Отбасындағы ұрыс-керісті ушықтырмай шешуге болады: 3 әдіс

0
610

Бұны біліп алыңыз. Қиын емес!


Отбасындағы ұрыс-керісті ушықтырмай шешуге болады: 3 әдіс

Фото: ашық дереккөзден алынды

"Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді" дейді дана ата-аналарымыз. Дегенмен отбасы болған соң түсініспеушілік пен келіспеушілік болмай тұрмайды. Ұрыспайтын ерлі-зайыпты жоқ. Бірақ ұрысты керіске, керісті жанжалға айналдырып алмауды ойлайтын дана әйел, ақылды еркектер бар.

Егер сіз де отбасындағы жанжал ушықпасын десеңіз, онда мәселені бейбіт түрде шешуге үйрететін мына үш әдісті пайдаланыңыз. Қиын емес!



1. Эмоцияны бақылау

Ұрыс-керіс басталғанда жауап қайтаруды, өзіңізді ақтауды емес, ең бірінші эмоцияңызды бақылауды ойлаңыз. Жанжал кезінде эмоцияға берілмей, тыныштық сақтауға тырысыңыз. Ашумен айтылған қатты сөздер, дауыс көтеру жағдайды ушықтырып жібереді.

Егер эмоцияңызды бақылай алмасаңыз, бірнеше минутқа бөлмеден шығып, тыныштаныңыз, содан кейін әңгімеге қайта оралыңыз.

Өзіңізді басқара алмай қалсаңыз да сәл үзіліс алып, тынышталу үшін үйден шығып кеткеніңіз жөн. Далада жүріп терең-терең тыныс алыңыз, жарты сағат аулада серуендеңіз. Бұл эмоцияның отын сөндіруге көмектеседі. Ал жанжалдан эмоциялар алынғанда тек мәселе қалады (жанжал-эмоция=мәселе). Бұл мәселені ақылмен шешуге жәрдемдеседі.



2. Тыңдай білу

Әр адамның пікірі маңызды екенін түсіну — жанжалды шешудің алғашқы қадамы. Түсіну тыңдаудан басталады.

Өкінішке орай, керіс кезінде адам өзінікін дәлелдеуге, ал екінші адамды кінәлі етуге тырысады. Бұндай ұстанымдағы адам тыңдауды білмейді. Сондықтан да жанжал ушығады және мәселе шешілмейді.

Керіс барысында қарсы тарапқа өз ойларын ашық айтуға мүмкіндік беріңіз, әрі оның сөзін үзіп, әрекеттерін сынауға асықпаңыз.

Тыңдап, оның сезімдері мен ойларын түсінуге тырысыңыз.

Бұл қандай да бір қорытынды шығарудан бұрын, өзіңізді оның орнына қойып ойлануға әрекеттендіреді. Сонымен қатар жанжалдың сыйластықты, қарым-қатынасты бұзуынан сақтайды.



3. "Мен" мәлімдемелерін қолданбау

Әдетте отбасылық жанжал басталғанда қырық жылдық реніш-өкпе айтылады. Екі тарап бір-біріне кінә тағып, "мен" деп басталатын сөздерімен ушықтырып жібереді.

Бұл мәселені шешуге, ортақ шешімге келуге кедергі келтіреді. Ал отбасында "мен" деген емес, "біз" деген сөйлемдер айтылуы қажет. Сонда ұрыс-керіс ұзаққа созылмай, отбасылық жанжалдар конструктивті түрде шешіледі.

Жанжалды болдырмаудың негізгі мақсаты - ортақ шешім табу. Тек мәселені талқылап қана қоймай, оны шешуге ұмтылыңыз. Шешімді бірге іздеуге тырысыңыз. Мысалы, «біз бұл мәселені қалай шешеміз?» деген сұрақ қойыңыз. Отбасылық мәселе туындағанда ұрыспас бұрын осы сұраққа жауап іздейтін болсаңыз, керіс жанжалға айналмайды.


Түйін: Жанжалдардың алдын алу үшін олардың болу себептерін түсініп, жағдайды өзгерту қажет. Отбасында жанжал жиі қайталанатын жағдайларды талқылап, оларды қалай болдырмауға болатынын ойластырыңыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Ересек адамның есеюіне көмектесетін 9 әрекет

Бала тәрбиесінде ең көп кездесетін ҮШ қателік