Бұны тұрмысқа шығуды жоспарлап жүрген бойжеткен білуі тиіс.
Фото: ашық дереккөздерден алынды
Соңғы уақытта жиі айтылып жүрген «Абьюзер» деген кім? Әрине, онымен құрылған неке баянды болмайтынын, қарым-қатынас орнатпауды, алғашқы кездесуден соң-ақ байланысты үзу керектігін қыз-келіншектер біледі. Бірақ оны көп еркектің арасынан қалай ажыратуға болады?
Бұл сұрақ бойжеткендерді және екінші рет тұрмысқа шыққысы келетін келіншектерді ойландырары анық. Ендеше, біліп алыңыз, психологтар абьюзер еркекке мынадай сипаттама береді.
Бірінші белгісі
Тыйым салу. Әрине әр шаңырақтың өз заңы бар, бірге өмір сүрген соң ерлі-зайыптының бір-біріне қояр талабы, салар тыйымы болады. Бірақ оны абьюзер еркектің тыйымдарымен шатастыруға болмайды.
Ол барлық нәрсеге: боянуға, киінуге, қыдыруға, өз пікірін айтуға, жұмыс істеуге, құрбылармен кездесуге, ата-анасын қонақ етуге, артық ақша ұстауға т.б. тыйым салады.
Ол «Кім үшін боянып алғансың? Маған бояусыз-ақ ұнайсың», «Жаурайсың ғой, қалың әрі жабық киін», «Миыңды ашытып қайтесің?! Үйде балаларға қарап, кино көріп отырсай. Өзім асыраймын», «Құрбыларың сені көре алмайды, араласпай-ақ қойсайшы» деген сияқты сөздерімен қамқорсынып та тыйымдарын орындатқызады.
Ал өзіне бұның бәріне рұқсат, яғни оған ақшаны оңды-солды шашуға да, өз бауырларын үйіне жиі шақыруға, бұрынғы махаббаттарымен кездесуге, достарымен апталап тауға, балық аулауға баруға, үйге түнемеуге де болады.
Екінші белгісі
Агрессия. Отбасы болған соң келіспеушілік, түсініспеушілік болады. Ыдыс-аяқ сылдырлап тұрады. Бұл қалыпты.
Ал абьюзер осындай әр ұрыс-керістің соңын айқайға, жанжалға айналдырады, кемсітеді, балағаттайды, қорқытады, жұдырық жұмсайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, дауыс та, қол да көтереді.
Үшінші белгісі
Қатаң бақылау. Психологтар абьюзердің бақылауын қызғанышпен байланыстырады. Абьюзер әйелін барлық адамнан қызғанады. Сондықтан да ешкіммен араластырмауға тырысады. Ал егер қандай да бір той-томалаққа, я болмаса төркініне жіберсе, екі сағат ішінде 5-6 рет қоңырау шалып «Не істеп отырсың?», «Қасыңда кім бар?», «Қашан қайтасың?» деген сияқты сұрақтарымен мазасын алады. Тіпті шашын қидыруға әсемдік салонына барса да «Неге кешігіп кеттің?», «Қайтсайшы» деп, әйелдің бір сағаттық демалысын бұзады. Кешіккен жағдайда әсемдік салонына іздеп баруы да әбден мүмкін.
Сондай-ақ телефонын да жиі ақтарып, вацапта әпкесімен немесе құрбысымен жазысқан смс-терін оқиды. Белгісіз нөмірлер табылса тергеп, тексеріп отырады. Белгісіз нөмірге "Бұл кім? Неге менің әйеліме қоңырау шалғансың?" деп сұраудан да тайынбайды. Сонымен бірге әйелінің телефонына геолокатор орнатып қояды.
Төртінші белгісі
Бопсалау. Абьюзер бопсалауға шебер. Ол әйелін балаларымен, ақшамен, еркіндігіне тыйым салумен бопсалап, қалауын орындатқызады, айтқанына көндіреді, өлемін деп қорқытады.
Мысалы «Ажырасам десең, балаларды тастап кетесің», «Аналық құқығыңнан айырам», «Отбасылық мәселемізді ата-анаңа айтсаң, телефон ұстамайсың», «Күнде манты, бешбармақ істейсің, әйтпесе кете бер», «Семіріп бара жатырсың. Арықтамасаң, жаңа киім алмайсың», «Массаж жаса немесе тоқал алам» және жатын бөлмеде «Айтқанымды істемесең...» деп қаламайтын әрекетке мәжбүрлейді т.б. Осы секілді бопсалаулары уақыт озған сайын көбеймесе азаймайды.
Бесінші белгісі
Газлайтинг. Бұл психологиялық зорлық-зомбылықтың бір түрі. Адамды басқару үшін оны құнсыздандырып отыратын тәсіл. Нақтырақ айтқанда айыптау, кінәлау арқылы әйелдің өзін-өзі бағалауын төмендетеді. Абьюзердің құнсыздандырудағы мақсаты әйелге «Басқа ешкімге керек емеспін. Осындай кемшіліктеріммен қабылдағаны үшін күйеуіме қарыздармын» деген түсінік қалыптастыру.
Сонымен бірге абьюзер ешқашан өз қатесін мойындамайды. Көзбен көріп, қолмен ұстап алсаңыз да ол бәрін жоққа шығарып, керісінше сізді кінәлі етіп қояды. Қателігін айта бастасаңыз, дереу кемшіліктеріңізді жіпке тізіп өзіңізді айыптап шыға келеді. «Сенің кесіріңнен болды, енді саған ешнәрсе айтпаймын», «Саған үйленбегенде өмірім басқаша болар еді», «Байдың қызын алуым керек еді-ау» т.б.
Міне, ол осылай түрлі әрекеттерімен, сөздерімен әйелді үнемі құнсыздандырып отырады.
Алтыншы белгісі
Әйелінің қолына артық ақша ұстатпайды. Сонымен қатар өз бетінше жұмыс істеп ақша табуына да қарсы болады. Мұндағы ойы – әйелде «Өз күнімді көре алмаймын. Қолымнан түк келмейді. Одан да осы өміріме шүкір деп жүре берейін» деген ой тудыру және өзіне бағынышты ету.
Жетінші белгісі
Абьюзер кез келген тұрмыстық мәселеде күйзеліске тез түседі. Ойға шомып, серігіне ренжіп, онымен сөйлеспей қояды, көргісі келмейді. Бірер сағаттан соң стрестен шығу үшін ол әйелінің көңілін түсіретін сөздер айтады (достары мен бауырларының, ата-анасының кемшіліктерін айту, дене бітімі мен мінез кемшіліктерін айту т.б.). Әйелінің жанын жаралағаннан рақат тауып, тыныштық күйіне түседі. Айтқан сөздері мен ұрғаны үшін кешірім сұрайды. Өте мейірбан, жанашыр адамға айналып, сыйлық жасайды. Бірақ ертеңіне-ақ қайтадан агрессияға беріліп, үйдің тыныштығын бұзады. Одан соң стресс-әйелінің жанын жаралау-кешірім сұрау айналымы қайталанады.
Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз: