Әр ата-ана кез-келген жерде отырып білім бөлімінің арнайы порталынан мектептердің төлқұжатын, білім сапасын көріп, электронды өтініш арқылы мұғалім таңдауға құқылы.
фото: zakon.kz
ERNUR.KZ. Шымкент қаласы мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәлімдеме жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент қаласындағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, 1 сыныпқа оқушыларды қабылдау жүйесі жайлы Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Айкөзов Марат Рахматуллаұлы мәлімдеді.
«2018-2019 оқу жылында Шымкент қаласы мектептеріне 1 сыныпқа 21 мыңға жуық оқушы қабылданады деп күтіп отырмыз. 30 тамызға дейін мектепке қабылдау жұмыстарын жүргізетін боламызмыз. Осы уақытқа дейін 1 сыныпқа 17 мыңдай бала қабылданды», - дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Марат Айкөзов.
Сонымен қатар, бірінші сыныпқа қабылдау жүйесіне де бірқатар өзгеріс енгізілгені белгілі болды. Атап айтсақ, ендігі уақытта әр ата-ана кез-келген жерде отырып білім бөлімінің арнайы порталынан мектептердің төлқұжатын, білім сапасын көріп, электронды өтініш арқылы мұғалім таңдауға құқылы. Бірақ, бұл мүмкіндік мұғалімге берілген өтініш саны 25-тен аспаған жағдайда ғана мүмкін болады. Егер, мектеп мұғалімдері мүмкіндік бола тұра өтінішті қабылдамаса ол заң бұзушылық болып табылады.
Тағы бір өзгеріс жайлы: «Біз барлық мектептердің басшыларын жинап, жиналыс өткіздік. Сол жиналыс кезінде Қыркүйек айында 6 жасқа толатын балаларды 1 сыныпқа қабылдауға болатынын айттық. Сондай-ақ, мектепке қабылдау барысында мекен жайы туралы анықтама мүлдем керек еместігін жеткіздік», - дейді білім басқармасының бас маманы Марат Айкөзов.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі» қаулысына 2018 жылдың 10 мамырында толықтырулар енгізілген. Нәтижесінде білім беру ұйымдарына ағымдағы жылы 6 жасқа толатын балалардың бірінші сыныпқа қабылдануын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қамтамасыз ету жарлығы бекітілген.