​Негативті туысқанмен қалай қарым-қатынас құру керек?

0
760

Өз тыныштығыңызды ойлауға, қорғауға құқылысыз!


​Негативті туысқанмен қалай қарым-қатынас құру керек?

Фото: i.sunhome.ru

Екі түрлі адам тобы болады дейді психологтар. Біріншісі – көңіл күйді көтеретіндер, екіншісі – қан қысымын көтеретін адамдар. Сіздің жақындарыңыздың арасында қай топ адамы көп?

Екінші топ адамдары "Үйіңе бара жатырмын" деген сөзін естіп-ақ қан қысымың көтеріліп, ол кеткенше өз үйіңде өзің еркін жүре алмай қаласың. Әр сөзі жүйкеңе барып қадалатын, орынсыз сөзбен шымшитын адам болады. Өз үйі жетісіп тұрмаса да "Терезеңнің сүртілмегеніне қанша жыл болған?", "Киімдеріңді бүктемейді екенсің иә?", "Қасықтарыңды бөлек салмайсың ба?" деп, ақыл айтып, барлық бөлмеңді адақтап шығатындар бар. Сонымен қатар, өз мәселесін айтып өмірден түңілдіріп жіберетін ағайын да болады.

Олар – ата-енең, абысыныңыз, бауырыңыз құдайы көршіңіз, бір кабинетте отыратын әріптесіңіз, құрбыңыз болуы мүмкін. Сондықтан "келме", "сөйлемеші" деп айта алмай жүрсіз. Арадағы ала жіпті үзіп, мүлде араласпай кете де алмайсыз.



Не істеу керек?

Көңіл күйді түсіріп, бір сағатта-ақ шаршататын мұндай адамдармен қандай қарым-қатынаста болған дұрыс? Психологтар мынандай үш әдісті ұсынады.



Біріншіден:

Оны үйіңізге келтірмеуге тырысыңыз. Келетінін хабарлағанда, "Әпкемнің үйіне кетіп бара жатырмын", "Дәрігерге жазылып қойған едім", "Үйде емеспін", "Қонақ келе жатыр едә үйге, қолым тимей жатыр", "Жұмыстармен көшеде жүрмін", "ХҚКО-да кезек күтіп отырмын" т.б. сылтау айта беріңіз. Иә, әркез қоңырау шалғанда осындай желеу айта салыңыз.

Тіпті үйіңізге қонақ келгенде немесе көшеге шыққанда қысқа-қысқа видеоға түсіріп қойсаңыз да болады. Негативті жақыныңыз "Үйіңе барам" дегенде алдын ала түсірілген видеоны жібере саласыз да желеуіңізді жазып жібересіз.

Осындай сылтауларыңыздан соң ол бірте-бірте жақтырмай жатқаныңызды түсінеді, ренжиді. Нәтижесінде ол келіп мазаңызды алмайтын болады.



Екіншіден:

Тыңдамаңыз. Иә, көңіл күйіңізді түсіретін және сынап-мінеген сөздерін тыңдамасаңыз, негативті тұрғыда әсер етпейді.

Тыңдамаудың бірнеше жолы бар:

- Әңгімесін бастап жатқанда, шай қоюға асүйге кетіп қалыңыз, "қазір біреуге қоңырау шалайын" деп сыртқа шығып кетіңіз;

- Сөзін бөле беріңіз;

- Өз мәселесін айтып бастаса "Айтпақшы, пәленше туралы естідің бе?"деп қызықсыз болса да тақырып ауанын басқа жаққа бұрыңыз;

- Тыңдаған сыңай танытып, бірақ телефоннан инстаграмды парақтап отырыңыз;

- Ол сөйлеп жатқанда айқайлап балаңызға ұрсыңыз.

Бұл әдістер негативті қабылдатпайды. Сонымен бірге "тыңдаушысы жоқ сөз - жетім" дегендей, ол диалогтың жалғаспайтынын түсінеді. Ал диалог болмаса қарым-қатынас та біртіндеп үзіліп, алыстан сыйласатын боласыз.



Үшіншіден:

Алыстан сыйласыңыз. Негативті туысқанмен телефонда да қысқа-нұсқа сөйлесуді үйреніңіз. Жағдай сұраса "жақсы" деңіз, болды. "Өзің қалайсың?" деп, әңгімені өрбутің қажеті жоқ. Мерекелерде құттықтау да, суретті смс жіберу де қажет емес.

Той-жиындарда кездесе қалғанда да сәлем-сауқаттан ары аспаңыз.

Есте ұстаңыз: Өз тыныштығыңыз үшін өтірік сылтау айту ұят емес. Сондай-ақ әр қаламыңызды аңдып бақылайтын, эмоциональды қысым жасайтын, бағаңызды төмендететін, кемшілігіңізді бетке басатын адамдарды жолатпауға, олардан өзіңізді қорғауға құқылысыз!

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жұмыста бұл 4 қателікке жол берме


Өзіңізді КІНӘЛАЙ БЕРЕСІЗ бе? Одан құтқаратын 3 техника бар