Турагенттік арқылы саяхаттағыңыз келсе мыналарды білуіңіз керек

0
3 045

Туризм жөніндегі қарапайым 10 кеңес немесе ереже демалысты жақсы өткізуге көмектеседі.


Турагенттік арқылы саяхаттағыңыз келсе мыналарды білуіңіз керек

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


1. Тек сенімді агенттікпен ғана байланыс жасау керек


Туризм саласы сенімділікке тікелей байланысты және ол сіздің өміріңізге айтарлықтай әсер етеді. Егер, агенттік немесе Сіз байланыс жасаған менеджер бірінші сөйлескеннен сеніміңізден шықпаса, басқасын іздеңіз, өйткені демалыс жан қалауымен болғаны жақсы.


2. Менеджермен сіз үшін өте маңызды нәрселер туралы сөйлесіңіз


Кез келген демалыс әртүрлі жағдайда өтеді, ал жаныңызға не қажет екенін өзіңіз ғана білесіз. Кейбіреулерге қонақүй қабырғасы қызғылт түсті болғаны, екіншілеріне тек белгілі бір жерден шықпай демалған ұнайды. Сондай-ақ, Сізге теңіз жағасы, таудың етегі немесе қонақүйдің атауы, тіпті жатын орныңыз да әсер етуі мүмкін. Бұлар туралы менеджерден міндетті түрде сұраңыз. Әйтпесе, демалысыңыз ұнаймай қалуы әбден мүмкін.


3. «Бас тарту» жағдайындағы айыппұл төлеу ережелерін анықтаңыз



Бұл – өмір, кейде біз өз жоспарларымызды өзгертуге мәжбүр боламыз. Сондықтан, саяхатқа тапсырыс беру кезінде демалысқа баратыныңызға 100% сенімді болсаңыз да, «бас тарту» ережелерін анықтап алыңыз. Есіңізде болсын, берілген тапсырыстан «бас тарту» айыппұлсыз болуы мүмкін емес, тіпті демалушылар көбейетін жаңа жыл қарсаңында, мереке күндері және жазғы демалыс кезінде тапсырыстың күшін жою үшін көп айыппұл төлеуіңіз мүмкін.


4. Тапсырыс берудің барлық кезеңдері туралы егжей-тегжейлі сұраңыз


Кез келген саяхат қажеттіліктерін – жолдаманы, авиабилетті және т.б. сатып алудың өз ерекшеліктері бар. Турагенттік Сізге қаржыны бөліп төлеуге мүмкіндік беруі немесе керісінше бірден толық төлеуді талап етуі мүмкін. Сондай-ақ, демалыс маусымы қызған шақта жолдаманы бірден әуежайдан сатып алуға, қонақүйге тапсырыс беріп, ақшасын төлегеннен кейін бас тартуға болатын жағдайлар да орын алып жатады. Сонымен қатар, кейбір қажетті заттардың бағасы күніне бірнеше рет өзгеруі және алдын ала тапсырыс беру бірнеше секундтарға тәуелді болуы мүмкін.

Сол себепті, барлық мәліметтерді менеджерден нақты сұрау керек.


5. Барлық құжаттарды екі қайтара тексеріп алыңыз



Құжаттағы кішкентай бір мөр немесе қателік Сіздің асыға жеткен демалысыңызға үлкен кедергі болуы мүмкін. Ондай жағдайға тап болмау үшін құжаттарды мүмкіндігінше мұқият тексеріп алыңыз. Әсіресе виза аштыратын кезде туған күніңіздің, әр құжаттардағы аты-жөніңіздің жазылуына, суреттің анықтығына мән беріңіз және шетелге шығуға қандай да бір кедергілердің жоқтығына көз жеткізіңіз. Ол үшін қызметкерден барлық құжаттарды бірге қарауды сұрасаңыз жеткілікті.


6. Жеңілдік сұрамау керек


Туристік кәсіп саласындағы ең аз мөлшердегі жеңілдік – сізбен жұмыс істейтін менеджердің жейтін наны, яғни жалақысы болуы мүмкін. Сондықтан, сенімді турагенттіктерден жеңілдік сұрамаған дұрыс. Сонымен қатар, шектен тыс жеңілдік ұсынатын компаниялар сенімсіздік тудырады.


7. Бір турагенттік ұсынған бағамен кез келген турагенттіктен «демалыс» сатып алуға болатынын ұмытпаңыз


Менеджер Сізге: «Пәленше Түгенше, егер сізге бірінші кезекте жайлылық пен қауіпсіздік маңызды болса, жағажайға жиі шығатын болсаңыз, онда қонақүйдің бас ғимараты қолайлы. Ал ондай демалысты біз ғана сыйлай аламыз», - дейді. Есте сақтаңыз, бір турагенттік ұсынған демалыс міндетті түрде екінші турагенттікте және тура сондай бағамен болады. Сондықтан, «алдамшы» ұсыныстар мен жеңілдіктерді жарнамалап қойғанына қарамай, сеніміңізден шыққан турагенттікке барып, тапсырыс берген жөн.


8. Сапарға аттанардан бір тәулік бұрын жол жүру уақытын тексеріңіз


Бұл туралы Сізге сенімді турагенттіктің өзі де ескертеді. Сондай-ақ, естеріңізде болсын, жол жүру уақытын әрқашан бір тәулік бұрын әуежайдың, турагенттіктің немесе авиакомпанияның порталынан тексеріп алыңыз. Себебі, олар үшін ұшудың жоспарланған уақытын ауыстыру – үйреншікті іс.


9. Мүмкіндігінше, демалыс туралы алдын ала ойлану керек


Қазіргі кеңінен таралған «Ақшаң болса, бәрі болады» сөзге қарамастан, өз демалысыңызды алдын ала (2 ай бұрын) жоспарлауға кеңес береміз. Ол тек жақсылап ойлануға ғана емес ыңғайлы бағағамен жақсы демалысқа қол жеткізуге де мүмкіндік береді. Тағы бір маңыздылығы – ең танымал қонақ үйлер мен ең ыңғайлы авиарейстер тез сатылып алынады, ал Сіз ерте қимылдау арқылы ешкімде жоқ нәрсені таңдай аласыз. Сонымен қатар, құжаттарды асықпай жинауға және виза алуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.


10. Алғысыңызды, ұсыныстарыңызды қалдырыңыз



Егер демалыс, қонақ үй, авиакомпания немесе турагенттік қызметі ұнаса алғыс айту немесе ұсыныс білдіру артық емес. Оны арнайы агенттік сайттарында, әлеуметтік желілерде немесе достармен кездескен кезде жасаңыз.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


"Жүрегінің түгі бар" жандар ғана саяхаттайтын орындар

Қазақстандағы туристер ең көп баратын орындар қайсы?