Психологтар қыздардың өкініштерін топтап, тұрмыс құруға бөгет болатын қателіктер тізімін анықтапты.
фото: ашық дереккөзден алынды
Халықта «қатарыңнан қалма» деген мәнді сөз бар. Бірақ бұл сөздің тереңіне жас кезде ешкім үңіле қоймайды. Қатарластарының тұңғышы мектеп табалдырығын аттап жатқанда да ойланатындары аз. Ал құрбы-құрдастың баласы студент атанғанда ертерек отбасы құрмағанына өкінетін бойдақ көп. Әрине, «ештен кеш жақсы» деп өзін жұбатқанмен, уақыт күттірмейтін жағдайлар бар. Соның бірі – балалы болу.
Еркек мейлі, ол 40-45 жаста үйленсе де Елубай, Алпысбайлардың әкесі атана алады. Сондай-ақ ер-азамат бір жылда екі әйелден екі бала тудыруға да қауқарлы. Ал қыз баласы ше? Ол ана атана алмаса өмір бойы өзін-өзі жазғырып, қайғырып өтетіні белгілі. Психологтардың еңбектеріне көз жүгіртсек, әр түрлі жағдайға байланысты мүлде тұрмысқа шықпаған қыздар зейнет жасына жақындағанда баспанасы, көлігі, карьерасы болмағаны үшін емес, балалы бола алмағанына өкінеді екен.
Психологтар қабылдауына келген сол қыздардың өкініштерін топтап, тұрмыс құруға бөгет болатын қателіктер тізімін анықтапты. Біз саралап, ең негізгі 6 қателікті бойжеткендер назарына ұсынғанды жөн санадық.
№1 ҚАТЕЛІК
«Өмірім алда. Бәріне үлгерем» деп ойлау. Әрине, егер 25 жаста осылай ойласаңыз үлгересіз. Ал 30 жаста да «әлі үлгерем» десеңіз – қателік. «Уақыт көзді ашып-жұмғанша», «Өмір – қамшының сабындай қысқа» деп бекерге айтылмағанын есте ұстаңыз. Бойдақтық өмірдің қызықшылығына тоймай жүргенде, орта жасқа келгеніңізді аңғармай қаласыз.
Алдымен отбасылы және балалы болу жоспарын орындасаңыз, қалған мақсаттарыңызға 30 жастан кейін үлгересіз.
№2 ҚАТЕЛІК
Өзін-өзі тым жоғары бағалау. Өзін-өзі сүю, жоғары бағалау – өмірдің сынақтарында сынып кетпеуде, жетістіктерге жету жолында өте маңызды. Бірақ өзіне аса сенімді қыздардың көбісі ақылға сыймайтын талап қояды. Мысалы, 24 жастағы қыз «Менің қалауымдағы жігіт – өзімнен бір-екі жас үлкен, баспанасы, көлігі, қызметі (немесе кәсібі) бар, қалада, ата-анасынан бөлек тұратын азамат» дейді. 25 жастағы жігітте қызмет пен көлік болғанымен, баспана болмауы мүмкін. Немесе баспанасы болғанымен, ата-анасымен қара шаңырақта тұрады. Сондай-ақ бұл жаста төрт құбыласы түгел адам сирек.
Жан-жағыңыздағы ер-азаматтардың өмірін зерделесеңіз, бұл критерийлерге олар 35-40 жаста толық жетеді. Демек, таңдау жасын ұлғайту, я болмаса талап тізімін қысқарту керек.
№3 ҚАТЕЛІК
Өзін өзгелерден төмен санау. «Менің бойым аласа, ұзын бойлы жігіт қарамайды», «Ернімді үлкейтуім керек», «Толықпын» т.б. осы секілді ойлармен өзін кемсітетін қыз бірте-бірте көпшілік ортасынан, қоғамнан алыстайды. Әлдекім бір жігітпен таныстырам десе, «Кейін, кейін» деп кейінге шегере береді. Мұнысы «10 кг салмақ тастайын, сосын танысам» (осы секілді ойлар) дегені.
Тек сұлулар, мінсіз сымбатқа ие қыздар тұрмыс құрып жатқан жоқ. Табиғи жаратылыстан кемшілік іздемеңіз. Ал артық салмақпен күресуге, шашты қидырып, киім кию стилін өзгертуді кейінге шегере бермей, орындап тастаңыз.
№4 ҚАТЕЛІК
Балгерге бару, болашақты болжату. Бұл – қыздардың тұрмыс құруға әрекеттенуін тежейтін, бала рөлінен ересек позициясына көшуге кедергі болатын ең жаман әдет.
Кейбір бойжеткен «Мен қандай жігітке тұрмысқа шығам?» деп, кофемен бал аштырып, балгерге құмалақ шашқызуға құмар болады. Есте ұстаңыз, бұл иллюзиямен өмір сүруге, мүмкіндіктерді жіберіп алуға жетелейді. Өйткені жорамалға сенген бойжеткен ешкіммен таныспай, тек балгер сомдаған хирургті немесе погонды жігітті күтеді.
Ешқашан, ешқашан бал аштырмаңыз. Қызық үшін де болашағыңызды болжатпаңыз. Алдағы күнді құдайдан басқа ешкім білмейді. Данагөйлердің «Өмірің өз қолыңда» дегенін әркез есте ұстап, бақытыңыз үшін әрекетке көшіңіз.
№5 ҚАТЕЛІК
Үнемі ата-ана позициясында болу. Өзгеге қарыз сияқты өзінен бұрын өзгелерді ойлау. Өз өмірін шетке ысырып қойып, бірінші орында әке-шешесіне жаңа үй салып беруді, бауырларын оқытуды, сіңілдерінің тойын жасап беруді т.б. ойлап, жеке өміріне уақыт арнамайды. Бұны көп арасында «кіші құдай» деп те атайды. Барлық жақын адамдарыңыздың мәселесін шешіп беретін сіз құдай емессіз. Бәрібір ешкімнің мәселесі өмір бойы таусылмайды.
№6 ҚАТЕЛІК
Қиындықтан қорқу. Күйеу мен ата-ененің бабын табу, балаға қарау қиын деп ойлаған қыз бойдақ өміріндегі «жайлы аймақтан» шыққысы келмейді. «Жайлы аймақта» тыныш, өзі үшін өмір сүріп жүргенде орта белден асып кетеді.
Жалғыз өмір сүрсеңіз де мәселелер табылады. Зейнет жасына жеткенде оның да өз қиындықтары болады. Қорқыныштарыңызды жеңіңіз.
Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
"Жабылмаған гештальтты" өз бетінше қалай жабу керек?
Жалғыз перзентті тәрбиелеуде ескеретін 5 жағдай