"Отбасылы еркектің уәдесіне сеніп жүріп, жастық шағым өтіп кетті"

0
538

"Танысқанда бойдақпын деген еді. Әйелі, баласы бар екенін үш айдан кейін білдім. Қазір жасым 45-те. Бір баламыз бар"


Сурет: litmarket.ru

"Ең бағалы нәрсе – уақыт" деген рас сөз екен. Қаншама уақытымның босқа үміттенумен, күтумен өткеніне ішім ашиды. Әу баста отбасылы екенін білген соң байланысты үзбеген өзім кінәлі" - осылай деп аһ ұрған оқырман ERNUR.KZ тілшісіне жан сырын ашып, жас қыздарға ақылын да айтты.


"Танысқанда бойдақпын деген еді. Әйелі, баласы бар екенін үш айдан кейін білдім. Бірақ бауыр басып қалыппын, тастап кете алмадым. Ол да мені жақсы көретінін айтып, аяғыма жығылды.

Құрбыларым «Біреудің ұясын бұзып бақытты болмайсың. Бойдақ жігіт көп қой» деп, біреуі ағасымен, біреуі сыныптасымен таныстырды. Сөзім жараспады, ұната алмадым. Өйткені менің жүрегімде одан басқаға орын жоқ-тұғын.

Ессіз сүйгенім соншалықты, әйеліне ұстап бергім келіп, не істемедім десеңізші. Өзіне байқатпай, ақ жейдесіне далап жағып жібердім. Костюміне иіссуымды септім. Түк шықпаған соң келіншегіне қоңырау шалып айттым. Бірақ күткенімдей болмады.

Әйелі сатқындыққа шыдай алмай ажырасып кетеді деп ойлағанмын. Бірақ оның да қулығы бар екен. Күйеуінен қамқорлығын аямай, отбасына көңіл бөлу үшін жұмысынан шығып, үйде отырды. Өзіне қарап, күн сайын әдемі болып жүретінін әлеуметтік желі арқылы білдірді. Күйеуін күнде күліп шығарып салып, дәмді асымен күтіп алды. «Ат айналып қазығын табады» деп, шу шығармай, шерін іште жинап жүре берді. Бір күні сүйген адамым «Мен отбасымды таңдаймын» деді де, артына бұрылмастан кетіп қалды.

Мен одан батыл қадам күттім. Әйтеуір бір күні отбасын тастап, маған біржолата келеді деп үміттендім. Сол кездегі қиналысымды жазып, айтып жеткізу мүмкін емес. Үш жыл ұмыта алмай, күйзеліске түсіп қиналдым. Жылау, ренжу, ашулану, қызғану, өзімді керексіз сезіну, суицид сезімдері көп болды. Сенесіздер ме, осылай он екі жыл өмірім өтіпті.

Қазір жасым 45-те, тұрмыстамын. Бір баламыз бар, 3 жаста. Бұған да шүкір, әйтеуір отбасы құрып, ана болу бақытын сезініп үлгердім. Осы бақытты ертерек көрмегеніме өкінем. «Отбасылы еркектен аулақ жүргенімде, бүгінде 4-5 баланың анасы боп отырар ма едім? Балаларым студент боп өсіп қалар еді-ау» деген ой кеудемді қарс айырады.

Күйеуім жұмыстан келген соң баласын қолынан тастамайды. Демалыс күндері қасынан қалдырмайды. Қарап отырып "Еркектер әйелін көңілі қаламаса да, балалаларын тастап кете алмайды екен ғой" деп ойланам. Мойнына асылып, папалап тұрған баладан ешкім ажырағысы келмейді екен.

Қаракөз сіңлілеріме айтпағым да - осы. Баласы бар еркек сен үшін отбасын тастауы екіталай. Бекерге мен сияқты абыройдан айрылып, уақытыңды жоғалтасың. Орта жасқа келгенде өкініп отырмас үшін отбасылы еркекке ешқашан жолама! Жастық шағың күтумен өтіп кетпесін..."