Ол қандай белгілер?
Фото: ашық дереккөзден алынды
«Нағыз еркек» деген кім? Бұндай атты иемдену үшін қандай болу керек? Табысты ма? Батыр тұлғалы ма, әлде?..
Осындай сұрақтар аясында психологтар әр ұлт әйелдері арасында сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде әйелдер қауымы еркек бойындағы мынандай үш қасиет оны «Нағыз азамат» ететінін айтқан.
Бірінші
Ата-бабамыз «Батыр – бір оқтық, бай – бір жұттық» деп, ерлік пен байлықтан гөрі адами қасиетті жоғары бағалаған. Байқасақ, бүгінгі жұлдыз да, миллионер де ақшасы мен күш-жігерінің көптігімен құрметке бөленбейді. Табысы мен еңбегінің пайдасы тисе ғана халықтың алғысын алады, қошеметке ие болады.
Дәл сол сияқты, еркектің қандай жұмыс істейтіні, қанша табатыны маңызды емес. Маңыздысы – отбасын асырай алуы, әйелі мен бала-шағасына қорған, қамқор болуы. Мұндай еркек отбасында сыйлы, беделді. Ал отбасында абыройлы еркектің дос-жаран, ағайын-туыс ортасында да еңсесі биік болады. Бұл заман өзгерсе де ешқашан өзгермейтін тұжырым.
Демек, «нағыз еркек» болу үшін ең алдымен ол отбасының жағдайын жасап, жары мен перзенттеріне, ата-анасына мейірімді боп, қажеттіліктермен қамтамасыз етуі керек. Ал бұл – қалтаның қалыңдығына байланысты емес, жауапкершіліктен туындайтын қасиет. Яғни еркек бойында жауаптылық, жауапкершілік қасиеті болуы абзал. Өз өміріне жауапты адам мәселесін әйеліне, анасына, бауырларына жүктемейді.
Екінші
Атақты, бірнеше кәсіпті басқарып отырған шейхтан бір журналист «Әйеліңіз қандай адам?» деп сұрапты. Шейх «Мен бөтен адамға не үшін әйелім туралы айтуым керек?» депті. Арада біраз жыл өтеді. Әр ісін, қадамын аңдып жүрген әлгі журналист шейхтың ажырасып кеткенін естиді. Қаралымы көп сұхбат жүргізетін болдым деп, журналист шейхтың жолын тосады. Көп журналистің арасынан ол да микрафонын тақап «Әйеліңіз қандай жан еді? Ажырасуға қай мінезі, ісі себеп болды?» деген сұрағын қояды.
Шейх бір сәт үнсіз қалады да «Біз ажырастық. Ол енді мен үшін бөтен әйел. Бөтен әйел туралы ештеңе айта алмаймын» деген екен.
Міне, нағыз еркек осындай болуы керек. Ол басына нендей күн туса да өз жарын ешқашан жамандамайды. Отбасындағы құпияны, екеуіне ғана қатысты жағдайды сыртқа шығармайды.
Әйелін жамандау – еркекке тән қасиет емес, ұсақтық. Нағыз еркек тіпті ата-анасы мен бауырлары жайлы да жаман сөз айтпайды және өзгелердің айтуына жол бермейді.
Үшінші
Бір кәсіпкер инстаграм парақшасында «Пышақ қайрайтын еркегі жоқ үйден тілін қайрайтын қатын шығады» деп жазыпты. Ащы шындық.
Рас. Үйіндегі пышағын қайрап, шегесін қағып жүрген әйел «мен» деп көкірегін керетін болады. Ұрыс-керіс осыдан басталады, еркектің беделі төмендейді.
Ал нағыз еркек отбасындағы өз рөлін өзі атқарады, мәселелерін шешеді, міндеттерін орындайды. Ол кәсіпорнында президент болса да отбасына келген соң жанашыр жар, мейірімді әке екенін ұмытпайды.
Нағыз еркек болу үшін тоңазытқышты бесінші қабатқа дейін көтеріп шығу міндетті емес, оны көтеретін жүк тасушыны жалдауға да болады. Бастысы, еркектің қолын қажет ететін істі әйеліне орындатқызбайды.
Психологтар негізгі осы үш критерийді атапты. Ал, оқырман, сіз бұл тізімге тағы қандай қасиетті, мінезді қосар едіңіз?
Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
БАЛАНЫ балабақшаға ЖЫЛАТПАЙ ОҢАЙ үйретудің 4 қадамы