«Сойыстың соңы «соғысқа» ұласа жаздады»: шымкенттік ағайындылар жаназада жанжал шығарған

0
2 165

«Бірі баққан малына, екіншісі дастарханға қойған асы үшін ақы сұрады»


«Сойыстың соңы «соғысқа» ұласа жаздады»: шымкенттік ағайындылар жаназада жанжал шығарған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Біреулер «бауырым жоқ» деп армандайды. Сөйтіп досын, алыс туысын, әріптесін бауыр қылып той-томалағына ертіп барады. Өкіл бауыр етіп алған. Ал кейбіреулер бар бауырының қадіріне жете алмай, қырық-пышақ болып айтысып, тартысып, бет көрместей болып кеткен. Адамға дауа жоқ екен, қолда барда алтынның қадірін білмейді», - дейді Данагүл есімді шымкенттік әйел.


Көпбалалы отбасынан шыққан оқырманымыз екі ағасы жайлы ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп беруді жөн көріпті. Айтуынша, ағалары аналарының жаназасында дауласып, төрт жыл араласпай кеткен екен.


«Бір анадан тоғызбыз. Оның екеуі бақилық болып кеткен. Қазір, шүкір, жеті бауыр өз тіршілігімізді күйттеп, ғұмыр кешіп келеміз. Мен үйдің ең кенжесімін. Қазақтың «бір анадан ала да, құла да туады» дегені рас екен. Апам марқұм тірісінде «қайтейін, бұлардың өзін тусаң да мінезін туа алмайды екенсің» деп айтып отырушы еді. Сол кезде баламыз ғой, «не айтып отыр» деп онша байыбына бармайтынмын. Оны кейін, апам қайтыс болғанда түсіндім ғой.


Үйдің ең кішкентайы болғасын ба апама ерекше жақын болдым. Қолым қалт етсе төркініме барып, апамды шомылдырып, аяқ-қолын уқалап, әңгімесін тыңдап қайтуға асық едім. Ол да мен барсам қуанып, ішіне жиналып қалған әңгімесін айтып отыратын. Жетпіс жеті жыл өмір сүрді. «Ешкімге салмағымды салдыра гөрме, өз аяғыммен жүріп-тұрып кетейін» деп тілеуші еді, қабыл болған екен. Көп жатпады, екі аптадай қан қысымы көтеріліп, тамаққа тәбеті болмай қалды да, үзіліп кете барды.


Менің анам дана кісі болатын, көпті көрген, алды-артын ойлап, болжап, ешкімге ауыртпашылығын салғысы келмеді. Бір барғанымда «Жинап жүрген пенсияма бір тай алдырдым. Төрімнен көрім жақын, қанша өмірім қалғанын кім білсін. Олай-бұлай болып кетсем соны сойысына жаратар» деді. «Қойыңызшы, апа, әлден жамандық шақырып...» деп жылап қалғам. Апам сатып алған тайын малдың бабын білетін екінші ағама беріпті. «Өзің қарап, бағып, семірте бер» деп тапсырған.


Содан бері арада бес жылдай уақыт өтті. Дәм-тұзы таусылып, апамыз бақилық болды. «Апаң жақсы жасады» деп жұбатса да, кім анасын өлімге қисын, жылап-еңіреп жүріп жаназасын шығарып алдық. Апам алған жылқыны жығып, жарты етін жаназасына, жарты етін жеті күндік асына жаратты.


«Жаназаға көп адам келе алмады, алыс жақтан келетін жекжат-жұраттар енді жетісіне келеді. Сондықтан жақсылап дайындалайық» деді бауырлар бас қосып. Сөйтіп қалада тұратын жеңгеміз «мен самса, торт, пирог, қысқасы, дастарханға қоятындардың бәрін пісіріп келем» деп өзі ұсыныс білдірді. Қолынан бәрі келетін, оған біз де қуанып, рахметімізді жаудырдық.


Не керек, апамның жетісін де абыроймен өткеріп алдық. Адам аяғы басылған соң «енді қырық күндік асын қай күнге белгілейміз? Оған не соямыз? Үй тарлық етеді, қай жерде істейміз?» деген мәслихат болды. Дастархан басында бәріміз жиналып, асымызды ішіп отырғанбыз. Қалада тұратын ағам үлкен ағамызға қарап «Бақтияр, апам әперген тай бес жылдан бері бірнеше мәрте құлындаған шығар? Ертең апамның қырық күндігіне соның бір тайын сояйық, жұрттан ұят болмасын!» деді. Ұрыс осы жерден басталды. Бақтияр ағам ыршып түсті. «Қайдағы құлын, қайдағы сойыс?! Бітті, бәрі таусылды. Апам әперген тайды сойып, жұртқа жегізіп қойдық, менде ештеңе қалған жоқ!» деп шықты.


«Қалай жоқ, неше жылдан бері ол тай жылқы болды, туды ғой неше мәрте? Сонда ол қайда кетеді?» деп қаладағы ағам өршеленіп кетті. «Қайда кетеді, мен соны неше жылдан бері жем-шөбіне ақша шығарып асырадым. Менің бейнетімді кім ескеріп жатыр?! Бір мәрте құлындады, онысы өліп қалды. Екінші мәрте құлындаған, оны өзіме алып қалдым. Сонымен бітті, енді менен сойысқа мал сұрамаңдар!» деп тоқетерін айтты.


Қалада тұратын ағамның да мінезі әжептеуір еді, баяғыдан қызба-тұғын. «Сен енді апамның тайын баққанға ақы сұрап отырсың ба?! Олай болса менің қатыным да кешегі астың бүкіл пісірігін дайындап әкелді. Ол да қып-қызыл ақша тұрады біле білсеңдер. Онда оны да ортаға шашайық, төлеңдер менің қатынымның еңбекақысын» деп айқай шығарды. Бәріміз әп-сәтте азан-қазан болып кеттік. Қарашаңырақта тұратын үлкен ағам үн-түнсіз отырып қалды, сірә бауырларынан мұндайды күтпесе керек...


Бауырларымның мына жағдайда санасып, жаназаны пұлдап отырғандарына ішім ашып, жылап сыртқа шығып кеттім. Сөйтсем үлкен ағам «Сендерден ештеңе керек емес, келіннің еңбекақысын қазір мен беріп жіберемін. Ал қырық күндік асқа бір тана соямын. Сөз осымен бітті, тарқаңдар!» депті. Қырық күндік асты мың болғыр үлкен ағам бастан-аяқ өзі өткеріп шықты.


Бірақ осы жағдайдан кейін екі ағамның арасы ажырап, араласпай кетті. Той-томалақта көрсе де қол алыспайды, бір-бірінің үйіне бармайды. Қалада тұратын ағам ұрысып қалған ағама 500 мыңдай қарыз еді, «Онымен есеп айырысып, бетін көрмеймін» деп астына мініп жүрген көлігін сатып, беріп құтылыпты.


Анадан үш қызбыз, қалғаны ер-азаматтар ғой, оларға онша білінбейтін шығар, бірақ ағаларымның ашу-араз болып жүргені ең кішкентайы – менің жүрегіме қатты батты. «Бұлай болмайды, әке-шешеміздің әруағын ойласаңыздаршы» деп талай айттым. Көнбеген. Екеуін татуластырудың амал-айласын бес жыл бойы ойлап жүріп-жүріп, ақыры таптым. Жұмысымнан екі аптаға шипажайға тегін жолдама беріп қалды. «Екі адам бөліп демалса да болады» дегесін, соны екі бауырыма бөліп берейін дедім. Бірақ оларға бірге баратындарын айтпадық.


Алдымен ауылдағы Бақтияр ағама айттым. «Тегін жолдама, неше жылдан бері малдың соңында жүрсіз ғой, бір демалдырғаным болсын, барып қайтыңыз» деп әрең көндірдім. Ал қаладағы ағам ести сала қуанып кетті, «болды, барам» деп рахметін жаудырды. Сөйтіп екеуінің бір бөлмеде жататын етіп, бәрін алдын-ала ойластырып, Сарыағашқа аттандырып жібердім.


«Бақтиярдың демалатынын неге айтпағансың?» деп кешкісін звондап тұр. «Екеуіңізді әдейі жібердім. Бір анадан тусаңыздар да бөтен адам сияқты тағы неше жыл жүресіздер? Жұрттар бауырға зар, әркімді өкіл аға, өкіл іні етіп жүр. Тірі күндеріңізде сыйласып, өкпе-ренішті ұмытып, демалып келіңіздер» деп тұтқаны қоя салдым. Араларында не болғанын білмеймін, шипажайдан екеуі бірге келді, көңілді, татуласыпты. Оларды көріп қуанып қалдым.


Жалпы, дүниелік нәрсе үшін ренжісіп, ала арқанды кесу дұрыс емес. Дүние – қолдың кірі, ал бауыр бәрінен қымбат. Сондықтан тірі кезінде қадіріне жетіңіздерші дегім келеді».