"Мықты бала" тәрбиелеуге 3 кеңес

0
1 420

Мықты бала тәрбиелеу – жаны жараланған ересекті емдеуден оңайырақ дейді психологтар.


Фото: ашық дереккөзден алынды

Мықты бала! Жағымды, қуатты сөз. Қай ата-ана болса да өз перзенті жайында осы сөзді естігісі келеді. Ұл-қызының өзіне сенімді, өмір сынақтарында сынбайтын мықты болғанын қалайды. Бірақ бұндай баланы қалай тәрбиелеу керектігін жас ата-аналар біле бермейді. Ал біз тәрбиеде көмек болатын психологтардың қарапайым 3 кеңесін топтап қойдық.


Өбектемеу

Өбектемеу – баланы мейір-махаббаттан қысу, қамқорлық көрсетпеу немесе қатал болу деген сөз емес. Бұл баланың өзі әрекет жасауына, талпынысына қолдау деп түсінген жөн.

Мысалы, бір жасқа толмаған бала қарны ашса, ұйқысы келсе, мұны ол әр түрлі қимылдарымен немесе ыңылдап анасына білдіруге ұмтылады. Көрпесіне оралып, қозғала алмай қалса шыңғырып жылап, айналасындағыларды көмекке шақырады. Тәй-тәй басуды бастағанда құласа, орнынан тұруға әрекеттенеді. Байқасаңыз, барлық жерде – әрекетке талпыну. Кішкентай бала осылай әрекеттену арқылы физикалық тұрғыда және миы дамиды. Дамуын шектемеу үшін шектен тыс өбектеуді доғару керек.

Өкінішке орай, бастауыш сынып жасындағы баласының жазуын жазып, есебін шығарып, киіндіріп, аяқ киімінің бауын байлап беретін ата-аналар бар. Олар бәтеңкесінің бауын байлап берген сайын перзентін алға ұмтылу, әрекеттену мүмкіндігінен айырып жатқанын білмейді.

Қарапайым мысал, жүруді бастаған баланы әр құлаған кезде жүгіріп барып орнынан тұрғыза берсеңіз, ол соған үйреніп қалады. Кейін құлаған жерінде жылап жата беретін болады. Сәл жыласа жұбатуға асығып, айтқанын орындай берсеңіз, бала болмашыға аңырай беретін жылауық болады. Көбісінде ересек өмірінде де бұл әдет қалып кетеді.

Кез келген жастағы баланы өбектеп, шектен тыс еркелетуден бос, болбыр, басына іс түссе қайғырып бір орында отыра беретін әрекетсіз, әлсіз бала өсіп шығады.



Эмоциясын тежемеу

Бала әр түрлі эмоциялардың дәмін татып, оны сыртқа шығарып үйренуі қажет. Қысқаша айтқанда эмоцияларды бойында «шайнап, қорытып» үйренгені абзал.

Қорықса қорқынышын айтып немесе суретке салып, бір жері ауырса оның ауырғанын сезініп, добын біреу алып қойса ашуланып, қуанса алақайлап күліп, жарыста жеңіліп қалса ренжіп, өкініп, түрлі сезімдер өзгерісіне реакция бергені дұрыс. Осылай оның стреске қарсы тұру иммунитеті қалыптасады. Өйткені бала стресті әр түрлі эмоциялары арқылы сыртқа шығарады. Ал «Жылама, ұят болады», «Үндеме, тыныш отыр», «Сонша қатты ауырып жатыр ма, айқайламасайшы», «Шыңғыра бермеші», «Ешкіммен ұрыспа», «Тым көп сөйлеп кеттің, қойшы болды», «Мә, осы телефонмен ойнап бөлмеңнен шықпа», «Бұлай күңіренетін болсаң енді сайысқа қатыспай-ақ қойшы» деп эмоциясын шығаруға бөгет бола берсеңіз, эмоционалды тұрғыда әлсіз адамды өсіріп жатқаныңызға сене беріңіз. Ал эмоционалды әлсіз бала есейгенде болмашы қиындыққа шыдай алмай суицидке баруы ықтимал. Эмоциясын ішіне жұтатын көнбіс, томаға-тұйық балаға, әркімнің, әр жағдайдың құрбанына айналады. Сонымен бірге алдағы өмірінде мәселе туындаса қайғырып, ішімдікке салынуы да мүмкін. Сондықтан да әр түрлі эмоцияны кішкентай кезінен бастап-ақ сезініп көруге мүмкіндік беріңіз.



Еркіндігін шектемеу

Бала өз ойын айтса тосқауыл болмаңыз. Қонақ келгенде ән айтам десе, тыймаңыз. Ұнамайтын үйірмеге қинап апарудың қажеті жоқ. Алты жасар қызыңыз жұмыртқа қуырып көрем десе рұқсат беріңіз. Ыдыс жуамын деп сындырып алса, киімін үтікпен күйдірсе ұрыспаңыз. Автобуста ұйықтап қалып, басқа аялдамадан түсіп шатасса, байбалам салмаңыз. Бала осылай тәжірибе жинайды, қателесу арқылы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінеді. Әрине еркін болу керек деп, шектен шығаруға болмайды. Бәрінің өз шегі бар.

Еркіндігін шектемеудің тағы бір мысалы - таңдау жасауға мүмкіндік беру. Мысалы, 9-сыныптан кейін колледжде оқуды таңдаса, үзілді-кесілді қарсы болмаңыз. Не үшін 11-сыныпқа дейін оқығысы келмейтінін сұраңыз. Таңдауының «+» және «-» жақтарын бірге саралаңыз. Талдау жасап, сосын дұрыс шешім қабылдауға бағдар беріңіз.

Есте ұстаңыз: сіз болашақ жеке тұлғаны өсіріп, тәрбиелеп жатырсыз. Ал тұлғалық даму – процесс. Кез келген процеске кедергі болсаңыз, ол тоқтайды немесе баяулайды. Ендеше, өсу, даму жолындағы балаңыздың әрекет жасауына, эмоциясын көрсетуге, өз ой-пікірін айтуға бөгет болмаңыз.

Ж. СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

ҮШ ЕРЕЖЕ: қиындатпай-ақ өмір сүруге болады

Өз-өзіңе МОТИВАЦИЯ беретін супер 2 техника