Қазақ жеріндегі «Қазына түбегіне» барып көрдіңіз бе?

0
4 722

Бұл өлкенің тарихы да, табиғаты да ғажап!


Қазақ жеріндегі «Қазына түбегіне» барып көрдіңіз бе?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 және батыстан шығысқа қарай 1 300 шақырымға созылып жатқан Қазақстанның Батыс өңірі – Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарын қамтиды. Ал, аймақтың ірі өзендері – Жайық, Ембі, ал ең үлкен көлдері – Индер, Аралсор, Қамыс-Самар. Сондай-ақ, өңірде елімізде маңызды рөлге ие Каспий теңізі орналасқан.

Осыдан 2000 жыл бұрын бұл өңірден Ұлы Жібек жолы өткен. Оған қоса, Үстірт қорығының алуан түрлі жануарлар әлемі, Маңғыстаудың ерекше табиғаты мен тарихи-мәдени ескерткіштері, Каспий жағалауындағы көрікті орындар туристердің қызығушылығын оятпай қоймайды. Сондықтан да, бұл өңірге Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпірінен саяхаттап келушілер саны жыл сайын артып жатыр. Ал, біз бүгін Сіздерді «маңғаз өлкедегі» ерекше орындармен таныстырамыз.


Қарақия ойпаты

Қарақия ойпаты – Маңғышлақтың солтүстік жазығында, Ақтау қаласынан шамамен 50 шақырым жердегі мұхит деңгейінен 132 метр төменде орналасқан Қазақстан мен ТМД елдерінің ең төмен нүктесі. Ойпаттың етектері жайпақ болғандықтан, төменге түсу оңай. Бұл жердің әдемілігі – ойпатты мекен ететін түрлі жылан, қоян, түлкі, қарсақтармен және шырқау биікте жіті көзбен олжа аңдыған тазқара, маңайдан өткен-кеткенді қалт жібермейтін жабайы үстірт арқарымен бағаланады. Көрген көзге көрінісі де сұлу.


Ұлы Жібек жолы

Батыс Қазақстанның ең тартымды туристік бағыттарының бірі – ежелгі уақытта Маңғыстаудың бүкіл аумағы арқылы, оңтүстіктен – солтүстікке және одан әрі солтүстік-батыс, Үстірт, Шетпін-Каспий жағалауының қақпасы арқылы өткен Ұлы Жібек жолы бойымен саяхат жасау. Саяхат барысында керуен-сарайлар, бағзы қалалардың орны, аты аңызға айналған Шерқала тауы, Шыңғысханның ұлы Жошының қираған бекінісі, жартастан қашалған Бекет-Ата, Шақпақ-Ата жерасты мешіттері және т.б. тарихи кешендермен танысуға болады.


Тамшалы

Тамшалы – Форт-Шевченко қаласынан солтүстікке қарай 35 км-дей жерде, Түпқараған ауданында орналасқан табиғи су көзі. Тамшалы – кәдімгі киіз үйге ұқсас дөңгелек кеуек үңгір. Тас қабырғаның кей жерлерінен мұздай әрі мөлдір су бүркіп тұрады. Сол судың әсерінен үңгір табанында шағын көлшік пайда болған. Осыған орай Тамшалы аталып, ертеден төңірегіндегі елдің ауыз су көзіне айналған, ал көл арнасынан артылып аққан су суармалы егіншілікке пайдаланылып келген. Тамшалының ерте заманнан елді мекен болғандығын сай бойында сыңсып өсіп тұрған тұт ағаштары айғақтайды. Маңайындағы Ұлы Жібек жолының бір тармағы қосылған қыр басында ерте дәуір ескерткіштері (молалар) сақталған. Бүгінде Тамшалы – мәдени демалыс аймағы болып отыр.


Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы

Үстірт қорығы – 1984 жылы құрылған Қазақстанның Батыс өңіріндегі жалғыз қорық. Аумағында муфлон, гепард, ақбөкен, қарақұйрық, шақал, түлкі, ұзын кірпі сияқты сирек кездесетін жануарлар мекен ететін Үстірттің көрікті жерлері археологиялық ескерткіш болып есептеледі. Ежелгі заманда осы аймақтан Хорезм-шах жолы сияқты көне керуен жолдары өтіп, бойында ежелгі Шахр-и-Вазир қаласы, Белеули керуен-сарайы және Аллан бекінісі салынған. Сонымен қатар, Үстірттегі Манат ауданында және Қарынжарық ойпатының маңында 60-тан аса неолит тұрақтары шоғырланған. Жалпы, тарихпен танысқысы келетін туристер үшін өте қолайлы жер.


Археологиялық ескерткіштер

Аймақтың солтүстігіндегі Қызана, Өлі Құлтық жерлерінен табылған ежелгі жерлеу орындары осы жерлерді Сақ-Массагет дәуірінің халықтары мекен еткенін айқындай түседі. Ал, Шетпе қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Ақмыш жері сұлу табиғатымен, ежелгі тарихи ескерткіштерімен туристерді өзіне тартып тұрады. Сонымен қатар, Ақмоладан үш шақырым қашықтықта Самал және Сазанбай шатқалы, Форт-Шевченко қаласынан 30 шақырым жерде Ханга-баба шатқалы орналасқан.


Ғажайып үстірттер

Батыс Қазақстанның көрікті жерлерінің бірі Ақкергешін және Ақтолағай үстірттері. Бұл жерлердің фантастикалық ландшафтын көру үшін жолсерік қажет, өйткені мұндағы ғажайып ақ жартастарға жол салынбаған. Дегенмен, Маңғыстау халқының айтуынша, бұл жерге бір барған адам қайта барғысы келіп тұрады екен.


Шалқар көлі

Орал қаласының оңтүстік-шығысына қарай 75 шақырым жерде орналасқан Шалқар көлі қызықты демалыс орны болып есептеледі. Өйткені, ол Батыс өлкедегі ең көне, терең және ірі су айдыны. Сонымен қатар, Шалқар көлінің жағасындағы таза ауа, мөлдір су мен құмды жағажайлар демалушыларды өзіне тартады.


Каспий теңізіндегі демалыс

Ал, жағалаудағы тамаша демалысты армандасаңыз, онда Сізді Каспий теңізі күтеді. Ондағы құмды жағажай, мөлдір су мен күннің ыстығы демалыстан ұмытылмас әсер алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Каспий жағалауында орналасқан Ақтау қаласынан қонақүй жалдай аласыз. Алайда, қазір Ақтаудан 210 шақырым жерде орналасқан «Кендірлі» демалыс кешені туристердің арасында үлкен танымалдылыққа ие. Мұнда барып, теңіз шығанағының жағасында демалуға барлық жағдай жасалған.

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:

Әуежайда АБЫРЖЫП қалғыңыз келмесе, МЫНА кеңестерді оқып алыңыз

Қазақстандағы ең қымбат қонақүйлер - ТОП-5