​«ҰБТ деп ауырып қалды»: Алматылық ата-ана баласының оқуға түспей-ақ табысқа жетіп отырғанын айтты

0
2 831

"Оқуға түспей-ақ бір жылда табысты жұмысқа қол жеткізді"


​«ҰБТ деп ауырып қалды»: Алматылық ата-ана баласының оқуға түспей-ақ табысқа жетіп отырғанын айтты

мллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Қазір мектеп бітіруші түлектер үшін де, олардың ата-анасы үшін де сынақ мезгілі десе болады. Себебі, мемлекеттік грантты жеңіп алу үшін алда екі рет берілетін ҰБТ мүмкіндігі күтіп тұр. Бұл аталғандарың барлығына психологиялық тұрғыда салмақ салмай қоймайды.

«Мемлекеттік грант бәріне бірдей жетпейді. Сол сияқты, баланың барлығы да біз ойлағандай тестілеуде үздік нәтиже көрсетпейді. Егер балаңыз қаламаса, деңгейін байқасаңыз, неге басқа бағыт бермеске?!», - дейді алматылық ана ERNUR.KZ тілшісіне хабарласып, өз ойын бөліскен сәтінде.

-Көпшілікке осы ойымды және өткен жылы баламның қандай күйге түскенін айтып бергім келеді. Біз баланы бекерге қинайды екенбіз. Шын мәнінде оның қызығушылығын, даму деңгейі мен дамитын, ашылатын уақытын ескермейді екенбіз. Менің соған көзім жетті, - дейді ол өз тәжірибесімен бөлісе отырып.


Айтуынша, өткен жылы оның ұлы ҰБТ тапсырудан бас тартып, ЖОО-ға түсуге қарсы болған.

- Әкесі екеуміз көпшілік ата-ана сияқты талып қала жаздадық. Ұлымның алдында сынақ тестінде аз балл жинағанын білеміз. Өзі қалаған мамандығы бойынша пән таңдап, сынақ тестін тапсырғанда аз балл жинағаны үшін бір ай тамақ ішпей, ешкіммен сөйлеспей қатты ауырып қалған болатын. Содан кейін оған ҰБТ туралы ештеңе демейтін болғанбыз. Бұйырғаны болар деп шештік.

Қайтеміз, оны қинай бергенде, ұрысқанда бірдеңе шыға ма?! Осы уақытқа дейін білім деңгейі сол болса, кімге өкпелейміз?

Соңғы тестке барынша дайындалып жүрді. Салмақ тастап, әбіржіп те кетті өзі. Іштей балама жаным ашиды. Әкесі де аяп жүрді. Сөйткен баламыз ҰБТ күні жақын қалғанда бір-ақ күнде бас тартты.

«ЖОО-ға түспеймін деп шешетім. Сіз ұрыспасаңыздар болды. Келер жылы дайындалып барып түсемін. Әзірге куртар оқып, әкемнің қасында көмекші боламын», - деген шешімі мені сәл уайымдатқанмен, әкесін қуантты. Құрылыста істейтін ол расында қасына көмекші керек етіп жүрген.


Бірақ алматылық ананың ұлы биыл да ЖОО-ға түспеймін деп шешіпті.

- Күзге дейін әкесіне көмектесіп жүрді де, тапқан ақшасына үш ай бойы веб-дизайнердің онлайн курсын оқыды. Оның не екенін қайдан білейік, әйтеуір күні бойына компьютердің алдынан шықпайды. Бірақ көзінің бал-бұл жанғанына қарап өзінің керегін тапқан сияқты деп іштей қуандым.

Расында сол курстан соң бірден жұмыс тауып алды өзіне. Жалақысы да жақсы, өзіне жетіп, бізге де артылады. Қазір 5 ай болды, табысты қызмет етіп жүр. «Енді Мәскеуге барып тағы бір ай оқып келсем, Алматыдағы ең қажетті маманның бірі боламын» деп арманына қанат бітіп жүр.

Кезінде ЖОО-ға түспей қалды деп уайымдаған біз қазір ұлымның сол кездегі батыл шешіміне қуанамыз. Егер тағы төмен балл жинағанда тағы да уайымға түсіп, өзіне сенімі жоғалып ауырып қалар ма еді, кім білсін?! Сондықтан, ҰБТ деп баланы қинамайықшы. Бала өзі таңдауға еркі бар. Тек қажет деп өзіне ұнайтын бағытты таңдаса, соған қолдау көрсетсек жетіп жатыр екен. Әрі қарайғысын өзі-ақ алып кетеді. Қазіргі балалар бізге қарағанда әлдеқайда ақылды, - дейді ол.