Сіз қалай ойлайсыз?
Фото: ашық дереккөздерден алынды
Түрлі-түрлі отбасы бар. Кейбір отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық, еркектің жұмыссыздығы мен жалқаулығы, қызғаншақтық, эмоцияналдық қысым көрсету, маскүнемдік, көзге шөп салу және ерлі-зайыптының ешкімге айта алмайтын сорақы істері жылдан-жылға жалғасып жатады. Бұған әлеуметтік желідегі ақпараттар дәлел. Арада бала болғандықтан, шыдап, көніп жүрген әйел көп. Бұндайда некені сақтаған дұрыс па, бұрыс па?
Үлкендердің басым бөлігі «Жұрт не дейді?», «Балаң әкесіз өседі. Бұл жағын да ойла», «Жаман да болса әкесі болсын», «Ұят болады», «Ажыраспа» дейді. Ал психологтар ажырасқан жөн екенін айтады. Неге?
Біріншіден
Бұндай отбасында психикасы сау баланың өсуі екіталай. Отбасында күнде ұрыс-керіс, жылау, айқайды естіп, төбелес пен үнемі ашулы ата-ананы көріп өсу баланың психикасына кері әсер етеді.
Қарапайым мысал: бір ай бойы күнде тек драма жанрындағы фильмдерді көріңізші. Көңіл күйіңіз бұзылып, күні бойы фильмдегі жағымсыз эпизодтар ойыңызға орала береді. Бұл қуануға кедергі, мұңайтады, күрсіндіреді, қорқынышыңызды арттырады. Ал көп жыл отбасындағы драманы көрген бала қандай күйде болады?
Мүмкін отбасындағы жағдайды балалардан жасырып, олардың көзінше тату-тәтті болуға тырысатын шығарсыз. Әйтсе де ішке бүккеніңіз стресс, депрессия, өкініш боп сыртқа шықпай қоймайды. Ал бала ата-анасының арасындағы салқындықты, ренішті айтпай-ақ сезеді. Бұл баланың жанына терең жарақат салады. Жан жарақаты физиологиялық аурулардың да бастамасы ола алатыны медицинада анықталған.
Екіншіден
Баланың тәрбиесіне де әсер етеді. Бала елгезек, әке-шешесінің ісін, дағдыларын тез қағып алады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақал дәл айтылған. Балалар ата-анасын идеал, мінсіз көріп, солар сияқты әрекет етуге тырысады. Айтқаныңызды емес, көргенін істейді.
Анасының таяққа жығылуын, әйел затының сөзбен қорлануын т.б. осы секілді көріністерді көріп өскен бала бұларды қалыпты жағдайға балайды. «Солай болуы тиіс» боп санасына жазылады. Ертең ол отбасы құрғанда сол істерді қайталауы әбден мүмкін.
Мысалы, қыз бала күйеуінің қорлығына көнгіш болса, ұл бала әйеліне қол көтереді. Көбіне солай. Өйткені ол одан басқа отбасы форматын көрген жоқ және ата-анасының жақсы да, жаман да ісі балаға үлгі.
Үшіншіден
Әлдекім қинап ұстап отырғандай ерлі-зайыптылар өзін тұтқын сияқты сезінеді. Осыдан ата-ананың ішінара соғысы басталады. Ал моральды түрде бір-бірін «жеп», «жойып» жатқан ерлі-зайыптының қарым-қатынасы баланың толық тұлға ретінде қалыптасуын әлсіретеді.
Дәрігер-психотерапевт, психиатр Айну Громова өзінің doctor_ayna деген инстаграм парақшасында бала үшін деп некені сақтау уақыт өткен сайын ерлі-зайыпты қарым-қатынасын шиеленістіріп жіберетінін жазады. Отбасындағы мұндай атмосфера баланың жан-дүниесін ойран етеді екен. Ішкі әлемі тыныш болмаған баланың оқу үлгерімі мен тәртібі ғана емес, тұлғалық дамуы да нашарлайды.
Төртіншіден
Отбасындағы ата-анасының кикілжіңі еске түскен сайын балада кінәлау сезімі өршіп, жек көру сезімі туындайды. Есейгенде әрбір сәтсіздігіне ата-анасын кінәлайтын болады. Тұрмыста, қызметте жолы болмаса да, қатарластарының соңында қалып қойса да бұны балалық шағындағы жан жарақаттарымен байланыстырады. Сонымен қатар, ол мәселені шешуден, алға ұмтылудан гөрі отбасында көріп өскен жағымсыз жайттарды, ата-анасының конфликтерін желеу етуге дайын тұрады. Осылай құрбан бала өсіп шығады.
Бесіншіден
Балаға толық отбасы емес, бақытты отбасы керек. Дәрігерлер «Дені сау анадан дені сау бала туылады» десе, психологтар «Бақытты ана бақытты баланы өсіреді» дейді. Ал сіз күйеуіңіз қасыңызда кезде өзіңізді бақытты, жайлы сезінесіз бе? Шынайы жауап дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Сыйластық пен сүйіспеншілік жоқ қарым-қатынасты бала үшін жалғастырасыз ба, жоқ па, әрине өзіңіз шешесіз. Бірақ қандай шешім қабылдасаңыз да, бір-біріңізден қатты жерісеңіздер де «бала үшін» ата-ана ретінде сыйластық қарым-қатынасын сақтауға міндеттісіздер.
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Энергияңыз осы екеуіне кетіп жатыр
Бала ата-ана махаббатына тоймаса не болады?