КРЕАТИВТІ отбасылық дәстүрдің 6 түрі

0
1 321

Сіздің отбасыңызда қандай дәстүр бар?


КРЕАТИВТІ отбасылық дәстүрдің 6 түрі

Фото: ашық дереккөзден алынды

Отбасылық дәстүрлер – отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын нығайтып, бірлік пен сыйластықты сақтауға көмектесетін элементтер. Ол – отбасы мүшелерінің бір-біріне қолдау көрсетуімен, ортақ естеліктер қалыптастыруымен құнды.

Психологтар әр отбасының өзіндік дәстүрі болуы маңызды екенін айтады. Мысалы: Демалыс күндерін бірге өткізу, табиғатқа шығу, мерекелер мен атаулы күндерде бір-біріне сыйлық жасау, апталық отбасылық жиналыстар ұйымдастыру т.б.



Психологиялық маңызы:

  • Тұрақты дәстүрлер отбасының өміріне мән қосып, дағдарыс кезінде қолдау көзі ретінде қызмет етеді.
  • Дәстүрлер арқылы отбасылық құндылықтар мен әдет-ғұрыптар келесі ұрпаққа беріледі. Бала ұяда көргенін өз отбасында қайталайды.
  • Өз отбасына құрметпен қарауды үйретеді.
  • Отбасылық дәстүрлер отбасы мүшелеріне бірге қуаныш бөлісіп, қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді. Бұл эмоционалдық байланысты нығайтады.
  • Бірге өткізілген уақыт қарым-қатынасты дамытып, отбасындағы жанжалдарды шешу жолдарын жеңілдетеді.
  • Әрбір отбасы мүшесінің өзін маңызды сезінуіне жол ашады.
  • Қандай жағдай туса да ол жалғыз емес екенін ұқтырады.
  • Балаға ең жанашыр адамдар - өз отбасында екенін санасында қалыптастырады.

Айта берсек, психологиялық тұрғыда отбасылық дәстүрлердің ата-ана, бала, бауырлар үшін де пайдасы көп. Ал, оқырман, сіздің үйіңізде қандай дәстүрлер бар? Егер әлі дәстүр қалыптастырылмаған болса, мынандай креативті отбасылық дәстүрлердің идеясын ұсынамыз.



1. Жексенбілік таңғы ас дәстүрі

Жексенбілік дастархан басындағы уақыт – бірлік пен қолдау сезімін күшейтеді. Жексенбі күні ешкім ешқайда асықпайды. Әдеттегіден бір-екі сағат кеш оянады. Бір-біріне ұқсас күндерге өзгеріс енгізу үшін отбасы мүшелері кезекпен таңғы ас әзірлеу керек. Мысалы бұл жексенбіде әкесі таңғы ас дайындаса, келесі жексенбіде үйдің тұңғышы дәмді аспен барлығын оятады. Осылай әр жексенбіге тізім түзіліп, әр отбасы мүшесі ерекше мәзірімен таңқалдыруға тырысуы қажет.



2. Жыл сайынғы отбасылық кітап

Жыл жылғаның суындай жылдам ағып жатыр. Жылдың қалай өткенін саралау үшін жыл соңында әр отбасы мүшесі 10-20 беттен тұратын кітап жазады. Қазір әр үйде ноутбук бар, өткен жылы болған қызықты сәттерді жазу қиындық тудырмайды. Шағын кітапқа етеліктер жазып, бірге түскен суреттермен безендіреді.

Бұл отбасы мүшелерін әр жылға есеп беруге үйретеді және келесі жылды одан да қызықты етіп өткізуге жетелейді.



3. Фильм талқылау

Небір мотивациялық, психологиялық, сабақ болар фильмдер бар. Сондай фильмдердің тізімін жасап, айына бір рет отбасылық фильм күнін белгілеңіз. Бәріңіз бірге отырып көріп, соңында бірлесіп фильмді талқылаңыздар. Әркімнің өз ойын айтуға мүмкіндік берілу керек. Тіпті пікірталасқа ұласса да жақсы.

Бұл отбасының басын біріктіріп қана қоймайды, сонымен қатар балалардың көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі.



4. Мейірімділік күні

Әр айдың бір күнін мейірімділік күні деп белгілеген дұрыс. Бұл күні қара шаңырақтағы ата-әженің хал-жағдайын сұрап бару, бау-бақшасын реттеу, жалғызбасты туысқанның үйін тазалап, терезесін жуып беру, аулаға көшет отырғызу секілді істерді балалармен бірге атқару керек. Немесе мейірімділік күні бір-біріне тек жылы-жұмсақ сөз айтып, жақсы көретінін жеткізуге арнауға да болады.



5. Отбасылық фотосессия

Жылына бір рет фотограф жалдап немесе арнайы фотозонаға барып отбасымен бірге суретке түсу - керемет естелік. Бұл естеліктерді сақтауға және өткенге құрмет көрсетуге үйретсе, бір жағынан бірге түскен әдемі фотолар балалар есейіп бөлек кетсе де арадағы жылылықты сақтайды.



6. Ойын күні

Айына бір рет теннис, шахмат, тоғызқұмалақ, ребустар, викториналар, өлең оқу, ән айту, би, велосипед тебуден жарыс немесе шығармашылық ойындар кешін ұйымдастырыңыз. Міндетті түрде жеңімпаз анықталып, сыйлықтар тапсырылуы қажет.

Бұндай дәстүрлер отбасы мүшелерінің арасында жақсы эмоционалдық байланыс орнатып, шығармашылық қабілеттерін дамытады және отбасы өмірін қызықты әрі мәнді етеді.

Өз фантазияңызға қарай бұл отбасылық дәстүрлерді түрлендіріп қолдануыңызға да болады.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқығыз:

Отбасындағы қарым-қатынасты реттейтін психотерапиялық 3 әдіс

Отбасы бақытын сақтаудың ҮШ формуласы