Референдум теңдей мүмкіндікке бастама

0
633


Референдум теңдей мүмкіндікке бастама

Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін, қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Бұл оқиғалар ел дамуын жаңғыртуға жаңаша серпін беру керектігін көрсетті. Бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет халық мемлекетіміздің тұтастығы мен егемендігіне зор қауіп төнгенін түсінді, тәуелсіздіктің қадірін жете сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшіліктің маңызын түйсінді, ел бірілігіне іріткі салушылардан мемлекетті қорғап қалды.


Қазақстан Президенті қоғам мен мемлекеттің елді басқару ісінде қоян-қолтық араласып, үйлесімді жұмыс атқаруын көздейтін реформаларды референдумға шығару туралы шешім қабылдады. Референдумда азаматтар Қазақстан Конституциясына енгізілетін өзгерістерге қатысты өз пікірін білдіреді.


Халықтың көпшілік дауысымен референдумда аталған реформалар қабылданған жағдайда мәселен, азаматтардың саяси бәсекелестігі артады: Мәжіліс депутаттығына партиялық тізім бойынша ғана емес, өзін-өзі ұсынушы ретінде де сайлана алады. Осыған дейін партияда болмаған азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әр өңір Парламенттің төменгі палатасына кемінде өзінің бір депутатын сайлай алады.


Қазақстанда әр адамға теңдей мүмкіндік беретін саяси жүйенің үстемдік құрғанын қаласаңыз референдумға барыңыз!


Досанов Нурбай Ермаханович

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының

Түркістан облысы бойынша филиалының аға оқытушысы, ғылым магистрі.