​Отбасындағы қарым-қатынасты реттейтін психотерапиялық 3 әдіс

0
1 731

Бұл терапияларды маманның көмегінсіз қолдана аласыз.


​Отбасындағы қарым-қатынасты реттейтін  психотерапиялық 3 әдіс

Фото: ашық дереккөзден алынды

Отбасында түсініспеушілік, келіспеушілік, ұрыс-керіс салдарынан мәселелер туындайды. Одан қарым-қатынас бұзылады. Қарым-қатынастың бұзылуы шаңырақтан берекені қашырады, сезімдерді суытып, сенімді әлсіретеді. Сондықтан да кез келген мәселе дер кезінде шешіп, “асқындырып” алмау керек дейді психотерапевтер.

Мамандар қарым-қатынасты реттеу арқылы отбасылық мәселелерден құтылуға болатынын айтады. Және қарым-қатынасты реттеу үшін мынандай психотерапиялық үш әдісті ұсынады.



1-әдіс: Структуралық отбасылық терапия

Structural Family Therapy әдісін 1960 жылы Сальвадор Минухин ұсынған. Терапия отбасындағы құрылымдық мәселелерді, яғни отбасы мүшелері арасындағы шекаралар мен рөлдердің бұзылуын анықтауға бағытталған. Әркім отбасындағы өз рөлдерінде болса, теңгерім қалпына келеді.

Мысал: Перзент әке мен анаға бағынбаса немесе әйел күйеуінің ескертулерін місе тұтпаса, онда отбасылық құрылым бұзылады да мәселе туады.

Сол сияқты бір шаңырақ астында тұратын ұл мен келін ата-енемен ақылдаспай тірлік істейтін болса да құрылымдық жүйе бұзылып, олардың арасында қарым-қатынаста мәселелер пайда болады.

Сонымен қатар, отбасындағы билікті әйел өз қолына алып, шешімді өзі қабылдайтын болса да жүйе бұзылады. Әйел отбасы асыраушысы рөлінде болса, отбасында әке беделі төмендеп, нәтижесінде ұл мен келіннің, қыздардың әкеге деген құрметі аласарады. Бұл да құрылымның өзгеруінен, рөлдерді шатастырудан орын алады.

Кеңес: Отбасында туындаған мәселелерді шешу үшін ең алдымен әркім өз рөлінде ме, соны анықтаңыз. Отбасылық құрылым рөлдері реттелсе, онда отбасы мүшелерінің де қарым-қатынасы реттеледі.



2-әдіс: Стратегиялық отбасылық терапия

Strategic Family Therapy әдісін Джей Хейли және Клоэ Маданес әзірлеген. Терапия отбасындағы мәселелерді шешу үшін ондағы адамдардың мінез-құлық үлгілерін өзгертуді көздейді. Жалпы, отбасында мәселенің тууына мінез-құлықтың өзгеруі 90% әсер етеді екен.

Мысал: Егер бала ата-анасының назарын өзіне аудару үшін үнемі қырсық мінез көрсететін болса, ата-ана бұл мінез-құлыққа қалай дұрыс жауап беру керектігін үйренуі керек. Яғни, ата-ана баланың қырсық мінезін өзгерту үшін назар аударудың бірнеше стратегиясын ойластыруы қажет.

Кеңес: Егер отбасында әлдекімнің қарым-қатынасы өзгерсе, оның мінез-құлқын бақылап зерттеу керек. Содан соң себебін іздеген жөн. Отбасының ішкі жайын зерделей отырып, мінез-құлқы бұзылған адамның реакцияларын талдап, себепті анықтауға болады.



3-әдіс: Системалық отбасылық терапия

Systemic Family Therapy -- отбасыны біртұтас жүйе деп қарастырады. Қарым-қатынасты реттеуге отбасы мүшелерінің барлығынан бірдей жаңаша әрекет талап етіледі.

Мысал: Отбасында бір бала үнемі проблемаларға тап болып жүреді. Қалғандары оны кінәлайды. Үнемі айыптап, қателігін бетіне баса беруден мәселе ушығады. Бұл барлығына зардабын тигізеді.

Бұл мәселені шешу үшін отбасы мүшелері бәрі бір ағзаның жүйесінде тіршілік етіп жатқан жасушалар секілді екенін ұғу керек. Немесе бір дененің мүшелері сияқты елестету қажет. Тәндегі бір мүшенің жұмысы бұзылса, я болмаса ауруға шалдықса, басқа мүшелерге де әсері тимей қоймайды.

Кеңес: Мәселеге қатысты барлық отбасы мүшесінің көзқарасын сұрап, талқылап, ашық сөйлесу керек. Бәрі кінәлі адамға қалай қолдау көрсетуге болатыны туралы ұсыныстарын ортаға тастап, оны түзеудің жолын іздеп, жаңа әрекетке көшу қажет.


Түсінікті болу үшін, Айгүл мен Талғаттың отбасындағы мынау мәселені талдап көрелік.

Жағдай: Айгүл мен Талғаттың екі баласы бар. 14 жастағы Аружан және 7 жастағы Дамир. Аружан жасөспірімдік кезеңде болғандықтан, ата-анасына жиі қарсы шығады. Дамир ұрыс-керіс кезінде бөлмесінен шықпай қояды.

Айгүл күйеуіне балалардың тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмейді деп шағымданады. Талғат болса, Айгүлді балаларға тым жұмсақтық танытып, еркелетіп жібердің деп кінәлайды. Осылай Айгүл мен Талғат жиі керісіп, айқайласады.

1-әдіс: Отбасының құрылымын және оның ішіндегі рөлдерді зерттейміз. Талғат әкелік рөлін ұмытып кетіп жүр, бала тәрбиесімен тек Айгүл айналысуда. Күйеуінің отбасына көңіл бөлмейтіні Айгүлдің ашуын тудырады.

2-әдіс: Мінез-құлық өзгерісінің себебін анықтаймыз. Аружанның қарсыласуы оның өзіне қажетті еркіндікке ие болуға тырысатынын көрсетеді, ал Дамирдің бөлмесінен шықпауы - оның отбасының қақтығысынан қорқатынын білдіреді.

Айгүл бала тәрбиесіне Талғаттың да атсалысқанын қалайды. Қалауын айқай, дау-жанжал және мінезінің өзгеруі арқылы жеткізеді.

3-әдіс: Отбасында бала тәрбиесіне қатысты ортақ келісімнің жоқтығы, Айгүл мен Талғаттың бір-бірін кінәлауы, балалардың мінез-құлқына кері әсер етуде. Олар бір-бірінің көзқарасын талқылайды, бір-бірінің мықты және әлсіз жақтарын саралайды. Аружан өзіне не керек екенін түсіндіреді. Айгүл балаларға тым жұмсақтық танытудың салдары туралы ойланады, ал Талғат отбасына қат-қабат жұмыс арасынан қалай уақыт арнайтынын, эмоциялық қолдау көрсету үшін отбасы кештерін өткізу идеясын ұсынады. Екеуі бірлесіп, балаларға қандай шектеулер мен жауапкершіліктер жүктеу керектігін анықтайды. Отбасының барлық мүшелері жаңа мінез-құлық үлгілерін қабылдайды және қолдайды.

Нәтиже: Отбасылық үш терапия нәтижесінде Айгүл мен Талғат өзара түсіністікке келіп, балаларға бірлескен тәрбие беру стратегиясын дамытады, отбасындағы қақтығыстардың азаюына, балалардың эмоционалды қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отбасындағы қарым-қатынастарды жақсартуға қол жеткізеді.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Декреттік демалыстан кейін жұмысқа оралуды жеңілдететін 5 қадам

Нағыз ЕРКЕКТІҢ үш БЕЛГІСІ