Бақытжан Беркінбай: "Өртте қалған балалардың айқайынан бойдағы қорқынышты жеңе білдім" (фото,видео)

0
3 137

2 балақайды өртеніп жатқан үйден алып шыққан 13 жасар жасөспірім, өрт сөндірушілердің жарты сағаттан кейін келгенін айтады.


Бақытжан Беркінбай:

Шымкент қаласы Құрсай шағын ауданында өртенген үйдегі 2013, 2015 жылы туған екі баланы 13 жасар Бақытжан Беркінбай бір-ақ қолымен құтқарған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Себебі, күреске қатысып жүрген Бақытжан бұған дейін оң қолын сындырып алған. Десе де, өз жағдайының қиындығы оның қажет шақта дұрыс шешім қабылдап, әрекет етуіне кедергі бол алмапты. Жасөспірім 16 ақпан күні болған төтенше жағдай жадында әлі ұзақ уақыт қалатынын айтады.

«Шамамен сағат үш жарымдар болатын. Үйде машинаның ішінде телефон шұқылап отырғанмын. Кенет көршінің үлкен қызы келіп, үйінен түтін шығып жатқанын айтты. Алғашында сенбедім. Себебі, ол менімен бұрын да көп ойнайтын. Кейін келіп қарасам, расында үйден қара түтін шығып, терезелері еріп жатыр екен. Үйге жақын келсем екі бала да шығар есікке жақын келген. Алайда, қорқып шыға алмай тұр. Екеуін алып шығып, үйге апардым. Анам мен жеңгем, су берді. Мен өртеніп жатқан үйді су шашып өшіремін бе деп едім, болмады. Өрт күшейіп кетіпті. Болмағаннан кейін 101-ге хабарластық. Жарты сағат өткеннен кейін олар да келді»,- дейді Бақытжан Беркінбай.


Бақытжан үйінде 4 баланың кенжесі. Бүгінде қаладағы №49 мектептің 8 сыныбында оқиды. Мұнда жасөспірім 2017 жылы өзге білім ошағынан ауысып келген екен. Ұстаздары да оның сабақ үлгерімі жақсы екенін айтып, тәртібіне тәнті болып отыр.

«Бізде балаларға төтенше жағдайлардың алдын-алу шаралары түсіндіріледі. Арнайы тәрбие сағаттары өткізіліп тұрады. Кешегі Астанадағы қайғылы жағдайдан кейін, балалармен төтенше жағдай орын алған кезде қандай іс-қимыл жасауы жайлы түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізіліп, психолог мамандар әр баламен жеке жұмыс істеді. Арнайы он күндік өткізіп, төтенше жағдай кезінде балалар даурықпау үшін не істеу қажеттігін баяндағанбыз. Соның арқасында Бақытжан өте дұрыс қадамдар жасаған»,- деп ойлаймыз дейді сынып жетекшісі Бақытгүл Ликерова.


Бақытжанның айтуынша, өрт көрші балаларының үйде оттықпен ойнағанынан тұтанғанға ұқсайды. Дегенмен ол жағын құзырлы мекемелер анықтап жатыр. Ал, Бақытжандай қайсар ұлдың бұл ерлігі сыныптастарына, достарына үлгі екенін айтады ұстаздары.