Биыл Шымкентте 32 мектептің құрылысы басталады

0
2 448

Білім саласындағы үлкен мәселе – материалдық-техникалық база.


Биыл Шымкентте 32 мектептің құрылысы басталады

Шымкент қаласында биыл 32 мектептің құрылысы басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.
Шымкент қаласының тұрғындары жұмылуға тиіс басты мақсат – Адами капиталды өсіру. Себебі, адами капиталдың маңызын пандемия тағы бір рет көрсетіп берді. Сонымен бірге сапалы білім мен денсаулық саласы, салауатты өмір салты, мәдени-рухани даму – осылардың бәрі міне адами капиталдың басты өлшемі.
«Шымкент тұрғындарының алдында тұрған бес ортақ мақсат: Адами капиталды өсіру, Инфрақұрылымды дамыту, Кәсіпкерлікті қолдау, Баспаналы болу, Шымкент – халыққа қолайлы қала», - деді қала әкімі.
Айта кету керек, Шымкент қаласының артықшылығы – қала халқының қарқынды өсуі. Осы артықшылықты үлкен мүмкіндікке айналдыру үшін білім саласын басты назарда болу керек.
Қазіргі кезде Шымкентте 14 үш ауысымды, 21 оқушы орны тапшы, 1 апатты мектеп бар. Ал, 13 тұрғын алабында мектеп мүлде жоқ. Оған қоса, халық саны өсіп келе жатыр. Мектеп оқушыларының саны былтыр бір жылда 20 889 балаға көбейді.
Білім саласының инфрақұрылымын шешу үшін былтыр 5 жылға жоспар жасалды. 2025 жылға дейін Шымкентте 85 мектеп ашылмақ, оның 33-і мемлекет есебінен, 12-сі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынса, ал 40 мектепті жеке инвесторлар салады. Биыл 32 мектептің құрылысы басталады. Нәтижесінде алдағы үш жылда Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі.
«Білім саласындағы тағы бір үлкен мәселе – қосымша біліммен қамту. Қала оқушыларының небәрі 16 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Ол үшін бұрынғы Фосфоршылар сарайын қайта жөндеп, Жастар сарайы етіп қайта ашамыз. Одан бөлек, жаңадан заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастауды көздеп отырмыз. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін қосымша біліммен қамтуды қазіргі 16 пайыздан 55 пайызға жеткізуді жоспарладық» - деді қала әкімі.
Білім саласындағы үлкен мәселе – материалдық-техникалық база. Оқу кабинеттерінің небәрі 32 пайызы жабдықталған. Биыл мектептерді жабдықтауға 6 млрд теңге жуық қаржы қарастырылды. Соның нәтижесінде мектептер 259 арнайы пәндік кабинетпен жарақтандырылады.
Айта кетерлігі, былтыр жыл басында Шымкенттің 27 оқушысына бір компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға бір компьютерден келеді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.
Сонымен бірге, биыл 28 мектептің ауласына спорт алаңдары салынады. Білім беру ұйымдарына 100 пайыз бейнебақылау және турникет қойылып, ол полициямен қосылатын болады.
Былтыр 2 колледж жабдықталса, биыл тағы 5 колледж жабдықталады. IT, құрылыс, сварка, радиобайланыс мамандықтары бойынша кәсіби бағдар беретін құзіреттілік орталықтары ашылады.