​Шетелдердегі туристер үшін тегін қызмет ететін көрікті орындар

0
2 432

Саяхатқа шыққанда әрбір турист мейлінше арзан жолдарды қарастыратыны сөзсіз. Себебі, кетер шығын аз емес. Десе де, дүниедегінің барлығы ақшаға келіп тіреледі деу де қате. Әлемде туристердің қалтасының түбіне жетуді ғана емес, жақсы әсер мен қымбат көңілді ойлайтын орындар да баршылық.


​Шетелдердегі туристер үшін тегін қызмет ететін көрікті орындар
иллюстрациялық фото: e-searching.net

Саяхатқа шыққанда әрбір турист мейлінше арзан жолдарды қарастыратыны сөзсіз. Себебі, кетер шығын аз емес. Десе де, дүниедегінің барлығы ақшаға келіп тіреледі деу де қате. Әлемде туристердің қалтасының түбіне жетуді ғана емес, жақсы әсер мен қымбат көңілді ойлайтын орындар да баршылық. Олар адамдарға, әсіресе, саяхатшыларға жақсы естеліктер сыйлайды, көңілін көтереді, рухани байытады, алайда, бұл үшін бір тиын да өтем сұрамайды. Осындай нысандар ішіндегі ең танымалдары назарларыңызда.

Таиланд: Бангкок ұлттық мұражайы

фото: sibvoyage.ru

Аумағы кішкентай болса да, мазмұнға бай мұражай Бангкоктағы екі көне ғимаратты қамтиды. Жәдігерлер арасында тарихы 100 жылдан асатын сурет картиналары, керамика ыдыстар, жиһаздар, әшекей бұйымдар, т.б. бар. Мұражайдың ішкі көрінісі жеке адамның пәтерін еске салады. Аралап жүрген адамдарға үнемі үй иесі қазір ғана шығып кеткендей, міне-міне кіріп келердей сезіледі екен. Атмосферасы ерекше осынау нысанды аралау үшін жексенбіден басқа күндері келіңіз. Ал, кіру ақысын төлеуден еш қам жемеңіз.

Қытай, Пекин: Малиандао шай базары


фото: upforacup.files.wordpress.com

Пекиннің Батыс теміржолына жақын маңда атышулы Малиандао шай базары ірге тепкен. Әдетте, «атышулы» деген нысандардың барлығы туристердің қалтасын қағып, ақысыз түрде қызмет көрсетпеуші еді. Малиандаоның олардан ерекшелігі — тегін қызмет ететіндігі. Бұл жерден ешқандай ақы төлеместен әлемдегі ең таңдаулы қытайлық шай сұрыптарының дәмін татып көруге болады. Ал, дүкен иесі жомарт болса, тіпті бірнеше шай қалтасын сыйлыққа ұсынуы да әбден мүмкін. Осы себептен базар маңынан айшылық алыс жерлерден сабылып келген шайқорларды көптеп кездестіруге болады.

Германия, Берлин: Бадешифф бассейні

фото: squarespace.com

Бадешиф — ақысыздығымен ғана емес, орналасу үлгісімен де аса айрықша орын. Өзгешелігі сол – бассейн жерде емес, Шпрее өзенінің үстінде қалқып жүреді. Көне кеме табанынан жасалған жаңаша су айдынының көлемі — 8х32 м, тереңдігі — 2 метрге жуық. Бадешифф келушілер үшін күн сайын таңғы 8-ден түннің бір уағына дейін жұмыс істейді. Қыста үстіне түссіз шатыр жауып, жылы сумен толтырады.

Багам аралдары: Шошқа аралы


фото: paxnews.com

Бұл — Кариб теңізіндегі ақысыз түрде кіріп, Инстаграм жұлдыздарына айналған шошқалармен суретке түсуге рұқсат етілетін жалғыз жер. Ондағылардың айтуынша, өлкеге шошқаны теңізшілер әкеліпті. Кейін қайта соққанда азық ету үшін осында қалдырған көрінеді. Алайда, белгісіз бір себептермен аралға ешқандай теңізші қайта оралмаған. Ал, шошқалар болса тіршілігін жалғастырып, көбейіп, аралдың негізгі «тұрғындары» мен «назар аударарлық нысандарына» айналған.

Сингапур: «Шығанақтағы бақ»

фото: s1.1zoom.me

Сингапурдегі бұл баққа ешқандай ақы төлемей-ақ кіріп, көптеген кереметтерді тамашалауға болады. Айталық, аумағындағы 226 мыңнан астам өсімдіктерді, сарқырамалары бар су бақтары мен су айдындарын, жылыжайларды. Ал, мұндағы ең басты назарды өзіне аудартып тұртын — темір шыбықтардан құрастырылған 18 алып ағаш. Биіктіктері 25-50 метр аралығында болатын темір ағаштардың барлығына түрлі-түсті шамдар орнатылған. Күн сайын кешкісін саябақта сейіл құрушылар ғаламат жарық-дыбыс шоуын тамашалай алады.

Марокко, Марракеш: Джема-эль-Фна алаңы

фото: upload.wikimedia.org

Марракеш қаласындағы ең үлкен алаң бірнеше ғасыр бұрын қылмыскерлерді жазалау орны болған. Қазір қаланың ең көрікті, танымал орындарының біріне айналған. Оның бір себебі — кіру билетінің ақысыз етілуінде болар, бәлкім. Әр күн сайын кешкісін алаңға әнші, биші, музыканттар, цирк өнерпаздары, жылан арбаушылар, бербер ертегі-аңыздарын жатқа айтушылар жиналады. Бір сөзбен айтқанда, тұтас бір сан салалы концертті тегін тамашалап қайтуға болады.

Бразилия, Рио-де-Жанейро: Ипанема жағажайы

фото: www.coronatours.ru

Жағажайлық демалысты таңдаушылар саны жылдың қай мезгілінде болмасын еш азаймайды. Сол себепті де, жағажайларға кіру әдетте ақылы болады. Әсіресе, суы тұнық, құмы таза жағалауларда баға жоғары. Тек, Рио-де-Жанейроның оңтүстік бөлігіндегі Ипанемада олай емес. Қаладағы ең таза әрі қауіпсіз жағажай аумағына тегін кіріп, серфингпен айналысуға, маскамен жүзуге, жағажай воллейболын ойнауға немесе жай ғана көк теңіз суы мен Күн сәулесіне шомылып, ақ құм үстінде армансыз тынығуға болады.

Жапония, Токио: Ёёги саябағы

фото: upload.wikimedia.org

Жапония астанасындағы ең тыныш әрі әдемі бақтардың бірі — Ёёги. Онда табиғатпен оңаша қалып, етене тілдесумен қатар, әсерлі әуен тыңдап, баскетбол ойнап, велосипед теуіп, тіпті, жекпе-жек өнерін шыңдауға мүмкіндік бар. Жаз мезгілдерінде бұл қызықтарға түрлі фестивальдер, көрмелер, күн сайынғы кешкі қойылымдар сынды сауықтар қосылады.

Туристер үшін тегін қызмет ететін көрікті нысандар саны мұнымен бітпейді. Олар әлдеқайда көп. Әр жерде, әр елде бар. Тек, іздеп, таба білсеңіз болғаны. Осылайша өз демалысыңыздың жағымды әсерін одан әрі арттыра аласыз.

Дайындаған: А.Бектұрғанова

ERNUR.KZ