Мамандық ТАҢДАУдың супер тәсілі

0
5 744

Бұл әдіс оқушыларға ғана емес, мамандығын ауыстырғысы келетіндер мен хоббиін таба алмай жүргендерге де көмектеседі.


Мамандық ТАҢДАУдың супер тәсілі

фото: i.mycdn.me

Адамның өмірдегі тұрмыстық күйі де, көңіл күйі де таңдаған мамандығына, кім болатынына байланысты. Сондықтан да бұл қадамға жеті рет өлшеп барған дұрыс.

Психолог мамандар таңдау сәтінде адаспау үшін «5 өмір» деп аталатын әдісті қолдануға кеңес береді. Бұл психологиялық техника үшін 5 дәптер немесе қағаз және қаламсап қана қажет.


«5 ӨМІР» ТЕХНИКАСЫ

1 қадам: Бес рет өмірге қайта келу мүмкіндігі берілді деп ойлаңыз. Демек, сіз бес адамның өмірін сүре аласыз. Бес түрлі мамандықты таңдап, сол мамандықтардың арқасында өмірдің қалай өзгеретінін елестетіп жазыңыз. Болашақ өміріңізді сипаттау үшін мына сұрақтарға қысқаша жауап жазуға болады. Мысалы, бірінші өмірде:

  • Кім боласыз?
  • Қай салада жұмыс істейсіз?
  • Немен айналысасыз?
  • Қай жерде өмір сүресіз?
  • Кіммен немесе кімдермен бірге тұрасыз?
  • Қандай жетістіктерге жетесіз?
  • Тұрмыстық жағдайыңыз, табысыңыз қандай болады?

Армандаңыз. Елестетіңіз. Дәптерге жазыңыз. Ал екінші рет берілген өмірде ше, кім болғыңыз келеді? Екінші дәптерді алып, оған да осы сұрақтарға жауап бере отырып, өміріңізді сипаттаңыз.


2 қадам: Бес өміріңізді де жазып болған соң, әрқайсысын кезек-кезек оқыңыз. Қайсысы жаныңызға, қабілет-қарымыңыз бен мінез-құлқыңызға жақын? Образға еніп, рөлдерді сомдап көріңіз. Сол бес өмірдің әрқайсысын ойша «сүріп» көруге де, болашақ әр өмірге бір күн немесе бір апта арнауға да болады.


3 қадам: Осы бес өмірдің біреуін ғана таңдау құқығы берілсе, қайсысын таңдайсыз? Жан-жақты ойланып, таңдаңыз.

Мамандықты шатаспай, ішкі қалаумен үндесіп таңдау үшін осы тәсілді бірнеше рет қайталап қолдану керек.

фото: avatars.mds.yandex.net


АЛ МАМАНДЫҚТЫ АУЫСТЫРҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ...

«5 өмір» әдісін мамандығы бар, бірақ оны ауыстырғысы кеп жүргендер, жаңа хобби іздегендер қолданса да болады. Алайда мұнда сәл басқашалау, яғни жазған бес түрлі өміріңіздің әрқайсысын қазіргі (шынайы) өміріңізбен салыстырасыз.

  1. Қазіргі өмірімнен басты айырмашылығы неде?
  2. Қандай ұқсастықтары бар?
  3. Қазіргі өмірімде жоқ не нәрсе «ол өмірімде» бар?
  4. Ол өмірімдегі нені қазіргі өміріммен байланыстыра аламын?

Жауаптарыңызды саралай отырып, қазіргі өміріңізге, өзіңізге не жетіспейтінін, қалай өзгеріс енгізуге болатынын анықтау қиын емес. Анықтаған кезде тіпті мәселе мамандықта емес екенін ұғуыңыз да мүмкін. Түсінікті болу үшін мысал келтірейін.


МЫСАЛ: Мұрат – дәрігер, жасы 40-та. Ол бала кезде «Спорттық олимпиадалардың жеңімпазы болсам» деп армандаған. Бірақ әкесінің қалауымен дәрігер болды. Мұрат бұл салада жетістіктерге жете алмағанын, лауазымының өспегенін мамандығын өз қалауымен таңдамағанымен байланыстырады. Ол үшін үнемі әкесін кінәлайды.

Не істеу керек? Әрине өткенге өкпелегеннен пайда жоқ. Өмірінің орта тұсында спортқа ауысқанымен, олимпиада чемпионы бола алмайтыны да анық. Бірақ жан қалауын орындау ешқашан кеш емес. Ол үшін ескіні өзгертуді емес, жаңа нәрсе енгізуді ойлаған дұрыс.

Мұрат «5 өмір» техникасын қолдану арқылы жанының қалауын мамандығын ауыстырмай-ақ орындауға болатынын анықтады. Оның жаны күнде физикалық жаттығулар жасауды, зиянды әдеттерін жеңуді қалайтынын ұқты. Спортпен айналысқаннан, салауатты өмір салтын ұстағаннан рақат, бақыт табатынын түсінді. Ал бұны орындау үшін мамандық ауыстырудың қажеті жоқ. Фитнесзалға жазылу, спортты хоббиге айналдыру жеткілікті.

Мұрат мамандығын емес, өмір сүру салтын өзгертті. Ол спортпен шұғылдануды тұрақты түрде қолға алып, нәтижесінде ұзақ жыл тастай алмай жүрген темекісі мен артық салмақты жеңді. Оның жаны спорт чемпионы атағын емес, темекі мен артық салмақты жеңіп, өз нәпсісінің чемпионы болуды қалаған екен.

Ол қазір әкесіне деген реніштен де, көп ортасында өзін төмен санайтын комплекстен де арылған. Бақытты әрі өз өмірінің жеңімпазы ретінде сезінеді.


Мұрат сияқты «5 өмір» техникасын қолданып, жанының қалауын анықтап, қысқа мерзімді курстарды оқып, жаңа хобби тапқандар да бар. Өзін басқа қырынан танып жатқандар да жетерлік.


Бұл қаншама адамның өміріне өзгеріс енгізген психологиялық техника. Сіз де қолданып көріңіз.


Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Ешнәрсе де, ешкім де қызық емес пе? Не істеу керек?

20-20-20 формуласы ӨМІРді ӨЗГЕРТеді