Жануар образына ену біздің елімізге де жетіпті...
Фото: ашық дереккөзден алынды
Әлеуметтік желіде жасөспірімдердің жаңа тренді таралып жатыр. Ол — жануардың (түлкі, сілеусін, ит, мысық т.б.) киімін киіп саябақтарда топтасып жүру, төртаяқтап секіру, жүгіру, ағашқа өрмелеу.
Бұрын ата-аналар жануарға "айналған" басқа елдің жастарын көріп жаға ұстаса, енді өзіміздің қаракөздеріміздің әрекетінен шошып отыр.
Жастар неге жануар кейпіне әуестенуде? Бұл психологиялық ауру түрі емес пе? Діни ағым ба? Баланы қалай қорғаймыз? Ата-аналарды алаңдатқан осындай сұрақтарға жауап беру үшін алдымен себебін іздестірдік.
Жасөспірімдердің жануарға еліктеуінің себебі көп екен. Мұндай мінез-құлық келесі жағдайларға байланысты болуы мүмкін:
1. Ойын
Балалар мен жасөспірімдер көбінесе қиялға беріліп, жануарларға еліктеп ойнайды. Бұл қалыпты дамудың бір бөлігі және әдетте уақытша мінез-құлық.
Мысалы, 3-12 жас аралығындағы балалардың рөлдік ойындарға қызығушылығы басым келеді. Ертегі, мультфильм кейіпкерлері немесе жануарлар образына ену үшін сол персонаждардың киімін киеді. Образ арқылы олар айналадағы әлемді түсінеді, әлеуметтік және эмоциональды дағдыларын жетілдіреді.
2. Спорт
Жапондық Кеничи Ито 2008 жылы 100 метрге төртаяқтап жүгіріп (18,58 секунд), Гиннестің рекордтар кітабына енеді. Осыдан кейін ерекше спорт түрі жастар арасында кеңінен таралады.
Төртаяқтап түрлі трюктарды орындау үшін жасөспірімдер жануарлардың маскасын киіп, құйрық тағады. Олар бұған жай спорт түрінде қарайды.
3. Жеке тұлғаны іздеу
Жасөспірімдік кезең — өзіне тән ерекшеліктерін, жеке тұлғасын іздеудің уақыты. Кейбір жастар осындай ерекше әрекеттер арқылы өзін көрсетуі мүмкін.
Сонымен қатар өзін-өзі табу процесіндегі кейбір жастарға бетперде астында өз пікірін білдіру, достармен қарым-қатынас құру оңайырақ.
4. Субмәдениет, топ
Мұндай әрекет белгілі бір субмәдениет пен интернет әсерінің көрінісі болуы мүмкін. Мысалы, "фурри" деп аталатын интернет субмәдениетінде адамдар жануарларға еліктеп киініп, олар сияқты әрекет жасайды.
5. Тренд
Әлеуметтік желілерде немесе ойындарда осындай әрекеттерді насихаттайтын бейнелер, трендтер бар. Кейбір жастар танымал трендтерге ілесу немесе парақшасында көп қаралым жинау үшін жануар киімін киеді.
6. Мінез-құлықпен байланысты
Психологтардың айтуынша, өзін жалғыз сезінетін, жұрттың назарын өзіне аударғысы келетін және проблемаларын жасырғысы келетін балалар бетперде киеді екен. Сондай-ақ жануар киіміне жасырыну - тұйық, ынжық адамға еркіндік сыйлайды.
Кейбір жағдайларда, мұндай еліктеу әлеуметтік оқшаулану, өзін-өзі таныту қиындықтары немесе эмоционалдық күйзеліс кезінде де байқалуы мүмкін.
Қорқу керек пе?
Жоғарыдағы бес себеп уақытша әрі қалыпты деп қарастырылады. Ал алтыншы себеп белгілі бір қолдауды қажет ететінін білдіреді.
Нақты себебін анықтау үшін неге жануар образына қызығушылық танытатынын түсіну керек. Баланы тыңдап, сұрақ қойыңыз. Балалар өзін тыңдағанын және түсінгенін сезінсе, ата-аналарына көбірек сенім артады. Ал сенім бар жерде шындық айтылады.
Қай кезде қауіпті?
- Егер жасөспірім өзін шынымен жануар деп санап, сол сенімге қатты берілсе, бұл шындықтан алыстау немесе диссоциациялық бұзылыстың белгісі болуы мүмкін.
- Егер бала жануарларға еліктеп, қоғамнан оқшауланып, басқа адамдармен қарым-қатынас жасаудан қашқақтаса, бұл ішкі психологиялық мәселелердің белгісі болуы мүмкін.
- Егер жасөспірімнің жануарға еліктеуі оның мектепке бару, қарым-қатынас жасау немесе жауапкершіліктерін орындау қабілетіне кедергі келтірсе, бұл маманның араласуын қажет етеді.
Алдын алу амалдары
- Онлайн қауіпсіздігін тексеріңіз. Балалардың интернетте немен айналысып жатқанын бақылаңыз.
- Шектеу қойыңыз. Ата-ана балаларға қауіпсіздік туралы ескертіп, қандай контенттің пайдалы немесе зиянды екенін түсіндіргені дұрыс.
- Достарымен танысыңыз. Жасөспірімдер көп жағдайда достарының мінез-құлқын қайталайды, сондықтан олардың ортаға еліктемеуін және кіммен араласатынын қадағалау керек.
- Назарын оқуға аударыңыз. Баланы спортқа, өнерге, музыкаға және басқа да пайдалы хоббилерге қызықтыру арқылы оларды позитивті ортаға бағыттауға болады.
- Жасөспірімдер өз әрекеттерінің қоғамдағы шекаралар мен нормаларға сәйкес келмейтінін түсінбеуі мүмкін. Оларға қоғамда өздерін қалай ұстау керектігін және әртүрлі мінез-құлықтың қандай салдары болатынын түсіндіру қажет.
Психологтар ата-ана баласына түсіністікпен қарап, отбасын мейірім және қауіпсіз әрі қолдау сезінетін мекенге айналдырса, дұрыс жолға бағыттай алатынын айтады.
Жазира Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
Отбасындағы қарым-қатынасты реттейтін психотерапиялық 3 әдіс