Шетелге шыққанда МЫНА ЗАТТАРДЫ үйге тастап кетіңіз

0
8 733

Саяхатқа дайындық барысында чемоданыңызға артық заттарды салудың қажеті жоқ. Олар Сізге артық салмақ болады. Ал, ол заттардың не екенін адамдардың бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан, бүгінгі мақалада үйге қалдырып кетуге және тиімді жерде сақтауға болатын заттардың тізімін ұсынамыз.


Шетелге шыққанда МЫНА ЗАТТАРДЫ үйге тастап кетіңіз

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Мол қаражат

Саяхатқа қажетті мол қаражатты қолма-қол алып жүру өзіңізге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, ақшаны бірнеше банк карталарында сақтаған дұрыс. Сонымен қатар, шетелдік сауда орындарынан алған заттардың ақшасын төлегенде де сол карталарды пайдаланған тиімді.


Макулатура

Саяхат барысына қажетті карталар мен басқа да макулатураны телефонға жүктеп алуға болады. Ал, жолда кітап оқимын десеңіз, электронды кітаптар бар.


Бірнеше гаджеттер

Егер, Сіздің кәсібіңіз фото немесе видео түсіруге байланысты болмаса, бірнеше объектив, штатив, микрофон және барлық гаджеттерді қуаттайтын құрылғыларды үйге тастап кетуге болады. Cуретке түсу, кітап оқу, музыка тыңдау немесе кино көруді телефонмен-ақ орындай бересіз. Ал, смартфонды қуаттауға жақсы бір «power bank» жеткілікті.


Ноутбук

Әрине, қазір бұл құрылғысыз жұмыс істеу мүмкін емес. Бірақ, демалысқа барған адам демалу керек емес пе?! Электронды почтаға келетін маңызды хабарламаларды қарауға және басқа да жедел істерді бақылауға смартфонды пайдалануға болады.


Қолшатыр

Саяхатқа баратын адамдардың көбісі жағажай демалысын жоспарлайды. Ал, ондай орында жаңбыр өте сирек жауады. Сондай-ақ, басқа жерлердегі ауа райын ғаламтордан көріп, жаңбыр жауатын болса, қолшатырды кез келген кәдесый дүкенінен сатып ала аласыз.


Косметикалық құралдар

Үйіңіздегі барлық косметикалық құралдарды сөмкеге салмай, нақты қолданатыныңызды ғана алыңыз. Себебі, күнделікті пайдаланатын химиядан теріні аздап демалдыру пайдалы болады және жолдорбаңыздың салмағы жеңілдейді.


Фен, үтік және т.б.

Шашты аталған құрылғылардың қызметінен демалдыру да өз пайдасын тигізеді. Ал, «оларсыз болмайды» десеңіз, шаш сәндегіштерді кез келген қонақүйден табуға болатынын ұмытпаңыз.

Биік өкшелі аяқ киім

Мұндай аяқ киіммен саяхаттау өте ыңғайсыз, әсіресе тауға, табиғат аясына, жағажайға немесе тарихи орындарға барғанда. Ал, ойламаған жерден мерекелік кешке шақырса, дүкеннен қарапайым түрін сатып ала саласыз.

«Джинсы» шалбар

Бұл да жүріп-тұруға ыңғайсыз киім болып есептеледі. Сондықтан, мейілінше еркін тұратын, созылмалы шалбарлар алған дұрыс.


Құнды әшекейлер

Есіңізде болсын, құлақтағы немесе қолдағы бағалы зергерлік бұйымдар, қымбат сағаттар ұрылардың көзіне бірден түседі. Ал, ұрылар оларды қолға түсіру үшін аянып қалмайды, тіпті денсаулығыңызға да қауіп төнуі мүмкін.


Сүлгі

Кез келген қонақүй өз қонақтарына бұл заттың түр-түрін ұсынады.


Жол дәрі қорабы (аптечка)

Шетелге немесе өзге қалаға барғанда өз денсаулығыңызға қамқорлық жасаған дұрыс, бірақ бір сөмке дәрі-дәрмектің қажеті шамалы. Ауырсынуды басатын, ыстықты түсіретін, аллергияға қарсы дәрілер болса жеткілікті, қалғанын жүрген жеріңіздегі дәріханалардан сатып алуға болады.


Жеңілдік карталары

Тіпті, Сіз саяхаттайтын жерде 99%-дық жеңілдік карталарын берген дүкендердің филиалы болса да, оларды үйге тастап кетіңіз. Себебі, жеңілдіктер берілген елдің аумағында ғана әрекет етеді.


Өз ұстанымыңыз...

Әлемге саяхаттар кезде, бойыңыздағы стереотиптерді, қатып қалған қағидалар мен түсініктерді де "үйге тастап кетіңіз". Өйткені, Әлем – керемет және таңқаларлық, таным көкжиегіңізді кеңейтіңіз!

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ



Тағы оқыңыз:


Шетелге саяхаттағанда ТАКСИСТ, ҰРЫ және ЖАН-ЖАНУАРЛАРДАН сақтану керек


Шығыс Қазақстанда шетелдегідей демалуға болады