ШЫМКЕНТ: республикалық акцияға 380 арнайы техника мен 49 мыңға жуық адам жұмылдырылған

0
287

Бүгінде аталған көшелердің санитарлық және механикалық тазалау жұмыстарын 5 мемлекеттік-жекеше әріптес атқаруда.


ШЫМКЕНТ: республикалық акцияға 380 арнайы техника мен 49 мыңға жуық адам жұмылдырылған

ERNUR.KZ. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласында 2023 жылға арналған қалалық жайлы ортаны дамыту саласындағы атқарылған жұмыстар мен жетістіктер және 2024 жылға арналған жоспарлар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілқайыр Бақытғалиұлы мегаполистегі жайлы ортаны қалыптастыру және дамыту бойынша баяндады.

Шымкент қаласы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты қала аумағында 891 шақырымды құрайтын 443 магистралды көшелер бар.

Спикердің айтуынша, бүгінде аталған көшелердің санитарлық және механикалық тазалау жұмыстарын 5 мемлекеттік-жекеше әріптес атқаруда.
Аталған мердігер мекемелермен 2023 жылы күзгі ағаш отырғызу маусымына орай 51 348 дана жай жапырақты, 9 586 дана қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылған. Отырғызылған ағаш көшеттерінің биіктігі жай жапырақты ағаш көшететрі 3,5-4 метр, қылқан жапырақты ағаш көшеттерінің биіктігі 2-2,5 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде 2022 жылы отырғызылған ағаш көшеттерінің биіктігі жай жапырақтылар 1-1,5 метр құраса, қылқан жапырақты ағаштар 0,6-0,7 метрді құраған.
Сондай-ақ басқарма басшысы Президенттің тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында, Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілгені турасында да айтып өтті.
Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысқан.
Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілгендігін тілге тиек етті.

Спикердің айуынша, акция нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыстар шығарылған. 355 шақырым ирригациялық жүйелер, 95 аялдамалар жуылып, 1200 дана қоқыс жәшіктері (урна), 285 дана орындықтар сырланған.