​Босанған әйелді депрессияға түсіретін 9 себеп

0
3 971

Кез келген депрессияның соңғы сатысы – рак ауруы.


​Босанған әйелді депрессияға түсіретін 9 себеп

фото: ашық дереккөздерден алынды

Өмірге кішкентай адамды алып келу, ана атану – зор қуаныш. Біреулер үшін ол тіпті арман. Дегенмен сондай бақытты құшақтап отырып та әйелдің 60-70 пайызы торығып, бір түрлі мұңлы күйге түседі десек сенесіз бе? Иә, бұл рас.

Бұны психологияда «бэби-блюз» деп атайды, яғни «аналық меланхолия». Ол аптадан айға дейін созылады. Ал егер бұл күй ары қарай да жалғасатын болса, депрессияға ұласып, соңы жақсылыққа апармайды дейді клиникалық психологтар.

Депрессияның алдын алу керек. Ал күйзелістегі аналар психикалық бұзылысты асқындырып алмауды ойлауы қажет. Өйткені күйзелістегі күйде адамды өзіне қол жұмсау, балаға қастандық жасау, өлім туралы жаман ойлар жетелейді. Ең жаманы, депрессияның соңғы сатысы рак ауруы екен.



Босанғаннан кейінгі депрессия деген не?

Бұл – адам жаңа рөлге (ана болу) көшкенде, өмірдің басқа кезеңіне аяқ басқанда, бұрын-соңды атқармаған міндеттер мойнына жүктелгенде, үміт пен күдік қатар келгенде болатын эмоциялық бұзылыс. Нақтырақ айтсақ, жаңа міндеттер мен балаға үйренісу, яғни адаптация кезеңіндегі үрей, уайым, өзіне сенімсіздік сияқты эмоциялар жиынтығынан туындайтын күй. Осындай күйде адам ұзақ уақыт болғанда күйзеліс туындайды.

Есте ұстаңыз, кез келген адаптация – стресс. Ал бала туған әйелде физикалық және психологиялық адаптация қатар жүреді. Күрделі адаптация кезінде әйелдің көбісі өмірден түңіліп, өзін-өзі тастап жібереді. Сондықтан осы кезеңде әйел өз-өзіне көмектесу керек, жақын адамдары жәрдемдесіп, күйеуі қолдау көрсетуі қажет. Қалай? Бұл сұраққа жауап іздемес бұрын депрессияны тудыратын себептерді біліп алайық.



Себептері

1. Босанудың ауыр өтуі. Көбіне алғашқы жүктілік пен босану барысында әйел қиналады. Өйткені тәжірибе жоқ, білмейтіні көп, толғақты бірінші рет бастан өткізді. Сондықтан да тұңғышын босанған әйелдің міндетті түрде стресс алатыны заңдылық. Ал егер операция (кесарь тілігі) жасалса, пышақ тиген орын жазылып кеткенше стресте жүреді.


2. Баланың физиологиялық ақаулары. Бала терісінің сарғыштығы, басында, бүйрегінде судың шамадан көп болуы, ұршық сүйегінің болмауы сияқты физиологиялық ақаулар жас ананы уайымға салады. Ал егер ДСП секілді ауруы болса, ол тіпті есеңгіреп қалады.


3. Гормондық өзгеріс. Бала туған соң әйел ағзасында пролактин гормоны (сүтке жауапты) бөлініп, прогестерон тыйылады. Қалқанша мен жыныс безінде де өзгерістер орын алады. Бұл адамның көңіл күйіне әсер етеді.


4. Жаңа өмір сүру салты. Мысалы: босанған әйел түнде бірнеше рет оянып ұйқы режимі бұзылады, ал күндіз екі сағат сайын емізеді. Сосын бала үшін кейбір тағамдардан (тәтті, ащы, қышқыл т.б.) бас тартуына тура келеді. Жаздыгүні де аяғы мен омырауын жылы ұстап жүруге дағдылану. Салқын су, газды сусын ішпеу.


5. Үйдегі шаруаның көбеюі. Өмірге бала келгеннен кейін әйелдің үйдегі жұмысы көбейеді. Бұрынғы шаруаларына баланың қарнын тоқ, жөргегін құрғақ ұстаудан бөлек, емханаға бару, далада серуендеу, баланы шомылдыру жұмыстары қосылады. Көп жұмысты жоспарлап бір жүйеге келтіргенше әйел шаршайды.


6. Ерлі-зайыпты қарым-қатынасы. Нәрестеге көп назар аудару қажет. Баласына көп көңіл бөлу мен шаршау және әйел ағзасының қалпына келуінің ұзаққа созылуынан ерлі-зайыптының жұбайлық қарым-қатынасында үзіліс орнайды. Осындайдан туындаған көңіл салқындығы, ұрыс-керіс онсыз да әрең жүрген әйелдің стресін күшейтеді.


7. Эмоционалды жалғыздық. Таңнан кешке дейін жұмыста болатын әйел үшін үйде баламен отыру өмірден алыстап қалғандай сезім тудырады. Жаңалықтың бәрінен тыс, бір орында дамылдап, дамымай қалғандай күйге түседі. Өзін өзгеден төмен санайды.


8. Сыртқы келбетіне көңілі толмау. Жүктілік кезеңінде салмақ қоспайтын әйел жоқ. Артық салмақтан бөлек екіқабат кезде әйелдің аяғы іседі. Кейбірінің бетін пигментациялық дақ қаптаса, кейбіреудің қарын мен сан терісі жыртылады. Шашы уыстап түсіп, сирейді. Айнаға қараған сайын «Бұрынғы қалпыма қалай оралам?» деген ой көңіл күйді бұзады.


9. Өзін кінәлау. Бала алғашқы айларда көп жылайды. Ұйқысы қанбаған, үй шаруасына үлгере алмай жатқан әйел «Жылай бермеші...», «Ой, не болды саған...» деп айқайлайды, ұрсады. Сосын бір кесе ыстық шайын ішіп, демалып алған соң «Ұрысқанымды түсінбейді ғой, неге ұрыстым екен?» деп, өзін жазғырады. Сүт аз шықса, газды сусын ішіп қойып баласының іші кепсе де, тәттіден нәресте беті қызарса да кез келген ана өзін-өзі кінәлайды. Ана деген сондай, бөбегінің шырылдап жылағанын, қиналғанын көргенде кінәні өзінен іздейді.

Осындай себептер стреске, ал стресс депрессияға апарады. Мүмкіндігінше депрессияға жол бермеген жөн. Өйткені статистикаға сүйенсек, жер бетінде депрессиядан көз жұмып жатқан адам көп.



Депрессиядан шығу жолдары

Байқасаңыз, депрессияны тудыратын себептердің басым бөлігі шаршаумен, уақыттың жетіспеушілігімен, ұйқысыздықпен байланысты. Ең бірінші осы екі мәселені шешіңіз. Яғни, тым болмағанда үш айға:

  • үй шаруасына көмектесуге жақын адамдардан жәрдем сұраңыз (ана, ене, әпке, жеңге, сіңлі, қайынсіңлі т.б.);
  • бала бағушы жалдаңыз;
  • шаруаларыңызды отбасы мүшелеріне тапсырып үйреніңіз;


Егер онда да күйзеліс күйінен шыға алмасаңыз, онда:

  • психолог кеңесін алыңыз; Маман нақты себепті анықтап, жол нұсқайды.
  • әңгіметерапия. Әйелдер ішіндегі мәселесін біреуге айту арқылы энергия алмасады. Жақын құрбыңызды үйге шақырыңыз, аулаға шығып көрші келіншектермен сөйлесіңіз.
  • өз ортаңызды табыңыз; Мысалы аналар чаты, жаңа туған аналар группасы вацап пен телеграмм желісінде көп. Сондай группаға қосылыңыз, бұл баланың алғашқы айларында туындайтын сұрақтарға жауап алуға, сабырға келуіңізге көмектеседі.
  • сейілдеңіз. Күнде бір-екі сағат үйде болмаудың амалдарын қарастырыңыз. Мысалы, баланы бір-екі сағатқа бала бағушыға қалдырып, күйеуіңізбен кафеге, киноға барыңыз. Я болмаса жақын маңдағы киім дүкенін аралап қайтыңыз.
  • гемоглобинді тексертіңіз. Қан сараптамасын тапсырып, қажетті дәрумендер қабылдаңыз. Дұрыс тамақтаныңыз.
  • күн сайын мүмкіндігінше тынығып ұйқыны қандыруға тырысыңыз.
  • өз көңіліңізді көтеріңіз; Күнде көңілді музыка тыңдап, 5-10 минут билеңіз. Ән айтыңыз. Комедия көріңіз.


Психологтардың зерттеуі бойынша бала туғаннан кейін пайда болатын депрессия 3-6 айға созылады. Ал кейбір әйелде бір жылға дейін ұласса, жер бетіндегі әйелдердің 13 пайызында бұл күй екі жыл бойы сақталады екен.

Депрессия тереңдеп кетсе, өмірге қызығушылық жойылып, соңы қайғылы жағдайларға алып баратынын есте ұстап, оған немқұрайлы қарамаңыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


«Бала үшін» некені сақтаған дұрыс па?


Бақытты болудың ЕҢ ОҢАЙ формуласы