Гүл дүкеніндегі жағдай: Полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты тергеу басталды

0
2 337

"Тонау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


Гүл дүкеніндегі жағдай: Полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты тергеу басталды

Өзіндік қауіпсіздік департаменті бұрынғы учаскелік инспектор Мұхтар Бековтің Romantic гүл салоны мен Eldorado ресто-барының жұмысшыларына қатысты жасаған заңсыз әрекеттеріне байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында таралған мәліметтерді тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Бековке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігі "Тонау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Шымкент полиция департаменті қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігі "Салғырттық" бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өзіндік қауіпсіздік бөлімшесі тексереді. Ведомство екі қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан тергеудің объективтілігі мен жан-жақтылығын қамтамасыз етеді",- делінген ресми мәлімдемеде.

Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі Romantic гүл дүкенінде болған екі оқиға үлкен қоғамдық резонанс тудырғаны хабарланған болатын. Солардың бірі Шымкенттегі гүл дүкенінде жанжал шығарып, сатушыны ұрып, гүл шоғын алып кеткен экс-полицей туралы. Көп ұзамай оның Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені белгілі болды. Ол 19 мамырда отбасылық жағдайына байланысты өз өтініші бойынша ішкі істер органдарынан босатылған.

Артынша оның тағы бір оқиғаға қатысы бар болып шықты. Экс-полицей әйелімен қаладағы дәмханалардың біріне барып, қайтарда ақша төлеуден бас тартқан.