Жаңа жыл иелігіне таласу – аңыз ертегі. Дәркен ТАНАБАЕВ

0
1 813

Қос өркешті Қазығұрт тауының төбесі, Нұх пайғамбардың кемесі тоқтап қалған. Қазығұрт ата мен Қазығұрт ана қастарында бүкіл жан- жануарлар жұптарымен.


Жаңа жыл иелігіне таласу – аңыз ертегі. Дәркен ТАНАБАЕВ

І- көрініс.

Қос өркешті Қазығұрт тауының төбесі, Нұх пайғамбардың кемесі тоқтап қалған. Қазығұрт ата мен Қазығұрт ана қастарында бүкіл жан- жануарлар жұптарымен. Киелі «Тамшы бастау» тамып тұр. Төменде толқыған теңіз алыстан Алатау, Қаратау және басқа да таулардың шоқылары көрінеді.


Тышқан:

Ойбай! ата, қорқамын,

маңдайымда сор қалың.

Көзін қысып қарайды,

Мысық деген ортағым.

Дәмін татып тұрғандай,

Піскен майлы сорпаның.

Ойбай! ата, қорқамын!


Қазығұрт ата:

Томпаңдаған томпағым,

Келе қойшы қорқағым.

Ешкім саған тимейді,

Заңы солай ортаның.

Заңды бұзса қор болар,

Айналасы тор болар.

Көптің тапса көңілін,

Абыройы зор болар.


Тышқан:

Соны көрсем жортамын,

Болдым ата, қорқағың.

Көзі сұмдық сұсты екен,

Мысық көрсем қорқамын.

Ойбай! ата,қорқамын!


Қазығұрт ата:

Аяғыма оралма,

Тірлігіміз көп біздің.

Тышқан батыр, баршаға,

Жарлығымды жеткізгін.


Тышқан:

Батыр болсам болғандай,

Қауқарсызға жан балдай.

Баршамызға жолдайтын,

Жарлығыңыз ол қандай?


Қазығұрт ата:

Болдым сенің ермегің,

Қорқа, қорқа терледің.

Сен алдымен тыңдап ал,

Сөзді бөле бермегін.

Бүгін жылдың аяғы,

Ертең жылдың басы да.

Барлық аңды шақырғын,

Түгел келсін қасыма.


Тышқан:

Уа! Келіңдер барлығың,

Жүгір жылдам қарғығын.

Атам қазір айтпақшы,

Жаңа жылдық жарлығын.


Қазығұрт ата:

Жұмысы ауыр баршаның,

Бітпегені қанша мың.

Маған керек көмекші,

Ала өкпе боп шаршадым.

Таң шуағын ертеңгі,

Ең бірінші кім көрсе.

Жыл иесі сол болар,

Айтып жылдам үлгерсе.


Қарға:

Әнге тербеп төскейді,

Бәрі соны көксейді.

Айтшы бізге атажан,

Жыл иесі не істейді.


Қазығұрт ата:

Қазығұрттың басында,

Кемеміздің қасында.

Топан суы қайтқанша,

Біз боламыз осында.

Маған берген көмегі,

Бәрін теңдей көреді.

Жан біткеннің бәріне,

Тамақты тең бөледі.

Қамқоршы боп бек түзер,

Келер жылға жеткізер.

Жыл иесі құзырын,

Басқа жанға өткізер.


Аю:

Сізге тисе көмегі,

Болса оның дегені,

Жыл иесі мен болам,

Маған да сол керегі.


Түйе:

Талай өнер меңгерем,

Ұйықтамауды жөн көрем.

Таңның нұрын ертеңгі,

Бойым ұзын мен көрем.


Басқа аңдар таласып:

Жоқ! менде сенен кем емен,

Сенен бұрын мен көрем.


Түлкі:

Ит әуреге түскенше,

Атамыздан сұрайық.

Жыл басына айбатты,

Арыстан ғана лайық.


Қазығұрт ата:

Сөз ұқпайтын есер не,

Даурығып шу көтерме.

Күштеріңді көрейін,

Таласпаңдар бекерге.

Кім болса да бәрібір,

Қарамаймын қорқақ деп.

Тағы айтамын қайталап,

Жарлық көпке ортақ деп.

Көк шоқыны айланып,

Ойнақтаңдар күліңдер.

Керемет жыр, ән салып,

Би билейміз жүріңдер.

Көңілге кір жасырмай,

Ортаға сап жүрегін.

Әркім айтсын өзінің,

Жаңа жылдық тілегін.


Арыстан:

Жаңа жылым келетін,

Үмітімді ақтасын.

Зіл зала мен топан су,

Жұт дегеннен сақтасын.


Бұғы:

Бар жануар тоқ болсын,

Жеміс-жидек, ақ толсын.

Шүйгін болып шалғындар,

Несібеміз көп болсын.


Елік:

Тілегімді ақтағай,

Ағарса екен ақ самай.

Аялаған ұрпақты,

Азулыдан сақтағай.



ІІ- көрініс.

Таң жақындап қалған жан-жануарлардың көбісі ұйықтап қалған. Кейбірі

тағатсызтаңдыкүтуде. Берекесі қашқан тышқан біресе тасқа шығады біресе жерге түседі. Ең биік тұрған түйенің төбесіне өрмелепқара терге түсіп,көңілі жайланды. Қазығұрт атам бәрін бақылап ыңғайсыз жатқандарды жайландырып аралап жүр. Жаңа жылдың алғашқы таңы да атты.


Тышқан: Алақай! Сүйінші! таң атып келеді, мен көрдім, алақай!


Сиыр:Таң қандай әдемі, сүттей аппақ екен.


Барыс:Таңның нұры жебедей өткір.


Қоян:Таң ақ мамық ұлпадай жұмсақ.


Ұлу:Мөлдір судай тұнық екен.


Жылан:Найза сәулесі қандай ұзын.


Жылқы:Ат жалындай желбірегені қандай!


Қой:Таң жүндей жылы, жанға жайлы екен.


Мешін:Күміс нұры қандай ойнақы, қандай жеңіл.


Тауық:Күн ақ уыз жұмыртқадай дөп-дөңгелек.


Ит:Күн бауырмал достай елжіреп тұр.


Доңыз:Таң сүйкімді торайдай қып-қызыл.


Қазығұрт ата:

Қалт жібермей қарадым,

Бәрін түгел санадым.

Ақылды да еңбекқор,

Тышқан батыр жарадың.


Тышқан:

Алақай! Рахмет ата! Рахмет!

Үмітіңді ақтармын,

Әділдікті жақтармын.

Несібесін ортаның,

Өздері үшін сақтармын.


Қазығұрт ата:

Бәрін түгел байқадым,

Аппақ сүттей ақ таңын.

Тышқаннан соң сиырдың,

Кезегі деп айтамын.


Сиыр:

Рахмет ата! Рахмет!

Әр сөзіңді жаттармын,

Молшылықты сақтадым.

Тірлігі үшін ортаның,

Ақ сүтімді ақтардым.


Қазығұрт ата:

Өткір көзі алыста,

Сақадай тұр жарысқа.

Сиырдан соң кезекті,

Бердім өжет барысқа.


Барыс:

Рахмет ата! Рахмет!

Батыл болсаң қалыспа,

Мен дайынмын жарысқа.

Өмірі үшін ортаның,

Тырысамын намысқа.


Қазығұрт ата:

Өз сертімді жоям ба,

Қорқа берсе ноян ба.

Барыстан соң мақтадай,

Бердім кезек қоянға.


Қоян:

Рахмет ата! Рахмет!

Қорқа сейіл құрамын,

Үлкен менің құлағым.

Сенім артқан атамның,

Көңілінен шығамын.


Қазығұрт ата:

Таң шапағын көрген соң,

Болмас сөзді бұзуға.

Жыл кезегі келеді,

Қояннан соң ұлуға.


Ұлу:

Рахмет ата! Рахмет!

Сыздау жерде мекенім,

Үні шықпас жекенің.

Келеді ата ісімді,

Абыроймен өтегім.


Қазығұртата:

Жол бермеңдер ылаңға,

Салып жүрме бұлаңға.

Заңды орнын беремін,

Ұлудан соң жыланға.


Жылан:

Рахмет ата! Рахмет!

Сұсты салқын қаным бар,

Жетпіс жеті жаным бар.

Жаман нәрсе істесем,

Мені отқа мені жағыңдар.


Қазығұрт ата:

Түскен болсаң талқыға,

Қызмет қыл жалпыға.

Жыланнан соң кезегі,

Ауысады жылқыға.


Жылқы:

Рахмет ата! Рахмет!

Алды артыма қараймын,

Құйрық жалды тараймын.

Қамбар ата атым бар,

Талай іске жараймын.


Қазығұрт ата:

Қартайғанда ой алар,

Жаздан күзге боялар.

Жылқыдан соң кезегін,

Шопан ата қой алар.


Қой:

Рахмет ата! Рахмет.

Түбіт жүнін жинаймын,

Көңілдерді қимаймын.

Өз кезегім келгенде,

Құт береке сыйлаймын.


Қазығұрт ата:

Бәрі, бәрі есімде,

Сабыр сақта шешінбе.

Өз кезегін алады,

Қойдан кейін мешінде.


Мешін:

Рахмет ата! Рахмет!

Мазақтасам жақпаймын,

Сауық құрып тоқтаймын.

Өз кезегім келгенде,

Үмітіңді ақтаймын.


Қазығұрт ата:

Қарсы емеспін сауыққа,

Әзіл- күлкі қауып па.

Жыл иесі болады,

Мешіннен соң тауықта.


Тауық:

Рахмет ата! Рахмет!

Ақ жұмыртқа табамын,

Ақ қауырсын сабағым.

Өз кезегім келгенде,

Бір амалын табамын.


Қазығұрт ата:

Дос қадірін сезеді,

Қиындыққа төзеді.

Тауықтан соң ақ көңіл,

Келер иттің кезегі.


Ит:

Рахмет ата! Рахмет!

Білмесем де себебін,

Келер сізді демегім.

Қай кезде де атажан,

Сізге дайын көмегім.


Қазығұрт ата:

Жалғамаса өзегін,

Қарны ашады сеземін.

Иттен кейін өзінің,

Доңыз алар кезегін.


Доңыз:

Рахмет ата! Рахмет!

Ата, ата шаршама,

Қателессем ар сана.

Өз кезегім келгенде,

Жана саламын баршаға.


Қазығұрт ата:

Жарлығымды жар салдым,

Бәрің билеп ән салғын.

Құтты болсын жаңа жыл,

Жаңа жылды қарсы алғын.


Дәркен ТАНАБАЕВ. 1968 жылы Оңтүситік Қазақстан облысының Төле би ауданында бұрінғы Қазығұрт совхозындаға Әңгірата ауылында дүниеге келген. КАзПТИ мұнай факультетін бітірген. Құмкөл мұнай қазу экспедициясында еңбек жолын бастаған. Қазығұрт, Ана - жер ана, Ғашық жүрек атты жыр жинақтары жарық көрген.