладан да тілеп сұрағандарың дұрыс шығар?! Екеуің де ауыз бекітіп, отыз күн ғибадат етсеңдер, құлшылықтарыңның сауабы ретінде құдай бала берер. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушы «бол» десе бола қалады. Бәрі де сол ғаламаттың қолында...» депті.
Расында барлық жақсылықтың, құлшылықтардың сауабын беретін Алла ғой. Алайда ораза үшін: «..Оның сауабын өзім берем» деп құдайдың ерекше айтқанын көбіміз ескере бермейміз. Сол жылы Алма мен күйеуі отыз күн ауыз бекітіпті. Ол:
- Оған дейін екеуміз де ораза ұстамағанбыз. Бастапқыда қиындау боп көрінгенімен, бір айдың қалай жылдам өтіп кеткенін аңғармай да қалдық. Егер енем қадағалап отырмағанда, біз бір ай толық ораза ұстай алмас па едік деп ойлаймын.
Олар ауыз бекіткен отыз күн ішінде шипалы сумен ауыз ашыпты. Оны да енесі біреулерден естіп, айтқан екен. Шипалы суды ерлі-зайыптылар өздері дайындапты.
Ауыз ашатын уақыт жақындағанда суға алдымен күйеуі Аллаһтың 99 есімінің үшеуін «Йа Халиқ, йа Баари, йа Мусаувир» 21 рет қайталап, дем салады. Сосын әйелі осы қасиетті үш есімді 21 рет оқып, суға үрлейді. Сосын екіге бөліп сол сумен ауыз ашады.
Отыз күн осылай қайталаумен бірге олар күнде түнде тілек намазын да оқыпты. Тілек намазы кәдімгі екі рәкат сүннет сияқты оқылады. Күйеуі екеуі қатар тұрып, тілек намазын оқиды, қатар отырып алақан жайып дұға жасап, перзент тілейді. Алма:
- Алладан шын сұрағандарға береді екен. Оразадан соң екі ай уақыт өткенде мен жүкті болдым... Біздің балалы болуымызға таламй отыз күн жасаған дұғамыз себепші болғанына ешкім сене қоймады, - дейді.
Тоғыз жылдан кейін алғашқы құрсағын көтеріп, он жылда аңсап жеткен ұлын ерлі-зайыптылар Аңсаған деп атапты. Олардың перзентті болғанын естігенде тамыр-таныс, ағайын-туыстарының бірі сәйкестікке балапты. Бірі «Әр тоғыз жылда адамның қаны тазарады, қандарың жаңарған ғой» десе, тағы бірі «Адам 15-18 сағат нәр татып алмай ашығатын болса, ағзада жасушаларға дейін тазару, жасару процесі жүреді. Соның нәтижесінде бүкіл ауру тамырымен жойылады. Балалы болуға кедергі болған дерт жоғалса керек...» деп жорамалдапты. Ал Алма бұны қасиетті айдағы дұға-тілектерімен байланыстырады. Ол «не нәрсені де отыз күн бойы құдайдан сұрап, ғибадат етсеңіз, кез келген тілегіңіз орындалады» дейді.
Шынында да осы уақытқа дейін отыз күн қатарынан күнде бір (бір ғана) тілекті тілеп, дұға жасап көргенсіз бе, оқырман? Қол жетпей жүргенді неге осы Рамазан айында Жаратушыдан сұрап көрмеске?..
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Ұқсас оқиғалар:
“Орамал тақпасаң ажырасам деді”: Көпбалалы әйел күйеуінің қойған талабына көндіге алмай жүр
“Күйеуге есеппен тию керек”: Елордалық келіншек өзінің әрекетіне өкінбейтінін айтты