Қарызың бар ма, ағайын?

0
13 296

Қарызыңыз бар ма? Қанша адамға, неше банкке қарызсыз?


Қарызың бар ма, ағайын?

фото: housewife-diary.ru

Жақында 50 жастағы көрші әйел ойламаған жерден өмірден өтті. Жаназасында молда «Артында қарызы бар ма?» деп сұрады. Банкке, қоңсысына және үй маңындағы азық-түлік дүкеніне қарыз екен. Кім төлейді?

Төрт ұлы бір-біріне, сосын төмен қарады. Үнсіздік. Осы кезде көпшілік арасынан бір кісі «Қайтыс болған адамның жылжитын, жылжымайтын мүлкіне кім ие болса, ол оның қарыздарына да ие болады. Мұрагері ретінде ол қарызды қайтаруға міндетті» деді. Үш үлкен ұл енді қара шаңырақтағы кенже ұлға қарады. Ал, ол үнсіз...

Білуімше, бұл әйелдің екі бөлмелі пәтерінен басқа мүлкі жоқ. Ал, пәтерін былтыр банкке қойып несие алғанын естігем. Бала-шағаңа дүние-мүлік емес, қарызыңды қалдырып кетсең қандай өкінішті!

Үйге келген соң отыра қалып қарызымды есептедім. Көп. Қарызы жоқ адам бар ма екен бүгінде? Қарызы жоқ адамды ең бақытты дер ем.

Бұдан 22 жыл бұрын мен қарыз дегенді білмейтінмін. Жас кезімде бір күні таңертең үйден шығып жұмысқа асығып кетіп бара жатқанмын. Автобус көрінбегеннен соң жолда ызғыған көліктерге қол көтере салғанмын. Біреуі келіп қасыма тоқтай қалды. Көлікте екі адам. Жүргізуші мен оның қасындағы ұлты түрікке ұқсас бір кісі самбырлап орыс тілінде бір нәрсені талқылап келе жатыр.

Бір уақытта жүргізуші менен орыс тілінде «Қарындас, сіздің қарызыңыз бар ма?» деп сұрады. Мен ойламаған жерден қойылған сұраққа бірден жауап бере алмай сасып қалдым. Сосын «Қандай қарыз?» дедім. Ол кісі «Әйтеуір, біреу-міреуге, таныс-туысқа қарызыңыз бар ма?» деп қайталап сұрады. Мен 2-3 секундтай ойланып қарасам, ешкімге қарыз емес екенмін. «Жоқ, қарызым жоқ» деп едім, әлгі кісі «Онда бақытты екенсің!» деді. «Сол да бақыт па?» дедім сосын өзіне қарсы сұрақ қойып. «Мен үшін қарызы жоқ адам ең бақытты жан» деп ала жөнелді. «Мысалы...» деп өз өмірін баяндай бастағаны сол, мен «Осы жерден тоқтатып жіберіңізші» дедім. Өйткені, расында жұмысыма жетіп қалған едім.

Ол кезде менің жасым 25-тер шамасында, 2 балам, күйеуім бар. Жұмысым да бар, ата-енеден енші алып бөлек шыққан жас отбасы едік. Біреудің үйін жалға алғанбыз. Үй қожайыны өзінің екінші үйінде тұратын. Бізге «Үйімізге қарап, таза ұстап отырсаңдар болды, ақысы қажет емес» деп келіскен. Тегін үй, аздау болса да жалақымыз бар, бірақ ешкімге қарызымыз жоқ заман екен сол бір кез.

Содан бері арада талай жыл өтті. Күйеуім жол апатынан қайтыс болған соң жанұя бағу жалғыз өзімнің мойныма артылды. Күйеуім барда, үй сатып алып үлгерген екенбіз. Ол кеткен соң қарызсыз жүрген күнім болмапты.

Аты дардай бір банктен несие алғанмын, ай сайын төлейтін мерзімі келеді де тұрады. Ол несиені де алар ма едім, әлде алмас па едім, банктен балаларға несиеге компьютер алып, оның ақшасын уақтылы құйып отырғанмын. Қалай қарызды құйып біттім, банк қызметкерлері қоңырау шалып, «Келіңіз, сіз біздің ең жақсы клиенттеріміздің бірісіз, сізге арнап есеп шотыңызға ақша салып қойдық, қалаған уақытыңызда пайдаланып, шетінен қайтарып отырсаңыз болды», - деді. Ары қарай не болғанын іштеріңіз біліп отырған шығар. Ақша керек болған кезде алдық, сосын қайта салдық, сол күйі алып-салып жүріп, ол ақшаны түгел төлеп құтылу үшін, қалтамнан 2-3 еседей қаражат шықты. Бұл менің банкті кінәлағаным емес. Әркім өз қызметін ұсынады. Оны пайдалануды шешетін өзіміз.

Ол кредиттен кейін енді қарыз алмаймын дегенмін өз-өзіме. Алайда құндыз тон киейік біз де, жұрттан қаламыз ба деп, кредитке тон кидім, үлкен бөлмемнің едені жарқырап жатсын деп кредитке кілем алдым. Ескі телефон ұстап жүргенім жұмыстағылардан ұят болмасын дедім. Студент ұлым қасындағы достарынан қалмасын деп әперген қымбат ұялы телефонының ай сайын төлейтін ақшасы бар. Оның оқу ақысы да бар ғой. Қызымды ұзатқанда жасауына қосатын дүниені сауда жасайтын достарымнан шетінен құтылам деп қарызға алғанмын.

Одан бөлек ай сайынғы су, жарық, жылу, көгілдір отын төлемдері, бәрі-бәрі жан-жағымнан қыспаққа алғанда, бар дүниені ұмытып безіп кеткім келеді. Тура бір айналамнан анталап айдаһар қысып, ұстап адымымды аштырмай тұрған сияқты.

Әрине, сол айдаһарды шақырған өзім екенімді мойындаймын.

Бір несиені екінші несиемен жауып, біреуден алған қарызды келесі танысымнан қарызға ақша алып құтылып келе жатқаныма 22 жыл болыпты. Бірақ әлі де қарызым көп. Қарызды күндерден қалай құтыламын деп аһ ұрғанда, жастық шағымда таксиде бір-екі минут қана сапарлас болған кісінің «Қарызыңыз жоқ па?» деген сөзінің мәнісін көп жылдан соң ғана түсініп, есіме жиі алатын болғанмын. Ал, көрші әйелдің жаназасынан кейін қарыздан біртіндеп құтылуды және одан соң мүлде қарыз алмауды ойлап, ақшаны үнемдеп жұмсаудың жоспарын түзіп жатырмын.

Енді мен ақшамен байланысты әр қадамымды ойланып басамын. Бір айда үш тойға шақыру келсе, біреуіне ғана барамын. Жалақы алған күні құрбыларыммен кафеге барып шай ішуді доғарамын. «Гәп» ойнауды тоқтатамын. «Коммуналдық төлем, телефон төлемі, киім сатып алсаңыз да 1 пайыз бонусты қайтарып ала аласыз» деп жарнамаланып жатқан банктердің бонустық карталарын да алмақшымын. Оның өзі әжептеуір ақша үнемдеуге жәрдем болатын сияқты.

Қазір менде бір ғана мақсат бар, ол қарыздан құтылу. Осы мақсатыма жетсем, ары қарай табысымды неге жұмсайтынымды жоспарлап та қойдым.

Қарызым біткен күні көршілерімді шәйға шақырамын. Тоқу тоқитын заттар аламын.

Содан кейін Фернан Магеллан сияқты саяхаттасам деймін. Бүкіл жер шырыны емес. Фернан Магеллан бүкіл әлемді айналып шықса, мен Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, тарихи орындарын көріп, бүкіл көл, өзендерін көргім келеді.

Қазақстанда 87 қала бар екен. Соның бәріне барып, аралап шығам, Алла бұйыртса! Ал, оқырман, сіз осы 87 қаланың қайсысында болғансыз?

Қарызыңыз бар ма? Қанша адамға, неше банкке қарызсыз? Қарыздан құтылудың қандай тиімді әдісін білесіз? Айта отырыңыз, білетініңізбен бөлісіңіз.

Мерей Тұран,

ERNUR.KZ