Әкіммен кездесу үшін: Көпбалалы аналар әкімдікте түнеп шықты

0
1 245

Шымкенттік шенеуніктер түнді ұйқысыз өткізді.


Әкіммен кездесу үшін: Көпбалалы аналар әкімдікте түнеп шықты

ERNUR.KZ. Шымкент әкімдігінің ашық есік шарасы қала басшысының нағыз бас ауруына айналды. Күні бойы әкімнің қабылдауында боламыз деп үміттенген бір топ әйел Ерлан Айтахановтың алдына кіре алмай пұшайман болған. Күн ұзаққа текке отырғанына ызаланған 20 шақты әйел ғимараттан шығудан бас тартып, әкімдік ішінде қонып шыққан, деп жазады ktk.kz.

Ашық есік шарасын ұйымдастырған әкімдікке адам көп келіп, 30-дан аса адам кіріп үлгермепті. Басым көпшілігі – баспана мәселесімен келгендер. Пәтер жалдап тұратын олар жағдайы жоқ екенін айтып, мемлекеттен үй сұрамақшы болған.

"1 қаңтарға дейін тұрып жатқан пәтерімді босатуым керек. Менің қасымда үй бар, ЖКХ алып қойған, үкіметтің үйі де бос тұр. Соны сұрамақшы едім. Таңғы тоғызда келгенмін, үйде мүгедек балаларым қалды. Жаңа 10-ға жақын әкім қабылдаймыз деген, қабылдамай, шығып кетті. Сонда біз кімбіз?", - деп ашынды көп балалы ана Гүлнәз Маханова.

Мәселесін шешіп тастамаса да, тыңдауға басшы түгілі қосшы шықпаған соң, 20 шақты әйел кетпеуге бекінді. Әкімдік қызметкерлері мен полицейлердің ғимаратты босату туралы өтінішіне құлақ аспақ түгілі, ашуға булыққан олар кіреберістегі диван-креслоларды жатуға ыңғайлап, әкім қабылдағанша "орнымыздан қозғалмаймыз" деп шарт қойды. Тіпті әкімнің қарамай да кетіп қалғанына ызаланған кейбіреуі айғайға басты.

Шымкенттің бас ғимаратындағы жағдай шиеленіскен сайын полицейлер көбейіп, тіпті жарықты да сөндіріп тастады. Әрекетінен түк шықпаған соң, түнделетіп талап еткен Ерлан Айтахановтың орнына орынбасары келді. Әбден ашуланған әйелдерге басу айтып, тіпті үйіне барып қиын жағдайын да көретін болды. Ал, баспана мәселесін "келесі жылы шешеміз" деп уәдені үйіп-төкті.

"Биыл беретін үйлеріміз жоқ. Дегенмен 2020 жылға көпбалалы аналарға салынып жатқан үйлер өте көп. Ендігі жылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бүгін енді кезегіне қарап, кезегі келген көпбалалы аналарға үйін береміз", - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов.

Әйелдердің беталысынан ықты ма, бос уақыты пайда болды ма, әйтеуір Ерлан Айтаханов оларды тәулік өткен соң ғана қабылдады. Бірақ тілшілерді кіргізген жоқ. Әкім қабылдауында болған әйелдердің айтуынша, кезегі келгенше пәтерақыны көтеретін демеуші іздеп көрмек екен. Ал оған дейін көп балалы аналарға азық-түлік, көмір мен отынына қол ұшын беретін болыпты.